Кредит алып, кіріптар болған шаруашылық

0
2168

Мұрттарын балта шаппайтын ірі корпорациялар болмаса, шағын шаруалардың шаруасы шаш етектен. Шаруасын  дөңгелету үшін, несие алу олар үшін қиямет қайымға айналған.  Табандарынан тозып жүріп, дүние мүлкін кепілдікке қойып,  несие алғандар оны уақтылы төлесе де, кепілдікке қойған мүліктерін  қайтарып ала алмай жүр. Себеп, несие алу үшін, шағын шаруашылықтар топтасып біріккенде ғана ауылшаруашылығына тиесілі  несие ала алады. Ал,  оның жыры мен мұңы бітер емес. Сондай шаруашылықтың бірі –  Алматы облысы Сарқан ауданына  қарасты  Бірілік ауылындағы «Қасенов» шаруа қожалығы.

«Ескіні айтпай, жаңаның жаңғыруы екі талай» демекші,  нарықтық жүйеге көшіп, қабырғасы қақыраған кеңестік жүйедегі ірі шаруашылықтар қойдың құмалағындай шашырады. Күні бүгінге дейін ауылшаруашылық саласы бір арнаға тоғыспай, ірі корпорацияға толық айналмағандықтан,  жеке шаруалар мәселесі күрделі күйінде қалып тұр. «Өз қотырын өздері қасып», қанатын кеңге жайғысы келеді. Алайда, қаржы мәселесі жеке шаруалардың жүйкесін тоздырып жіберді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей,   бюрократтық жүйеден шаршаған шаруалар, қағазбастық пен көзбояшылықтан уақытында несие ала алмай, алған күнде, оның дау-дамайымен сот табалдырын тоздырып жүргендерін айтуда.

«Бірлік өндірістік кооперативі» тарағаннан кейін, өз күндерін өздері күйттеген ауылдықтар қатарында осы шаруашылықта қарапайым жұмысшы болып істеген Қасенов Бақытжан Әбілханұлы «Қасенов» шаруа қожалығын құрып, 16 адамның пайымен бөлініп шығады.  156 гектар жер алған, «оның 56 гектары суармалы жер, алғаны шабындық, жайылым» – дейді. Шаруашылық бөлініп шыққанда, өздеріне тиесілі  техникалардан    трактор, машина  алған.  Жеке шаруашылық болып құрылғалы бері, үздіксіз жұмыс жасап келетін  шаруашылықта бүгінде    5-6 жұмысшы бар.  Соя, қызылша, арпа, бидай және мал азығына жоңышқа егіп, мал шаруашылығымен қоса айналысатынын  шаруашылықта  қазіргі таңда 36 бас ірі қара бар екен. Бұған дейін ұсақ мөлшерде несие алған шаруашылық ірі көлемде несие алып көрмепті.  Тіпті несие алу үшін  серіктестік  болу керегінде білмеген.

 Шаруа қожалығының бас есепшісі  Секербала Қасенованың айтуынша  2013 жылы «Береке» шаруа қожалығының мүшесінен естіпті. Несие алып, шаруашылықтың іргесін кеңейткісі келіп, Амантай Қамбаевтың  айтуымен    бардық  дейді.  Адам өз  басынан өткермегеннен кейін білмейді ғой.  «Алтын дала» несие серіктестінің төрайымы Күнжұманова Бейбітгүл Кәрімқызы  «жауапкершілігі, жағдайы бар адам тауып бер» деп айтыпты. Сарқанда офисі бар екен, барсақ, 4-5 адам отыр. Бізге «500 мың теңге қорға құясыңдар, сосын бүкіл құжаттарды тапсырасыңдар, 2 айдан соң несиені аласыңдар» деді. Ойбай, аспаннан киіз жауатын болды, ұлтараққа жаритын болдық деп қуандық. Ол несиені алу үшінде механатын көрдік. Елу шақты шағын шаруалар бірігіп,  жолдасым Бақытжан Қасенов  құрылтайшы болып, «Алтын дала» несие серіктестігімен және «Агрокредит» акционерлік қоғамымен үш жақты келісімге отырдық.  Яғни, 2012 жылдың 7 маусымында қоғам мен ЖШС арасында №АТФ-17/16-9А шекті келісім жасалды. Ол бойынша қоғам ЖШС-ға 2020 жылдың 7 қазанына дейін 127 410 000 (жүз жиырма жеті миллион төрт жүз он мың) теңге көлемінде қарыз береді. Ол бойынша ЖШС-ға қатысушылар мерзімділік, қайырымдылық, ақылылық шартымен несие беру түрде тағайындалды.  Міне, несиенің жыры да, мұңы да осы арадан басталады. 2013 жылы желтоқсан айында Күнжұманова Бибігүлдің айтуымен жарғылық капиталдағы үлеске сай сұраған 500 мың теңгені қорларына пошта арқылы аудардық. Бүкіл құжаттарымызды өткіздік. Құжаттарымыздың барлығы дұрыс болды. Еш жерде ешқандай қарызымыз болмағандықтан, барлық құжат  кедергісіз өтті. Сосын бізден «кепілге қоятын мүліктерің бар ма?» деп сұрады. Сол 2013 жылы жаңадан салынған  Талдықорған қаласында  және  ауылдағы 1990 жылы салынған кірпіш  екі үй бар деп едік,  жағдайымыздың бар екенін түсінді де, күнде хабарласып несие алуға  үгіттеп тұрды. Содан кейін тәуекел деп  баспаналарымызды кепілге қойдық. Күнжұманова Бейбіткүлдің берген уәдесі бойынша екі айдан кейін 5000 000 (бес миллион)  теңге  несиені аласыңдар деген. Алайда,  ақпан, наурыз айы өтіп, сұраған  несиемізді ала алмадық.  Қолымызға кепілдік келісім-шартты берді. Содан кейін сәуірден бастап ол кісінің өзін таппай қалдық. Отырған офисіндегі адамдардың бәрі тарап кеткен, қай уақытта барсақ та есігі жабық.   «Жолыққанан жол сұрай-сұрай, меккеге де барасың» демекші, күн астынан Күнжұманованы таба алмай, сұрастырып жүріп Талдықорғанға «Агрокредиттің» офисіне келдік. Олар бізді маңайында да жуытпады. «Біздің сіздерде жұмысымыз жоқ,  несие беруші Күнжұманова, соны тауып алыңыздар» деді. Бірақ, ол  кісі не телефонын көтермеді. Қаланың қай бұрышында тұратынын білмей, мекен-жайын іздеп шарқ ұрдық.  Күнжұманованы іздеумен 1 жыл уақыт өтті. Осы бір  жылдың ішінде не несиемізді алмадық, не ақшамызды қайтармадық. Аудандық прокуратураға жүгініп едік, арызымызды 2 ай қарады да, «бұл жерде қылмыс құрамы   жоқ» деп арызымызды қайтып берді. Қалай қылмыстық құрам  жоқ болады, 500 мың ақшамыз бен 2 үйіміз кепілдікте тұр, алған несиеміз жоқ? деп ашынған  «Қасенов» шаруа қожалығының бас есепшісі  Коммунистік партияның Парламенттегі депутаты  Жамбыл Ахметбековке үшбу хат жолдайды. Қазан айында жолдаған  хаты қолына тиген депутат оны  Ауыл шаруашылық министрлігіне жолдап, олар «Агрокредитке» жібереді. Содан желтоқсан айының аяғында депутаттың көмегімен  жабылып қалған «Алтын дала» несие  линиясын  ашып, «Қасенов» шаруа қожалығына серіктес болған   2-3 шаруаның   сұраған  несиесін  аударып беріпті. Арада бір жыл өткенде   2014 жылы жиналыс болып, облыстан барған заңгер және «Агрокредиттің» бастығы болған Арман Сабыров, «Алтын дала» несие серіктестігіне берілген несиелер   себепсіз, құжатсыз жұмсалған.  «Сендер  несие ақшасын ақшаны қолға бермей  пошта арқылы аударуларың керек» деп түсіндіреді.  «Бақсам бақа екен» демекші, шаруашылықтардан ақшаны өзі қолымен алады екен. Мен бұл жайында бірнеше адамнан естідім дейді Қасенова  Секербала апай.  Ұлардай шулап жүріп, өзімізге тиесілі  5000 000 (бес миллион) теңгені 2014 жылы алдық. Алайда қолымызға несиені төлеу туралы келісім-шарт берілмеді.   Бізге ауызша осы айда 100 мың, келесі айда 50 мың аударыңдар дейді.  Сосын мен  Күнжұманова Бейбітгүлден  несие келісім-шартын  яғни графигін сұраған едім, келіңіздер деп шақырды. Бардық, барған соң мені шығарып жіберді де, жолдасым Қасенов Бақытжанға бір келісім-шартқа қол қойғызып, қосымша «барлық шарттарға келісемін» деп жаздырып алыпты. Негізі  мал үшін алынған несиені 18 айдан кейін бірінші жарнасын төлеуім керек. Өйткені мен сиыр алып отырмын ғой. Ал жолдасыма берген қағазында 8 айдан кейін төленуі керек деп тұр. Келісім шартты оқып, мынау не сұмдық деп ем.  «Мен оны қайтадан жасап берем» деді де сол бойы жоқ болды.  Жер мен көктің арасынан Күнжұманованы таппай  тағы да сарсаңға түсіп жүрсек, қарашаның 30-ы күні маған қағаз жіберіпті. «Қасенов» шаруа қожалығының  1998 жылы құрылған уақыттағы 20 адамды табыңыз деп. Мен ол адамдарды қайдан табамын. Олардың біразы ресейге көшіп кеткен, бақилық болғандары бар. Сөйтсем, бұл кісі салық комитетінің  жер басқару бөлімімен келіскен екен. Маған сол жер бөлімінен анықтама алып кел дейді. Ал оларға барсам қазір зейнетте  Юсупов деген кісі 20 адамнан қағаз алып кел дейді.  Осыны алып келмесеңіз  сізге анықтама бермейміз дейді. Екеуінің ым-жымы бір болған ғой. Несиені төлеуге 2 күн қалғанда әдейі жасап отырған қылығы. Өзім поштада қызмет жасаймын. Газеттерді реттеп тұрсам «Егемен Қазақстан» газетінде «Нұр Отан» партиясының сенім  телефон нөмірі тұр екен. Бір көмек болып қалар деп хабарласып едім, ол жердегілер олай жасауы мүмкін емес, Күнжұманова деген жақсы кісіі деп шаң жуытпады.  Ертесінде аудандық «Нұр Отан» партиясынан Мұрат деген азамат:  «Сен неге «Нұр Отанға» айтқансың деп маған хабарласты. Сағат екіде кел деді. Сөйтсем, салық бөлімі мен жер басқару бөлімін де шақырыпты.  Мәселе осы арада талқыланды.

Аудандық жер басқару бөліміне кірсем Игілік Юсупов те тұр екен. Азамат Сәрсенбаев ол кезде әкімнің орынбасары болатын.  Сол кісіге барлық мән-жайды түсіндіріп айттым. Күнжұманованы да шақыртқан. Ол несиенің (погошениесін) өсім пұлын  2014 жылға дейін созып қойдым деп ақталды. Яғни, төлейтін несиенің графигін  сол кезде ғана жасап «Нұр Отанның» отырысына алып келді. Сосын сол жасалған график бойынша несиені төлеп отырдық. Осы уақыт аралығында ешқандай тоқтаусыз, үздіксіз төлеп келдік. 2019 жылы соңғы төлемді төлеуіміз керек болатын. Қыркүйек айында мен «Серіктестік құрамнан шығамын. Қорға құйған 500 мың теңгемді несиенің сомасына кіргізіп беріңдер, қалғанын төлеймін» деп қағаз алып келдім. Бірақ, тағы да  Күнжұманова хабар ошарсыз кетті.  Сарқаннан облыс оралығына Күнжұманова іздеп сабылудан мен де шаршамадым. Бір жолы келгенде кеш батқанда әрең таптық, 1 250 000 төлеймін деп қол қойып бер деп жолдасымды үгіттеп қоймапты. Бірақ мен жолдасыма ешқандай қағазға менсіз қол қойма деп ескертіп қойғанмын. Сосын ол «мен әйеліме сенім хат бергенмін. Қағаз мәселелерін соған айтыңыз» деп 2-3 рет кері қайтарыпты. «Алтын дала» мен «Агрокредитке» «құрамнан шығам, 500 мың теңгемді несиемнің бір бөлігін төлеген есебіне кіргізіп беріңдер» деген қағазды 3 рет апарып бердім. Сосын 10 қазанда несиенің 276 мыңын төледім де, Бейбітгүлге электронный поштасына жазып жібердім. 6 қараша күні хат жіберіпті. 463 мың төлеуім керек екен. Ол қаражатты жолдасым пошта арқылы төледі.  Міне, күні бүгінге дейін «Алтын дала» несие серіктестігінің төрайымы Күнжұманованың соңында жүрмін. «Агрокредит» директорының орынбасары Тимур Маратұлы Наримановқа да бардым. Бұлар Көктем Грандтың 8 қабатында отырады. Олар болса «Біраз шыдаңыз, тексереміз, біраз уақыттан соң құжатыңызды шығарып береміз» деумен келді. Мен несие төлеген қағаздарымды көрсеттім. Сосын олардың бізге қоятын талабы жолдасыңыз Қасенов үшжақты келісім шартта, яғни, несие алушы шаруашылықтарға құрылтайшы болып қол қойған. Сізден басқа шаруашылқтар несиелерін толық жаппай сіздің мәселеңіз шешілуі қиын. Сондықтан, сотқа жүгініз деді.Тіпті қарызы бар бір екі шаруашылық қожайындарының аты-жөнін берді. Олармен де сөйлестім. Мәселен,   Энергия ауылындағы «Есқара» деген шаруа қожалығына хабарластым.  Ол шаруа қожалығының басшысы «Несиені сенен алдым ба? Сенің не шаруаң бар. Мен Бейбітгүлге ақшаны беріп жатырмын» деп өзімді сөкті. Бірақ, ол шаруа қожалығының қанша қарыз екенін білмеймін. Осының бәрін тексеріп, анықтауға прокуратураның құқығы бар ғой. Сотқа арыз жазғанда да несиені жауып, мүлікті кепілден шығару туралы жазғанмын. Сонда судья

Ә.Әбдірахманов «түгелімен жабылды деп жасай алмаймыз» деді. Қарашаның соңында сотқа құжаттар тапсырсам мен аударған ақша әлі түспеген. 10 мың теңге просрочкада тұр. Ал Нариманов болса сол 10 мың теңгені төлеңіз дейді. Мен уақытында төлеп отырған болсам, артық 10 мың теңгені не үшін төлеуім керек? дедім. Сол арада Күнжұманова  Бейбітгүл де мені   өйлетпей, «мен төлеймін» деп өз мойнына алды.   Мен  сотқа құжаттар жинай бастағанда Күнжұманова  Бейбітгүл менен бастап басқа кісілердің бәрінің мүлкін кепілден шығарып тастады. Маған қарызы жоқ деген анықтама берді. Сонымен өзі ештеңеге қатысы жоқ, таза болып шықты.  Бар гәп «Алтын дала несие серіктестігіне қойған кепілдігіміз үшжақты келісім шарт бойынша   «Агрокредитте» тұр ғой. Яғни, менен басқа несие алған шаруа қожалықтарының да мүлкі сол жерде кепілде тұр. Бұл арада несие алған  шаруа қожалықтарымен жұмысты үйлестіре алмаған, олардың несиелерін дер кезінде төлеуге мұрындық болмаған, «Алтын дала» несие серіктестігінің төрайымы Күнжұманова Бейбітгүлдің өзін сотқа беру керек, ол өзін таза етіп көрсетіп, жауапкершіліктен қашқақтап отыр. Мен экономикалық сотқа жүгіндім. Себебі біз «Қасенов» шаруа қожалығы алған 5000 000 (бес миллион) теңгені толықтай, әрі дер уағында төлеп бердік. Бір ғажабы, менің аударған ақшаларымның ешқайысысы түспепті. Соттың 3  отырысына да «Алтын дала» төрайымы Күнжұмнова мен «Агрокридит» акционерлік қоғамынан ешкім келмей қойды. Біз түгілі заңды терідей иелеп отырған құзырлы орган соттың өзіне құрметпен қарамай, біз келулерін талап еткенде әрең келді.  Соттың алты отырысы өтті. Бірінші сатыдығы сот шешімі біздің пайдамызға шешілді.  Алайда, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарсы тарап шағымданып, бірінші сатыдағы біздің пайдамызға шығарылған шешім бұзылды дейді.

«Қасенов» шаруа қожалығының шағымын арқалап, Алматы облысының мамандандырылған экономикалық сотына барып, бірінші сатыдағы соттың шешімінің не себепті бұзылғанын  сұрадық. Апелляциялық шағым бойынша сот үш жақты кепіл шарты, кепіл мүлкі тек талапкердің қарызы ғана емес, сонымен қатар серіктестіктің қарызын қайтаруды қамтамасыз ету үшін кепілдікке берілгенін анықтады. Серіктестік қоғам алдындағы қарыз бойынша 27 740 407 теңге сомасында берешегі бар. Ал, оған «Қасенов» шаруа қожалығы құрылтайшы болған, сол себепті бірінші сатыдағы соттың шешімі   ішінара қанаттандырылып, мүлікті кепілден босату туралы шешімі бұзылды дейді. Осы арада экономикалық сотқа жүгінген «Қасенов» шаруа қожалығының бас есепші Қасенова Секербала апайдың да өз айтары бар. Бастапқыда  несие алу үшін 50 шақты шаруа қожалығының «Алтын дала және»Агрокредит» акционерлік қоғамымен үш жақты келісімге отырғанын, алайда олдардың көбінің қойған кепілдіктерін алып, серіктестіктен шығып кеткендерін, бүгінде бар жоғы 11-дей шаруа қожалағы қалғанын айтуда. Егер қарыз толық төленбеген болса неге өзге шаруашылықтар қарыз толық төленбегенше серіктестік құрамынан шығып кетті, оларды кім шығарды дейді.  Осы сауалдың анық қанығын білу үшін «Агрокредит» акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Нариманов Тимур Маратұлына қоңырау шалдық. Тимурдың айтуынша,  үшжақты келісім-шартта қарыз толық төленбейінше, босатылмасын деген   тармақ  жоқ. Шаруаларын тиянақты әрі қарыздарын дер кезінде төлеген ешқандай мәселері жоқ, шаруашылықтардың «Алтын дала» несие серіктестігінің линия ашық кезде серіктестіктен шыққандары рас. Ал, «Қасенов» шаруа қожалығы мәселесі «Алтын дала» несие серіктесгінің линия жабық кезге тап болып тұр. Себеп, «Алтын дала» мен «Агрокредитке»  27 740 407 теңге қарыз. Бұл шаруа қожалығының мәселесімен қазір айналысып жатырмыз, Нұр-сұлтан қаласындағы басты офисімізге хат жолдағамыз, олар қандай шешім қабылдайтыны бізге беймәлім деді. Неге, «Алтындала» несие серіктестігінің линиясы кезінде қарыздар туралы жұмыстар атқарылмаған? – деген сауалымызға орай: бұл  «Алтындала» несие серіктестігінің ішкі жұмысы. Біздің оған араласуға құқымыз жоқ –деген жауап алдық. «Қасенов» шаруа қожалығының серіктестіктен? – деген сұрағымызға: « Қасенов» шаруа қожалығындағы үлескерлердің жер пайызы бар, олар ресейге  көшіп кеткен» – дейді. Сол үлескерлерді тауып, жиын өткізіп, қол жинау керек. Болмаса, олардың пайын тендрге шығарып сатып алуы тиіс, олай болмаған жағдайда жер үлескерлерінің пайын мемлекетке қайтаруы керек. Осы мәселелер шешілсе,  «Агрокредитке» жол ашылады –деді. 5000 000 (бес миллион) теңге  несие аламын деп әуре сарсаңға түскен «Қасенов» шаруа  қожалығының кепілге қойған мүлкін, не қосымша несие ала алмай әрі-сәрі күйге түскенін айтып, Қазақстан фермерлер одағы РҚБ Алматы облстық филиалының төрағасы Ақшабай Дүйсенбекұлы Керімбековке қоңырау шалдық.

«Жылған өкіргенге жолығыпты» дегендей, Ақшабай Керімбеков те  «Агрокредит» құрылым жүйесі дұрыс емес. Біз жоғарыға осы мәселені төтесінен қойып, «Ауыл» партиясымен бірлесіп,  шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Неге шаруалар несие алу үшін 20-30 немесе 50 шаруашылық бірлесіп, серіктестік құрып, несие алу керек. Міселен, «Агрокредиттің» орнына «Агропром банк» құрылса, шараулар кепілсіз несие  алса, болмаса шаруашылық жерін кепілге қойсын. Әрі келісім-шарт жасалғанда қарызын төлемесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы келісім-шартқа тармақ енгізсе болды. Әр шаруашылық өз мүлкін кепілге қойып, сұрған несиесін банктен барып тікелей  алса болады. Қазір осы мәселе  төңірегінде Президенке,  Үкіметке хаттар жолдағанбыз, ол қаралуда. Ал, «Агрокредитпен» үшжақты келісім жасаған шаруашылықтар, несиесін төлегендер, несиесін төлемей жүрген шаруашылықтар үшін опық жеп жүр. Шаруалар үшін несие алу деген үлкен машақат. Ірі корпорациялардың кепілге қоятын мүлкі бар, олар әрі тез несие алады. Ал, шағын шаруашылықтар несін қояды, басындағы баспанасынан басқа. Өнімді көп өндіретін де осы ұсақ шаруалар,  олар 80 пайызға дейін, ал ірі корпорациялар 20-25 пайыз ғана өндіреді екен. Сонда кім ұтты, кім ұтылды деп ағынан жарылды.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да шағын кәсіпкерлер мен шаруалардың жағдайларын жасауды, оларға қолдан келген бар мүмкіндікті жасауды жағы талмай айтып, Үкіметке ұдайы тапсырма беріп келеді. Алайда, іс жүзінде жеке шаруалардың, несие алудағы көрген қияметтерін көріп, жағаңды ұстап, басыңды шайқайсың. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жер байлығының кен орындарының түбі бір сарқылатын айтып, ауылшаруашылығына  аса мән беру керектігін сан мәрте айтқан-ды.

Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Комитет төрағасы, «Ауыл» партиясының басшысы Бектаев Али Әбдікерімұлы Сенат отырысында ҚР премьер Министірі  А. Маминге жолдаған депутаттық сауалында ауыл шаруашылығындағы орын алып отырған бірнеше кемшілікке арнайы тоқталып, оларды жедел шешу қажеттігін талап етіп, ауыл шаруашылығына бөлініп отырған субсидия туралы өзекті мәселе көтерген-ді. Басты мәселе, бөлінген қаражат тағыда екінші деңгейдегі банктер арқылы берілетін болғандықтан, қаражат негізінен тек белгілі компаниялардың үлесінде кететінін, кіші, орта шаруашылықтарға бұйырмайтынын алға тартып, бұл мәселені қайта қарау керектігін  кесіп айтқан-ды. Алайда баяғы жартас, сол жартас күйінде қалып тұр. Жергілікті жердегі несие беретін серіктестіктердің бірі-бірімен шырмауықтай шырмалуы шағын кәсіпкерлердің қол-аяғын байлауда.

Өнімнің 80 пайызын өндіріп отырған шаруашылықтардың ахуалы әлі ауыр. Несие алу үшін басындағы баспаналарын кепілдікке қойып, серіктестік құрып, бірі қарызын төлеп, бірі төлей алмай, бірі мен бірі алакөз болып жүр. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өліпті» демекші, «Агрокредит пен Алтын дала» несие серіктестігінің ортасында шыбын жаны шырылдаған «Қасенов» шаруа қожалығының қал-жайын сонда кім түсінеді?..

А.МҰХАМАДИ.

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ