Мектепте төбелес өршіп, тәрбие ақсап тұр

0
1520

«Қарағайдан шайыр,  адамнан қайыр кеткен заман болады»  деп болжаған бабаларымыз расында әулие екен деседі жұрт.  Бүгінгі қоғамның алты қабат  аспанында,  жеті қабат жерінде қара түнек басып тұр. Адам баласының жүзіндегі мейірімділіктің  табы да қалмаған.  Бет жүздерінде қан-сөл жоқ.  Бірін-бірі жүндей түтіп,  әлдісі-әлсізін табанға сап таптап кетуде.  Екі күннің бірінде еститінің «өлтіріп кетіпті»,  «жабылып соғыпты»,  «өзіне-өзі қол салыпты».  Айналаңның бәрі үрей мен қорқыныш.  Қыл аяғы  кәмелеттік жасқа толмаған мектеп қабырғасында жүріп,  топ-топ болып төбелесіп,  үлкен сыныптағылар кіші сыныптағыларды қорқытып,  үркітіп ақша бопсалап жүр деген ақпарат интернет желілерін жарып тұр.

Әлгі,  «тәрбие тал бесіктен»  деген  тағылым табалдырықта қалғандай.  Кім баласын  бұзық,  тентек болсын деп баулиды. «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген өсиетті кез келген ата-ана балаларына айтатын шығар. Алайда, оны санаға түйіп жатқан жасөспірімдер некен саяқ.  Бұл да қоғамның басты әрі асқынған кеселі. Идеологиялық бағыт-бағдардың әлсіреп,  қан-соқтаға айналған жүйенің тәлім-тәрбиеге  келгенде «аяғына жем түскен жабағыдай ақсап тұрғанын көруге болады.  Жоғарыдан бастап  білім,  денсаулық салаларындағы жемқорлықтың  асқынуы да осы білім жүйесінде көлде жүзген қолтырауындай айналасын жұтып жатыр. Сырт көзге бәрі жүйелі сияқты. Тіпті, қала орталықтарынан бөлек жасөспірімдерді шыңдаймыз, шымыр жасаймыз  деп аудан орталықтарынан да спорт кешендерінің есігі айқара ашылуда. Бірақ,  білек күші тасығандар басбұзарлар әлімжеттік көрсетулерін доғарар емес.  Әуелі, Алматы облысының Панфилов ауданы «Пенжім» ауылындағы мектепте  қазақ баласын ұйғыр ұлтының балалары жабылып ұрып,  мұның арты ұлтаралық араздыққа ұласа жаздады. Ел дүрлікті. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» демекші, телі-тентектердің кесірінен ұлт пен ұлыстың арасына сызат түсті. Даудың түйіні шешілмей түйнектеліп тұрғанда, тағы да оқушылар арасында интернет желісіндегі төбелес қоғам назарын өзіне аударды. Бұл жолы да, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 10 сынып оқушысын жоғары сынып оқитын бала ұрып-соққан. Жығылып жатқанды бас-көзіне қарамай жабылып  ұрып-тепкілеу қаныпезерлік емей немене?? Өрімдей жастың миы шайқалып, түрлі дене жарақатын алып ауруханада ем алуда. Оның болашағы қалай болады. Денсаулығындағы кінәрат бірте-бірте  қайта өршімесіне кім кепілдік береді.  Жалпы, Алматы облысындағы идеологиялық ахуалдың сын көтермейтінін бұған дейінде сан мәрте жазғанбыз. Тіпті, «иі қанбаған идеология» деп айдарлап ат қойып мақала  жариялағанбыз.  Елең еткен бір шенеунікті көрмедік. Қай жерде дау-дамай бұрқ ете қалады сол жерге тай-талағы қалмай, құзырлы органдары бастап, әкім-қаралар атқа қонып, шу-шұрқан болған  жерге барып жиын өткізіп,  таяққа жығылған баланың «өміріне қауіп төніп тұрған  жоқ, бұзақылар тиісті жазасын алатын болады?», – деп жуып шайған болады. Ал, тәлім-тәрбие туралы бағдарлама батпақ-батпақ күйінде саз балшыққа айналып жатқанын көресің. Алматы облысының білім жүйесіндегі жүгенсіздіктер мектеп басшыларының шектен шыққан іс-әрекеттері,  бала-тәрбиесін тасада қалдырғанын көзге шыққан сүйелдей көрсетіп тұрған жоқпа? Мектеп айналасында төбелескен балаларды емес, бірін-бірі сотқа сүйрелеп, жемқорлықтан жемсаулары босамай жүрген педагогтардың өзіне реформа жасалуы керек. «Балық басынан шіріп жатса, әдепсіз ұстаздың алдын көрген шабақтар, бір-бірін қорқытып бопсаламағанда қайтеді. Еңбешіқазақ ауданындағы «Рахат» ауылдық округінің №1 мектебіндегі болған оқиғаға қатысты, облыстық білім басқармасы ауылдағы мектеп қызметкерлерімен жұмыс тобын құрып, психологтар тартылғанын айтады. Бұл оқиға бойынша аудан әкімінің бірінші орынбасары, прокуратура басқармасы, полиция және білім бөлімі бірлесіп  шұғыл жиналыс өткізген.  Алайда,  мұндай шаралар оқу жылы басталғалы бері облыстың барлық мектептерінде неге өткізілмеген. Неге қылмыстық құрам өндіріске тіркелгенде  аудандағы білім беру ұйымдарының жұмыстарындағы кемшіліктер анықталып жатыр. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселелері тек қана Алматы облысында ғана емес,  жалпы Республика бойынша қан-соқтасы аузына жиналған сыздауықтай пісіп-жетіліп тұрған мәселе.  Сонан соң бар кінәні мектеп ұжымы мен мектеп басшысынан көру,  қит етсе соларды жазалап, жұмыстан шектету,  сөгіс жариялау үрдіске айналып кеткелі қашан. Әсілі бұл жерде бұзақылыққа барған балалардың  ата-аналарында  қатаң жазалау керекті.  Кешегі кеңестік кезеңде  «баласы әкесі үшін жауап бермейді, әкесі баласы үшін жауапты» деген қағида қатаң жұмыс істеді. Әлі есімде, Панфилов ауданынын Ленин совхозы қазіргі «Ұзынағаш» ауылындағы совхоз директорының баласы мектепте бұзақылық жасағаны үшін әкесін лауазымдық қызметтен жұлып алып тастаған. Баласы мектепте төбелес ұйымдастырғаны үшін  әкесі жазаланды.  Бізде де ата-аналарға баласы үшін абақтыға 15-20 тәулікке қамалу,  мектеп басшылары ғана жазаланып қоймай, білім басшылары да, қажет болса ауыл, аудан, облыс әкімдерінің идеологияға жауапты тұлғалары жауапқа тартылуы тиіс.  Кейінгі кездері балалар арасындағы төбелес былай қалып, қыздар арасындағы разборкалар елдің жағасын ұстатып,  таңдайларын қақтыруда. Олардың төбелесі ер балаларға бергісіз болғаны сондай,  ауыздарынан «ақ ит  кіріп,  көк ит шығып бір-бірінің  шаштарын жұлып, аяқ-қолдарын ербеңдеткенде, ер балалар жолда қалады.

Әлімжеттік көрсету,  ұялы телефондарын тартып алу, болмаса ақша бопсалау жасөспірімдердің үйреншікті әдетіне айналып барады.  Интернет   желісіндегі ақпараттарға  зер салсақ,  Еңбекшіқазақ ауданы «Рахат» ауылдық округіндегі төбелесте жәбірленушінің анасы Айгүл «Не молчи» қоғамдық ұйымына берген жауабында анасы ажырасқан. Яғни, бұрынғы жұбайы балалардан бас тартқан. Үш баланы жалғыз асырап отырған отанасы 10 сынып оқитын баласын  жоғарғы сынып оқушылары ұрып-соғып, ақша әкелуді талап еткен және белгілі бір уақытта келуді бұйырған. Айтқан қаржылық соманың мөлшері көп болғандықтан жәбірленуші оны тауып бере алмаған.  Аты шулы мектепте қараша айында 6-шы сынып оқушысын қатарластары өлімші етіп сабағаны туралы ақпарат бұрқ ете қалған-ды. Басынан ауыр жарақат алған Арман Юсуповқа дәрігерлер операция жасаған.   Ауруханада жатқан кезінде жәбірленушінің қал-жағдайын білмек болған тілші  Әсем Лесбек баланың жағдайы мәз емес екенін айтқан-ды.  Шыбын жанын шүберекке түйіп,  күндіз-түні аурухананы торуылдап баласына алаңдаған Зарина Юсупова мектептегі сұмдықты еске алуға қорқады екен. 12 жастағы ұлын  қатарласы соққыға жыққан. Ал мектеп басшылығы оны жасыруға тырысты дейді. Баласының құлап қалғанын айтып,  үйіне қайтарып жіберген. Жағдайы нашар болса да жедел-жәрдем шақыртқызбағанын айтады.

Зарина Юсупова, жәбірленушінің анасы: «Тәрбие завучы «Скорая шақырмаңыз, бізді күтіңіз өзіміз көмектесеміз деді. Жарайды дедім. Фариза сендер маған өтірік алдап тұрсыңдар, не болды балаға шынын айтыңдар деп едім,  баланың  тұмсығына қолы тиіп кетіпті», – деді.

Күннен-күнге  әлсіреп,  бас ауруы үдеген Арманды анасы ауруханаға апарған. Дәрігерлер хәлі мүшкіл екенін айтып, бірден отаға алып кеткен.  Сол сәтте мектептегілер келіп,  қоқан-лоққы көрсетті дейді.

Зарина Юсупова, жәбірленушінің анасы: «Балам шындықты айтты. Мама  балалар жабылып ұрды, мен сізге айтпап едім деді. Оның үстіне менің балама еден,  қабырға жуғызады екен.

Жансая мен Мадина деген кісілер мені кәдімгідей ұрып жіберді.  Менің сіңілімді итеріп жібереді. Ей қойсаңыздаршы сіздер кімсіздер өздеріңізді таныстырыңыздар дегенімше қарамайды сары курткадағы біреу сіңілімді жұлмалап жатыр. Сөйтсем ол завуч екен».

Ашынған ана полицияға арыз жазуға барған. Бірақ ондағылар шағымын қабылдамаған көрінеді. Ал  мектеп ұжымы  істі жылы жабуды сұрады дейді.  Дәрігерлер 12 жастағы Арманға ота жасалғанын хабарлаған.

Байкен Тоққожаев  Алматы  аймақтық, балалар клиникалық ауруханасының жақ-бет  хируг дәрігері:  «Бұл жерде асқыну болған. Балада ауыз қуысында жара пайда болыпты. Бет әлпетіндегі инфекция самай аймағына кеткен. Операция жасалған бүкіл іріңдік процесстер ашылып, іріңдер шығарылды. Дегенмен баланың бүгінгі хәлін жақсы деп айта алмаймыз. Оқушы психологиялық соққы алған. Айналдырған бір мектепте екі бірдей бұзақылық қылмыс орын алған. Балалар ғана таяқ жеп қоймай,  ата-аналары да қысымға ұшыраса, демек білім ошақтарындағы  тәртіп мәселесін май шаммен қарайтын уақыт  пісіп жетілді. Ал, оған Алматы облысының су жаңа әкімі Қанат Бозымбаев қандай шара қолданады. Облыстағы идеологиялық ахуал алаңдататын жағдай екенін әкім мырза білі ме екен?!  Редакция тарапы  аталған оқиғаға қатысты Алматы облысы ішкі істер Департаментінің баспасөз өкілдерінен төмендегідей жауап алынды.

Алматы облысы Полиция департаменті оқушылар арасындағы жанжал ағымдағы жылдың 6-шы желтоқсанында Еңбекшіқазақ ауданы «Рахат» ауылдық округінде орын алғанын хабарлайды. Тексеру барысында оқиға сабақтан кейін,  сағат 13:30 шамасында,  №1 мектептің 10 және 11 сыныптарының екі оқушысы арасында болғаны анықталды. Аталған дерек негізінде ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Тергеу шеңберінде сот-медициналық сараптамалар тағайындалып,  істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды зерттеудің жан-жақтылығына, толықтығы мен объективтілігіне бағытталған барлық қажетті тергеу іс-әрекеттері жүргізілетін болады.  ПД басшылығымен тергеу барысы бақылауға алынды. Сонымен қатар,  аталған дерек бойынша материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілетін болады. Соққыға жығылған екі жәбірленушінің құқықтары қорғалып, айыптылар тиісті жазасын алуы тиіс.  Қазақ «бақпасаң мал, қарамасаң бала кетеді» дегенді тектен-тек айтпаған шығар-ау.  Өткен жылдан бері бастау алған індетпен бірге мектептегі төбелестер ұлғайып, тәлім-тәрбие ақсап тұр.

                  Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ