Мейірім азайды

0
1743

Әлеуметтік желінің дамып, жердің түкпірінде не болып жатқанынан оп-оңай хабар алып отырған заманда өмір сүреміз. Бұрын бір жақынымызбен кездесуді күн санап күтсек қазір  олай емес. Жердің қай түкпірінде өмір сүрсе де видеоқоңырау арқылы жаныңда отырғандай сөйлесесің. Бұл технологияның дамығанын ғана емес адамдардің бір-біріне мейірімінің өшіп бара жатқанын білдіретін сияқты. Иә, озық технолия, дамыған елдер дейміз. Бірақ, адами құндылығымыз, бір-бірімізді сағынысып көрісуіміз жоғалып бара жатқандай. Әлеуметтік желінің адам өміріне әкелген  тағы бір қасіреті жаман жаңалықтың жаршысы болғаны. «Нені көп айтсаң, сол болады» деген сөз рас айтылған ба деп қаласың. Олай дейтініміз бір-бірін пышақтаған оқушылар, кішкентай қызды зорлаған азғындар, адам өлтіргендер, әйелін өртегендер айта берсек таусылмайды. Адамдардың адамға деген мейірімі сөніп бара жатқандай. Асыл дінімізде Миқдад ибн Мағдикариб жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Діндес бауырын жақсы көретін адам сүйіспеншілігін оған міндетті түрде білдірсін», – деп айтты» делінген. Қазір біз  бауырымызға оны жақсы көретінімізді, сағынатынымызды  айтып жүрміз бе? Алла Тағала адамзат баласын зор махаббатпен жаратқандығы себепті, құлдарының да бір-бірін жақсы көргенін, мейірімді болғанын қалайды. Жалпы мейірімділік болған жерде қашанда сыйластық орын алары сөзсіз. Ата-ана, бауыр, дос, туған-туыс және айналадағы адамдармен ерекше қарым-қатынас жасау – барлық адамның адами тұрғыдан өсіп-толысуына, кемелденуіне себепші. Керісінше, дөрекі сөз, ғайбат, өсек рухымызды кірлетіп жібереді.

Жақын жандардың бір-бірін болмайтын нәрсеге бола ренжітіп, көңілдері қалып жатқаны, дүниелік заттарға, байлыққа аса мән беріп кеткені бәрі де мейірімнің азайып бара жатқандығынан сияқты. «Әлемді мейірімділік» құтқарады деген сөз де бекер емес. «Кім бір мұсылманның айыбын жасырса, Аллаһ Тағала да ол адамның Қиямет күні айыбын жасырады» деген де хадис бар. Ал, біз  не істеп жүрміз? Көршіміз қиындыққа тап болса, іштей қуанып, жетістікке жеткендей боламыз. Досымыздың ісі алға баспай жатса, өзімізді жоғары санап, марқайып қаламыз. Жанымыздағы жандар басынан қиыншылық өткеріп жатса бір-бірімізге өсектеп, айналамызға жар саламыз. Бұл да адамдардың мейірімінің азайғанын білдірмей ме? Алда өміріміз қалай боларын ешкім де білмейді. Біреудің қателігін айтып, қиыншылығына қуанған адам біреуге мейірім бере де алмайтын болар.

Қазіргі қиын сәтте адамдарға тым болмаса мейірім мен жылылық сыйлай алсақ – адамгершіліктің белгісі. Өйткені мына ауру алыпты да алып жатыр. Бай мен беделдіні таңдап жатқан жоқ. Осы қысқа ғұмырда мейірімді болып өмір сүру соншалық қиын болғаны ма? Мейірімді болу сонша қиын ба? Жақсы сөз жан семіртеді. Онда неге туған-туысымызға, бауырларымыз, ата-анамыз бен жанымыздағы жандарға мейіріммен қарамасқа. Неге жақсылықпен жарысып өмір сүрмеске? Неге мейірімді болып, біреудің көңіліне кірбің түсірмеуге тырыспасқа? Неге?

Г. БЕКСАУЫТҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ