Көктемнің әр күні – жылға азық

0
792

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы елдің экономикасының дамуына ерекше әсер ететін сала. Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі егіс дала жұмыстары  Алматы  облысында да  қызу жүріп жатыр.

Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде 167,3 мың  гектарға  ылғалды  жабу,  84,1 мың гектарға себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 73 мың гектар жер жыртылды. Барлығы 15,6 мың гектар масақты дәнді дақыл және 1,5 мың гектар майлы дақыл егілді.

Сондай-ақ,  қант  қызылшасының  тұқымымен  қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта 5,7 мың гектар көлемінде 256 шаруашылықтан өтінім  қабылданып, «Жетісу» ӘКК 1256 себу бірлігін Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарына өткізген. Тәтті түбірдің басқа да шетелдік тұқымдарын Көксу қант зауытына жеткізу мен тарату жұмыстары да  аптаның ішінде аяқталады.

Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына минералды тыңайтқыштардың қажеттілігі 23 мың тонна болса, соның 13,7 мың тоннасын немесе 59,6 пайызын  998 шаруашылық субъектісі алып үлгерген. Жанар-жағар майдан да қиындық жоқ.

Алматы облысының шаруашылықтарына көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде және сапалы жүргізуге мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар да көрсетіліп келеді.   Мәселен, Аграрлық несие корпорациясының екі бағдарламасы аясында 60 шаруашылық 1 млрд. 160 млн. теңге қаражат алса, тағы 717 млн. теңгенің 25 өтінімдері қарастырылған.

Жалпы өңірде көктемгі егіс жұмыстары мамыр айына дейін жалғасады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Сурет ғаламтордан алынды.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ