Коронавирус қаулап келеді

0
2307

     Еліміздің бірнеше аймағында коронавирус эпидемиясына байланысты карантиндік шаралар күшейтілді. Оған себеп, дертке шалдыққандардың санының күрт өсуі. Облыстар мен қалаларда бас санитарлық дәрігерлердің тиісті шешімдері жарияланды.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандықтар санының 15 мыңнан асуына байланысты өңірлердегі карантин режимі күшейтілген болатын. 15 маусымнан бастап басқа облыстар да карантинді күшейтіп, сақтық шаралары да қатаңдатылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 17 маусым күнгі статистика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 жағдай тіркелді. Қапшағай қаласында – 2, Қарасай ауданында – 2, Іле, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласында – 1-1-ден. Соның ішінде 1946, 1965, 1982, 1988, 1991 жылы туған әйел адамдар мен 1951, 1969 жылғы ер адамдар дене қызуы 38,5 С көтерілуіне, әлсіздік, тамақ пен буын ауруына байланысты шағымданып, медициналық көмекке жүгінген. Пациенттердің барлығы індетке тексеру тестілеуінен өтіп, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Олармен байланыста болғандар анықталып, карантинге алынған. Эпидемиологиялық тексерулер жалғасуда. Сөйтіп, Алматы облысында коронавирус жұқтырудың 534 жағдайы тіркелді, соның 377-сі жазылып шықты. Республиканың барлық өңірін қызыл жалындай шарпып келе жатқан бұл жұқпалы дертке біреулер сеніп, енді біреулері қолдан жасалған деп жайбарақат жүр. Кім өзіне ауру тілейді дейсің. «Құдай да сақтанғанды сақтаймын» деген ғой. Дәрігер мамандардың пікіріне құлақ түріп, базарлар мен сауда үйлерінде және қызметтің орындары мен кәсіпорын, шаруа алқаптаында, құрлыс саласында, тамақтану нысандары, ара қашықты сақтап, әрекет етпесе, аты жаман ауру атжалмандай арбап жұтатынын әр бір адам білуі тиіс» деп дабыл қағуда дәрігерлер. Күннен күнге ырық бермей, өршіген кеселге қатысты Алматы қаласында карантин режимі қайтадан күшейтілді.
Мұндай режимді, Батыс Қазақстан, Солтүстік, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының да бас дәрігерлері қаулы шығарған болатын.
Ал, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус табылып, ауруханаға түскен еді. Кейінірек премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың оқшауланғаны хабарланды. Оның алдында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, бұрынғы денсаулық вице-министрі Камалжан Надыровтан анықталды. Ал, Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өзін-өзі оқшаулаған. Себебі ол шамамен бір апта бұрын бұған дейін коронавирус анықталған Елжан Біртановты қабылдаған болатын. Күні кеше ғана жұқпалы дерт инфекциясы Елбасы Н. Назарбаевтан да табылды.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі коронавирусқа байланысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қатысты пікір білдіріп, 2020 жылдың 18 маусымында жаңа шаралар жарияланатынын айтты. Ал 17 маусым күнгі дерек бойынша коронавирус инфекциясынан көз жұмған тағы тоғыз адам тіркелді. Осылайша, елде COVID-19 инфекциясынан қайтыс болғандар саны 97-ге жетті.

Гүлназ БЕКСАУЫТҚЫЗЫ

 

 

 



ПІКІР ЖАЗУ