Күре жолдардың сапасы талапқа сай ма?

0
2455

 Өңірлерді байланыстыратын күре жолдың да, ауылға  қатынайтын қара жолдың да жанға жайлы болғаны жақсы. «Жол азабын жүрген біледі» дегендей, автокөлік жолдарының мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. «Jetisy Media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында жолдың жайы сөз болды.

Жолға  қатысты ел көкейінде жүрген  сауалдың жауабы  осы жиында тарқатылды.  Жиында  сөз алған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК (республикалық мемлекеттік кәсіпорын) Алматы облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов жол құрылыс материалдарының арнайы сынамадан өтпегендігі,  талапқа сай болмағандығы туралы  мәлімдеді.

Айта кетсек,  жол  трассасының кем-кетігін бақылайтын мекеме «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып табылады.  Аталмыш мекеменің Алматы облыстық филиалындағы мамандар еліміздегі карантинге, тіпті демалыс күндеріне қарамастан тексеру жұмыстарын  жүргізуде. Олар жол құрылысы қызу жүріп жатқан аймақтарға барып, жылжымалы жол зертханасында орнатылған диагностика жасайтын бағдарлама арқылы және заманауи құралдармен арнайы тексеру жүргізіп, істі бақылауында ұстауда.

Баспасөз – мәслихатында белгілі болғанындай, ағымдағы жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейінгі аралықта  бір мыңнан аса жолға тексеріс жүргізілді. Соның ішінде 570 жол құрылыс материалдарының сынамалары нормативтік құжаттардың талаптарына сай болмай, 1292 технологиялық ақаулар табылып, оның 706 бүгінгі күнге дейін жойылмаған.

Облыс бойынша жолға қойылған «Адалдық Алаңы»  жобасы аясында 11 мәрте  жол жұмыстарының сапасын  тексеру жүргізіліп, 31 сынама алынған. Нәтижесінде   22-і талапқа сай болмай шыққан. Сонымен қатар тексеру барысында 28 ақау  анықталып,  табылған  сәйкессіздіктер бойынша 5 хат жолданған. 403 шақырым жолға  жылжымалы зертхананың көмегімен сараптама жүргізіліпті. Соның нәтижесінде  біраз олқылық пен  кемшіліктер дер кезінде анықталып, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге хат жолданып,  талапқа сай келмеген аймақ қайта қалпына келтірілуде екен.

Ал, жалпы облыс бойынша – 3065,5 шақырым жолға тексеріс жүргізілген.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ