Көлеңкелі экономикамен күрес

0
2656

Мемлекет басшысының Жолдауында мән берілген бағыттың бірі – көлеңкелі экономика. Қасым-Жомарт Тоқаев оның қауіп-қатеріне, сондай-ақ, оның салдары сыбайлас жемқорлыққа әкеп отырғанына баса назар аударып, мемлекеттік бақылауы мен есебінен жасырын жүргізілетін бұл экономикалық қызметтің тамырына балта шабуды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай Алматы облысы көлемінде жүргізілген күрес жұмыстары жайлы «Jetisy Media» ақпарат алаңында өткен брифингте сөз болды.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ләззат Айтахунова өңірдегі көлеңкелі экономикамен күрес бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, департамент заңсыз қызметтің алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған бірлескен рейдтік іс-шараларды өткізу үшін құқық қорғау органдарымен және басқа да уәкілетті органдармен бірлескен іс-қимыл жоспарын жыл сайын бекітеді.
– Ағымдағы жылдың өткен 10 айында мемлекеттік кірістер органдары 80 тексеру жүргізді, олардың нәтижелері бойынша облыстың барлық аумағында алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымы анықталды. Онда заңсыз айналымнан 29 089 литр өнім, оның ішінде 15 172 литр құрамында спирті бар сұйықтық және 13 920 алкоголь өнімі тәркіленді. Осы фактілер бойынша тексеру материалдары сот органдарына қарауға берілді. Нәтижесінде барлық салық төлеушілер бойынша 1 млн. 235 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, алкоголь өнімі мен құрамында спирті бар сұйықтықты тәркілеу туралы сот қаулылары шығарылды, – дейді Л. Сағынбекқызы.
Департамент тек заңсыз спирттік ішімдіктер саудасымен ғана емес, «сұр такси жүргізушілері» мәселелері бойынша да тексеріс жұмыстарын жүргізіп, күресті күшейткен. Сала мамандарының мәліметінше, Алматы облысының аумағында бүгінгі күні жеке тасымал қызметін жүзеге асыратын 5540 жеке кәсіпкер тіркелсе, Талдықорған қаласы бойынша 90 жеке кәсіпкер есепке алынған. Ал салықтық тексерулер кезінде жеке тасымалдаумен айналысатын 22 жеке тұлға тіркелгені мәлім болыпты.
– Алматы облысының аумағында биылғы жылдың 1 қарашасындағы санақ бойынша жеке кәсіпкерлік ретінде барлығы 121675 салық төлеуші есепте тұр. Оның ішінде қазірде жұмыс істеп тұрған 104082 салық төлеуші болса, олардан бойынша бюджетке ағымдағы жылдың басынан бастап 4,4 млрд. теңге жеке табыс салығы түсті. Талдықорған қаласы жеке кәсіпкерлерден 11 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 8473 салық төлеуші,– деген МКД басшысының орынбасары жеке кәсіпкерлер жергілікті бюджеттің салық түсімдерінде маңызды рөл атқарады деп санайтындығын жеткізді.
Сонымен қатар, Талдықорған қаласында фискалдық чектің берілмегенін растайтын 700-ге жуық заң бұзушылық тіркелген. Мамыр айынан бастап жыл соңына дейін касса машиналарының фискалдық чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Қоғамдық бақылау-Чекті талап ет» пилоттық жобасы жүргізілуде. Яғни, чек бермеген кез келген жағдайды «Wipon» мобильді қосымшасын ұялы телефонға жүктеу арқылы хабарлауға болады.
– Бүгінгі күні осы «Wipon» қосымшасы бойынша салық органдарына 1145 өтініш келіп түсті, оның ішінде 683 заң бұзушылық расталды және бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еске сала кетсе, фискалдық чектің берілмегені расталған жағдайда ҚР ӘҚБтК сәйкес әкімшілік хаттама жасалады, – дейді Ләззат Айтахунова.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ