Мейірімге толы әлем

0
1582

Газетіміздің өткен санында әсем Талдықалада   балалардың бос уақытын қызықты әрі тиімді пайдаланумен қатар олардың  бойындағы өнерін дамытуда    «Мейірім» балалар шығармашылық орталығының   ашылғандығы туралы жазған едік.  Ендігі тұста газетіміздің арнайы бір бұрышынан  «Өнерге қанат қаққандар» атты жаңа айдар ашып,  осы орталыққа барып жүргендердің  ата-анасы мен балалардың  пікірін беріп отыруды   жөн көрдік.

Ананың ақ тілегі

Шұғыла ДӘУЛЕТХАНҚЫЗЫ:  «Еңліктің  кішкентайынан  өнерге жақын бала екенін байқадым.  Би билеуді өте жақсы көретіндіктен төрт  жасынан биге бердік. «Алтынай»  би ансамблінде Ақгүл апайының жетекшілігімен  өнер көрсетіп, халық билерін нақышына келтіріп билейтін. Келе келе  бойынан сурет салуға деген өнері байқалды.   Бұл  өнері  де шыңдалсын деген ниетте  сурет өнер мектебіндегі үйірмеге бердік. Қанат ағайдың үйреткені көп болды, сурет салудың композиция бөліміне қызықты.  Сонымен қатар спорт бағытында да өзін дамытуда. Садақ атуға қатты қызығады.  Әр барған сайын үйренгенін сондай ынтамен айтып келеді. Жауапты, тиянақты. Жазғы демалыста уақытын жоспарлап жүреді. Қазір қаламызда  баланың өнерін  дамытуда  шығармашылық ұйымдары  көптеп ашылуда. Ата-аналарға баланы  дамытудың жолдары да, түрлері де көп, тек  бос уақытын тиімді пайдалану мен қызығушылығын дұрыс таңдау ғана қажет. Біз үшін биылғы  ең қуанышты жайт  «Мейрім»  балалар шығармашылық орталығының ашылуы болды. Орталықтың ерекшелігі  онлайн тіркелу, тегін үйірме, мықты мамандар тартылған және тұрғылықты жерге жақын, қауіпсіз аймақта орналасқан. Осындай  орталықтар қатары  көп болса екен деймін. Мұнда   еңбек етіп жатқан Клара, Нұргүл, Дәулеткерей сынды ұстаздармызға талантты талапты шәкірттер, шығармашылық табыс тілеймін.  Еңбектері  жанып, табыстары  еселене бергей».

 

«Жаңа достармен таныстым»

Еңлік АЛТАЙ, оқушы:  «Жасым он екіде. Талдықорған қаласы №28 IT мектеп лицейінің оқушысымын. Отбасымызда екі бала, ағам – Әлисұлтан және мен. Кішкентайымыздан жазғы демалысты қызықты өткізу үшін жоспарлап аламыз, әрине ата-анамыздың ықпалы, көмегімен. Өзіміз жақсы көретін іспен айналысу ең жақсы қасиет деп санаймын. Сондықтан жазғы демалыс ең қолайлы кез. Әр түрлі өнер түрлерін алаңдамай үйрену керек деп санаймын.Сүйікті ісім – сурет салу, би билеу. Биылғы  жазғы демалысымды жоспарлай отырып,  әжемнің әңгімесін есіме алдым. Әжем әр кез кеңес беріп отырады, сондай бір кеңесінде қыз бала тәрбиесі, қызды қылықты ететін 7 іс бар, соның бірі – тігін деген болатын. Осы орайда  жазғы демалыста тігін тігуді, матамен жұмыс жасауды үйренсем деп ойлап жүрдім. Бұл ойымды  анама да тілге тиек етіп айтып қойдым.  Ол  маған қуанышты хабар барын айтты. Жуық арада «Мейірім» балалар шығармашылық орталығының ашылатынын, онда  әр түрлі өнер үйірмелер болатынын   және  тегін екенін жеткізді. Мен «сұрағанға табылған»  – деп өте қатты  қуандым, көп ұзамай ұстаздарыммен де таныстым.  Батик үйірмесінде матаға сурет салу тәсілдерін үйренудемін. Кестелеу үйірмесінде тігіс түрлері, заттарға жиектемелер тігу және де басқа әрлеу түрлерімен танысудамыз. Үйірмеге қатысып жүріп жаңа достармен танысып,  жазғы демалысымды қызықты өткізудемін.  Алдағы мақсатым – сабағымды жақсы оқып, видео түсірілім және монтаж үйірмесіне қатысып, видеограф саласының қыр сырын үйрену».

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ