Көпке үлгі мойнақтық Миллионер аға

0
1065

Бүгінде мал және егін шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз мұндай қолдауға қол созбаған жан. Атакәсіпті өркендетіп, шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер ел экономикасына үлес қосып қана қоймай, халықтың да ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Атына заты сай Миллионер ағамыз өткен жылғы пандемиялық жағдайда көптеген адамға тегін қымыз, шұбат таратып, жомарттық танытқанын ел аузынан естідік. Биыл да ол көрші аудандардағы емханаларға апта, ай сайын тегін қымыз, шұбат жеткізіп, ем алып жатқандарға көмектесуді қолға алыпты. Адал еңбегімен отбасын асырап қана қоймай, өзгелерге де қолұшын созып жүрген кәсіпкер ағаның ісі көпке үлгі боларлық.
1991 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан атажұртқа қоныс аударған Миллонер Қажекенұлы 2000 жылдан бері Талдықаламыздың іргесінде орын тепкен Мойнақ ауылында тұрып жатыр.
«Осы ауылға көшіп келгеннен кейін тіршілік қамына бірден кірісіп кеттік. Мал шаруашылығы қазақтың атакәсібі емес пе? Осы кәсіптен нәсіп тапсақ деген ойға келдім. Бала күннен жүйрік мініп, ірі және ұсақ малдың сырына қанығып өскендіктен бұл кәсіп бізге қиын болған жоқ. Алдымен жиған-терген қаржымызға екі бие сатып алып, қымыз ашытып, тұтынушыларға саттық. Тұрмыстан артылған қаражатымызды жинап, жылқының басын көбейтіп отырдық. Мал басы көбейген сайын дайындаған қымызға деген сұраныс та артты», – деп ағынан жарылды ағамыз. Өз сөзінде ол шаруасын шалқытып, кірісін ары қарай молайтуға бір кездері облыс әкімі болған Серік Үмбетовтың тұсында ашылған қымызханалдардың үлесі зор болғанын да айтты. Яғни, бұл бастама атакәсіпті өркен-детемін дегендердің бағын ашқан.
«2007 жылы Талдықорған қаласында тіз қатар киіз үйлер тігіліп, қымызханалар ашылды. Күн сайын қаладағы қымызханалардың сұранысын қамтамасыз ету оңай болған жоқ. Оның үстіне қала маңында түйе ұстағандар болмағандықтан шұбатқа деген сұраныс көп болды. Сонымен екі түйе сатып алып, шұбат өндіре бастадық. Біз қымыз бен шұбатты көбінше Талдықорған орталық стадионының алдынан ашылған Текелі қаласының қымызханасына сатып, тұтынушыларға жеткіздік», – дейді кейіпкеріміздің зайыбы Майра тәтей.
Бүгінде сол жылдарда сатып алған 3 бие көбейіп, 70 бастан асса, екі түйе 30 басқа жеткен. Қырық шақты ірі қарасы мен ет өнімдерін өндіруге арналған ұсақ малдың саны да көбейіпті. Қымыз бен шұбаттың литрін 700 теңгеден, құрт, ірімшік, сары майды базардағы бағадан 30-40 пайыз арзан бағада сатуда. Егер тапсырыс беремін десеңіздер: 87078283603 нөмірі бойынша хабарлассаңыздар, тегін жеткізіп береді.
Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген отбасы мүшелері бұл күнге, осы деңгейге өз еңбектерімен жеткендігін айтады. Екі ұлы әкелерімен бірге шаруашылықтың тізгінін ұстап келеді.
«Жиған-терген қаржымызбен Қаратал өзенінің бойынан мал бағуға ыңғайлы 50 гектар жерді жекеменшікке сатып алдық. Сол маңға үй, айналдыра қора салып, айналасын абаттандырып, тіршілік тынысына айналдырдық. Қосымша жалға алған 500 гектарға жуық жайылымдық жеріміз бар. Қысқасы, жылқылар мен түйелер, ірі және ұсақ малдар жайылыстан тарықпайды. Бірақ шабындық жер болмағандықтан мал азығын басқа қожалықтардан сатып алуға мәжбүрміз. Осы уақытқа дейін ешкімге алақан жайып, сұранып көрген жоқпын. Табыстың көбі мал азығына кетеді. Егер өзімізге тиесілі шабындық, мал азығын өсіретін шаруашылық жеріміз болғанда мал басын мұнан да көбейтер едік» – дейді кәсіпкер ағамыз.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ