Менің анам…

0
2735

«Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,

Мен де анамды жақсы көрем, себебі!

Білесің бе, бұл əлемге адамдар,

Ана жайлы айту үшін келеді!» – деп Ерлан (Ж) ақын жырлағандай, дүниеде анадан асқан жан жоқ.  Ал, 8 наурыз жақындаған сайын жүректегі толқу да күшейе түседі. Себебі, бұл күн – барлығымыз үшін ерекше!  Барша әйел  қауымының асыға күтетін мерекесі ең алдымен асыл жан ананы құттықтаумен басталуы керек шығар… Ананың  алдындағы борыш ешқашан өтелмек емес.

 «Алып та анадан туады»  дегендей, ақын, жазушылардың  анасы қандай?» деген сұрақ қалың оқырманның қызығушылығын оятары хақ. Себебі, ақынның ақын, жазушының жазушы  боп қалыптасуына отбасының, әсіресе, ананың әсері ерекше екенін айтып өту керек.

***

Гүлбақыт ҚАСЕН, ақын:  –Анам 15 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты, батыр ана. Сүйегі асыл жан текті әулеттен шыққан, арғы аталары – Салпық би, Жақыбай болыс,  әкесі Төрехан ақын болған. Ел басына күн туғанда, қазақтың жақсы мен жайсаңы қудалан ған заманда бабалары арғы бетке өтіп, анам Қытай жерінде дүниеге  келіпті. Әкеден жастайынан айырылып, өмірдің қиындығын көп көргендігін, 10 жасынан еңбекке араласып, бидай орып, мал бағып, келі түйіп, тау етегіндегі өзеннен иінағашпен су әкеліп, өзінен кейінгі бауырларына қамқорлық танытып, үлкен шешесінен  (әжесіне – Саруан әже) көп дүние үйреніп, қолқабыс жасағанын тебіреніп әңгімелеп отырады. Сол қиындықтар анама үлкен өмір мектебі болғанын, барлық қолөнер түрлерін меңгеріп, шетте жүріп туған елге деген сағынышын қараөлеңмен өріп, ұлттық ғұрыптарымызды жадына тоқып, өз ұрпағына көзінің қарашығындай жеткізгенін бүкіл ауыл әлі күнге дейін айтады.

Анам өте сұлу, ақылы көркіне сай, жастайынан қолынан өнер тамған, өте ісмер жан болыпты. Сол кездегі салт-дәстүрге байланысты анамды 14 жасында әкеме ұзатыпты. Келген жері де тегін емес, Қожбанбет би, Болатай қажы, Метербай болыс әулеті екен. Енесінің қызы болмағандықтан, 17 жасқа дейін қызындай болып қойнында жатыпты. Ене мен келін арасындағы тату, жарасымдылықты, енесін (әжемді) ақ төсекке отырғызып, мәпелеп бағып, о дүниеге ризалықпен аттандырғанын – үлкен даналықтың, ұлағаттылықтың үлгісі деп білемін.

Ешнәрсе оңайлықпен келмейді, әкем екеуі атамекенге оралған соң, қыс – қыстауда, жаз – жайлауда мал бағып, ұл-қыздарын өсірді. Өнеге, тәлім-тәрбие берді. Анам – мен үшін бағасыз даналық мектебі, ана университеті. Өзі хат танымаса да, көкірек көзі ояу, көрген-түйгені мол. Балалары мен немерелерін мейірімді жүрегімен ақ бесікке бөлеп, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындатты. Халық ауыз әдебиетінің жауһарларын құлағымызға құйды. Текемет басып, ою ойып, сырмақ сырып, кесте тігіп, шәлі тоқып, бізге қуыршақтай етіп, көйлек тігіп беріп, қатарымыздан кем қылмай өсірді. Анамның ешқашан «қиындық көрдім, шаршадым» дегенін естімеппін. Үнемі адал еңбек етуді, талаптануды, біреудің ала жібін аттамауды өсиет етіп келеді.

Менің сөз өнерін бойыма дарытуым, ақындық өнерім – ананың ақ сүтімен берілген қасиет деп білемін. Қазір 90 жасты алқымдап қалған анам  менің шыққан кітаптарымды маңдайы тигізіп, мұқабасынан сүйіп, жанарына жас алып қабылдайды. «Сен елдің, халықтың қызысың, еліңе қызмет жаса» деп отырады. Әттең, өзіне жазылған өлеңдерді өзі оқып, тыңдай алмайтыны, кәріліктің дендеп алғаны — көңілімді босатады. Әлемдегі ең қымбатты жан – Аналарымыз аман болса екен.

***

Сағыныш НАМАЗШАМОВА, ақын:  – Бір атадан бес қызбыз. Ағам ерте жастан дүние салды да, оның соңында қалған жалғыз тұяқ Маржан да бізге алтыншы болып қосылған.

Біз анамызды кейде қалжыңдап «Жедел жәрдем» дейміз. Өйткені осы алты қыздың қайсысына қандай көмек керек, кімде не жетіспей жатыр, соның бәрінің бас-аяғын түгендеп, немерелеріне қарап, мектептеріне апарып, бірде Талдықорған, бірде Алматы, бірде ауыл – қай жаққа көмек керек, сол жақта зыр жүгіріп жүргені. Кейде «Неге сөйтесіз, өз проблемаларын өздері шешсін, өз балаларына өздері қарасын, бір уақыт демалсаңызшы» деп жатамыз өзімізше. Жоқ, ол кісі жасым 70-ке келді деп ештеңеге алаңдамай маңғазданып отыра алмайды. Табиғаты солай. Ол үшін перзенттің жайы бірінші орында. Және «Өмір — қозғалыс» деп білетін жандардың қатарында. Ондай адамды біреу «мазасыз» дер, біреу «пысық» дер, біреу «шапшаң» дер, қалай десе де, айтылған сипаттаманың бәрі де үздіксіз қозғалыста болатын анамның табиғатын танытатындай. Қонақсыз отыра алмайтыны тағы бар. «Үйіне кісі кіріп шықпайтын үй үй ме?!» деп отырады.

«Біреуге жасаған жақсылығыңды тез ұмыт, біреудің жасаған жақсылығын ұмытпа». Бұл – менің анамның өмірлік қағидасы. Шешендік танытып, ақыл айтып, сөзбе-сөз осылай мақалдатып көрмепті. Бірақ мен оның сондай ұстанымын күнделікті өмір салтынан-ақ аңғарып, көңіліме түйіп алғанмын.

Әкем мен ағам араларына қырық күн салып бірінен кейін бірі о дүниелік болған соң, ауылда шешем бір өзі қалды. Біз бойжетіп, ұядан ұшып кеткенбіз. Кішкене қыздардың малдың су-шөбіне әлі келмейтін уағы. Бір өзі ер азаматтың барлық жүгін қайыспай көтеріп, талай қиын күндерді басынан өткерді. Сондай сәттерінде көршілерінен, ағайындарынан көрген қайырымын, тіпті кішкентай ұл балалардың қолқабысын әлі күнге ұмытпай айтып отырады. Және үлкен жанашырлық жасағандардың сол жақсылықтарын ойларыңда жүрсін деп үнемі бізге де құлаққағыс қып сіңіріп отырады, қолдарынан келсе, жақсылықтың өтеуін қайтарар дейтін болуы керек. Ал өзінің жасаған жақсылығы қаншалықты көп болса, соншалықты дабырасыз. Тіпті мейірімі мен қолы ашықтықтығы өзіне талай рет таяқ боп тигенін біз білгенмен, өзі ол туралы сөз қозғап, «Мен сөйтіп едім, мен біреуге бүйтіп едім» дегенді айтып көрмепті. 

Ата-әжеміз біз ес білмей тұрып дүниеден өтіпті. Бірақ анамыздың ата-енесі жайлы әңгімелерінен менің кеудемде олардың жарқын бейнесі жасалып, олар жайлы жылы естеліктер жаңғырып тұр. 

Анам жайлы ұзаааақ айта беруге болады. Әңгіме әлі де айтылар, жазылар, бірақ ең бастысы, амандығы, денінің саулығы, көңілінің тоқтығы, жүрегінің тыныштығы!

***

Есболат Айдабосын,  жазушы: – Ұлдың кенжесі болғаннан ба екен, үйдегі еркенің бірі мен едім. Апама бір еркелеймін, шешеме екі еркелеймін. Екі енені қатар еметін тел қозыдай әркімге бір соқтығып жұнттай боп жүрем. Бірі жоқта, екіншісі дайын тұрады, тыққан-пыққанын оңашалап береді. Апам кешкілік ертегі айтып ұйықтатады, анам ертеңгілік әндетіп оятады. Бастауышта оқып жүрген жылдары төсектен оңайшылықпен тұрмайтынмын. Күл шығарып, от жаққан, ас қамдаған жұрттың таңғы қарбаласын сезіп, біліп жатамын, бірақ өтірік ұйықтағансып бүркеніп аламын. Бір кезде бөлменің есігі ақырын ашылып  анамның даусы естіледі. 

Қояным, тұрдың ба?

Бетіңді жудың ба?

Айнаға қарадың ба?

Шашыңды тарадың ба?

Тәпішкеңді кидің бе?

Тықылдатып жүрдің бе?

Анамның өзіне тән әуенмен еркелете айтқан тақпағы аяқтала бере көрпені серпіп тастап, атып тұрамын.  Неше жыл өтсе де сол тақпақ жадымнан өшпепті. Бүгінде балаларыма айтып берем кей-кездері, әр айтқан сайын балалық шақтағы сол бір сәтті, сол бір жұмсақ үнді сағынамын.   

Анам ұзақ жыл совхоздың ветеринарлық дәріханасын ұстады. Ерте кетіп, кеш келеді. Менің әдебиетке құмарлығымды алғаш таныған адам сол кісі. Жұмыстан қайтарда дүкенге соғып кітап ала келетін. Таңдап, таразылап жатпаймын, оқи беремін. Бір күні үлкен-үлкен екі кітапты көтеріп кірді үйге. Бірі сопақшалау келген ақшыл түсті, екіншісі күрең-қызыл. Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» атты кітабы мен «Ай, Заман-ай, Заман-ай» жинағымен осылайша танысқанмын. Ахаңның «Ер Сайын» жырынан бастап, «Әдебиет танытқыш», мысал өлеңдерін түгел оқып шықтым, біразын жаттап алдым. Ал, «Заман-айды» бірер аударып-төңкерген соң «Бес ғасыр жырлайдының» көшірмесі ғой» деп сөреге сүңгіткенмін. Өйткені ол кезде М.Мағауин құрастырған әйгілі еңбекке енген жырлардың біразын жатқа соғатынмын. «Аласапыранды» да түсінбесем де екі қайтара оқып алғанмын. Осылайша анамның арқасында әдебиеттің уызын ерте іштім.

Анам әркез прогрессивті ойлайтын. Менің талабымды байқаған соң Алматыда оқытқысы келді. Әкем екеуі жоспар құрыпты. Қаладан үй аламыз деп ақша жинаған, ол қаражат жиналып бола бергенде атама естірткен. «Білім», «баланың болашағы» дегендерді атам бастапқыда қоштаған, соңына қарай шарт кеткен. Өйткені жоспар бойынша Алматыға мен жалғыз емес, апаммен бірге баруым керек екен. Маған бас-көз болар басқа адам жоқ. Апаммен де келіссөз жүрген, ол кісі де «городской» болуға кетәрі емес екен. Тек «қартайғанда кемпірімнен ажыратайын деп жүрсіңдер ме?» деп шатақ шығарған қара шалға ешкім шыдас бере алмаған. Анамның «баламды жақсы жерде оқытсам» деген ұлы арманы осылайша кейінге шегерілген. Бірақ бұл ойынан бас тартқан жоқ. Алтыны бітіріп, жетіге көшетін жылы болу керек, жоспардың екіншісін іске асыруға талпынды. «Елімізде түрік лицейлері ашылады екен, дарынды балаларды қабылдайды» деген ақпарат біздің ауылға жетеді. Мектептен рұхсат қағазын алған бойда екеулеп Алматыға тарттық. Әлгі лицейді тауып, құжат тапсырдық, сұхбаттасу түрінде өткен емтиханға кірдік. Алайда бұл қадам да сәтсіз аяқталды. «Кім болғың келеді?» деген сұраққа «әдебиетші, жазушы болам»,– деген жауабым түрік мұғалімге ұнамай қалғанын сезгенмін. Түйсік алдамапты. Өтпедік. Тізімнен аты-жөнімді таппай тұрған сәтте дүние төңкеріліп кеткен. Іш қыз-қыз қайнайды, жылайын десем жас шықпайды, булығып қалдым. Ал, анам мықтылық танытты, ешкіммен ұрысқан да жоқ, маған да реніш білдірмеді. Қолымнан жетелеп алып кетті. Алматыда ары-бері қыдыртып, көңілімді көтерді. Балмұздақ жеп отырғанбыз. Папка көтеріп орта бойлы бір жігіт өтіп бара жатты. «Сен де кейін өскенде осы баладай томпаңдаған студент боласың»,– деп күлдіргені  есімде. Сөйтсек анамыз балаларын оқытып, білімді де білікті азамат қылуды ерте армандаған екен. Ол арманды ауылдан талапкер болып аттанып, студент болып оралған сәтте жарым-жартылай орындағандай болдық. Мойынға үлкен жауапкершілік жүктелді, әке-шешенің үмітін ақтау деген. Сол жауапкершілік мені үздік студенттер қатарына жетеледі, сол жауапкершілік жастық шақта болатын түрлі әнтек әрекеттен сақтады, сол жауапкершілік әлі күнге алға жетелеп келеді. Тығырыққа тірелген сәтте, шешім қабылдайтын кезде  тоқырау жылдары барын балаларына салған әкем мен шешем көз алдыма келеді. Қандай да бір жетістікке жетсем ауылдағы екі адамды ойлаймын. Олардың мен үшін қуанып жатқанын сеземін, мақтанып, марқайып отырғанын білемін. Сонан кейін оларды қуанту үшін тағы бір дүниенің жалына жармасамын, мен жақтан тек қана жағымды жаңалықтар жетіп тұрса деймін. Биыл әкем 69 ға, анам 65 ке келеді. Бүгінде балаларының ғана емес, немерелерінің қызығына қуанады, солардың тілеуін тілейді. Аналарымыз аман болсын! Аналарын қуантатын балалар көп болсын!

Дайындаған: С. ӘЙТЕНОВА.

Кілтсөздер:ЖҮРЕК СӨЗІ


ПІКІР ЖАЗУ