«Менің де айтарым бар»

0
2026

«Алатау» қоғамдық саяси газетінің №19 (970) 15.05.2020  жылы  «Кредит алып, кіріптар болған шаруашылық» атты мақалаға орай «Менің де айтарым бар»  деп  «Алтын дала» несие серіктестігінің төрайымы Бейбітгүл Кәрімқызы Күнжұманова арнайы редакциямызға келді.  

Мақаланы газетке дайындау барысында  Бейбітгүл Күнжұманованың ұялы телефонына қоңырау шалып, байланысқа шыға алмаған едік. Алайда,  редакцияға шағымданып келген «Қасенов» шаруа қожалығының есепшісі  Секербала Қасенова екінші мәрте келгенде  «Алтын дала» несие серіктестігінің төрайымы Бейбітгүл Күнжұмановамен байланысқа шыға алмағанымызды, мекен жайын да біле алмадық дегенімізде,  «ол кісі менің телефонымды көтереді» деп, біздің көзімізше телефон шалып байланысқа қосқан-ды. Осы орайда біз оған  мән-жайды түсіндіріп, газетімізде  шаруашылық туралы  мақаланың жарық көргенін, онда оның  атына қатысты  шаруашылық есепшісінің айтқан сын пікірінің бар екенін айттық. Егер алып алып-қосарыңыз не болмаса  келіспейтін тұстарыңыз болса, оның да пікіріне орын берілетіндігін айтқанбыз. Сөйтіп,  газетте шыққан  мақаланы Секербала Қасенова арқылы беріп жібердік. Ол кісі мақаламен танысып,  аптаның дүйсенбісінде, яғни  18 мамыр күні редакцияға арнайы  келіп, мақаладағы келіспейтін тұстарымен ой бөлісті.

« Біз 2005 жылы алғаш құрылған несие серіктестігінің біріміз. Жұмыс жасап жатқан жүйеміз бойынша, серіктестікке біреу кіреді, біреу шығады. 2013-2014 жылдан бастап «Алтын дала «несие серіктестігінің құрамына несие алғысы келетін шаруашылықтарды тарата  бастадық. Онда да жергілікті әкімшіліктер арқылы насихатымызды айтып, кісі жинаймыз. Біз ешкімді зорлап, серіктестікке мүше бол деп айта алмаймыз. Мақала барысында мені несие алуға азғырды депті. Бұл пікірмен мүлде келіспеймін.  «Қасенов» шаруа қожалығы 2013 жылы желтоқсан айында құятын ақшасын бөліп-бөліп құйды. Ең соңғы қаражатын 2014 жылдың  27 қаңтарында қайта құйған. Ал, біз ақпан айында тіркеуден өтетін болғанбыз. Жалпы «Қасенов» шаруа қожалығы ғана емес, серіктестікке мүше болған барлық шаруашылық тиісті қаражаттарын құйып болмай біз оларды тіркеуден өткізбейміз. Кей шаруаларды күткенше ақпан айы бітті. Ар жағында тағы да құжат жұмыстары бар. Тіркеуден өткенше  наурыз айы болды. Біз ешуақытта екі айдың ішінде несие береміз деп айтпаймыз, тек мөлшерін айтамыз. Ол кездегі жағдайда солай болған. Үшжақты келісім шарт болған соң, біз жинаған құжаттарды «Агрокредитке» жібереміз, олар да ұзақ қарайды. Бір сөзбен айтқанда, несие алу үшін   құжат жинауда созбалаңға салып екі- үш ай жүріп алған шаруашылықтар  да бар. Біз соларды жетектеп отырамыз. Ол кезде сондай болды, қазір жинақталды. Құжаттарын дер кезінде жинаса бір жарым айдың ішінде ала алады. Тағы да қайталап айтыамын, мен ешкімге жағдайы бар адам тауып бер деп айтқан емеспін. Әркім өз еркімен  серіктестікке мүшелікке кіреді. Алғашқы жарнасын құяды. Содан кейін біз күнделікті қоңырау шаламыз. Ол күнделікті мазалаған емес, біздің жұмысымыз, тәрібі солай. Құжат жинаған шаруалардың бәрі сауатты емес, оларды толықтырып, кем-кетігін түгендеп рәсімдеймі. Оларды егістік басына іздеп барамыз. Енді несие алам деген шаруаларды іздейміз, жұмыстың процессі солай.   Әрі, жағдайы бар, алған несиесін уақытында қайтара алатын, қоятын кепілі бар, ешқандай қарызы жоқ адамдармен әңгіме жүргіземіз. Келісімін бергенде ғана қабылдаймыз. Мақалада жолдасыма қағазға қол қойдырды деп  кіналаған. Әрине, келісім шартқа қол қойған Бапқтыжан Қасенов  шаруа қожалығының ақы иесі де сол.  Бұл шаруашылықтық есепшісі Секербала  ылғи шу шығарады. Мен сізбен сөйлеспеймін, шаруа қожалығының басшысымен сөйлесем. Несиені алған сол ма? Сол. Мен сол кісімен ғана сөйлесем дедім,  кейіннен жолдасына нотариалдық келісім беріпті. Енді мені жер мен көктен таппаймын депті. Менде офис жоқ. Сарқанда отырмаймын. Ол жерде бір кезекші бала бар. Екеуміз ғана істейміз.  Офиске төлейтін ақшамыз жоқ. Бұл кісі несиесін толық төлеп бітпей жатып, қыркүйек айынан бастап несие сұрап жүрді. Тағы бірде келіп шулатып жатыр екен. «Секербала, сенің графигің ноябрде бітеді, несие толық төленіп бітпей тікелей қосымша несие берілмейді» деп айттым. Сотқа да берді. Прокуратураға да жазды. Бір күні Сарқан аудандық прокуратура шақырады. Барсам жолдасы Бақытжан, отыр екен. «Тәте мына кісі арызын қайтып аламын деп отыр. Істі тоқтамыз деді.  Бақытжан өздерің бердіңдер  дедім. «Жоқ, кешірім сұраймын,  дұрыс жасамадым» деп арызын қайтарып алды. Қараша айында қайтаратын ақшасын бұлар «сендер маған алты ай кешіктіріп бердіңдер мен қайтарамын» деді.  Жарайды деп оған да келістік. Рассрочка алып бердім. Бұл шаруашылықтың да қарызын төлеуге  жағдайлары келмей қалған кездері болды. Менің аударған ақшаларым ешқайсы түскен жоқ дегені де жалған. Ол түспесе «Алтын дала» несие серіктестігі мен «Агрокредит» алдында қарызы жоқ деген қайдан шығады.  Мені Астанадағы орталық түтіп жеп қояр еді. 487 мыңды төлемеймін деп шу көтерді. Бір жылғы рассрочкасы бар. Бұл кісі ойлаған болуы керек рассрочка кезінде пайыз жүрмейді деп. Оны да тәптіштеп отырып түсіндірдім, ақыры төледі. Біз жіберген ақша бес он күннен кейін түседі орталыққа.  Бірде  бухгалтериямен біздің арамызда  2800 теңге разница болды. Онда да шу шықты. Оны да реттедік. Қазір линия бойынша 13 миллион 546 мың қарыз тұр. 127 миллион емес. Жұмыстар жасалып жатыр, төлемегендерді сотқа беріп жатырмын. «Күнжұманова» жұмыс істемейді дегені де өтірік. Мына карантинге байланысты Үкіметте кәсіпкерлерге жеңілдік беріп отыр. Олар мүлде төлемейтін кісілер емес, төлейді. Маған қиналдық деп ешбір шаруа қожалықтан шағым түскен жоқ.  Ал енді «Агрокредиттің» жарғысына келсек, серіктестіктің «Агрокредиттің алдындағы қарызына бәрі жауапты, міндетті деп жазылған. Ол енді олардың ішкі тәртібі. Мақалада айналдырып келіп мені жамандайды. Ішім сайрап тұр, заңды біліп тұрмын. Осы келісім шарттағы (солидарный) деген тармақты  алып тастаса болды, агробанк ашпай-ақ қойсын. Сонда шарулардың бәріне қолайлы болар еді. Секербала Қасенова айтқандай, 11 адам емес, 7 адамның қайтарымы жоқ. Яғни, қарызы жоқтар. Сотта да бұл кісінің айтпағаны жоқ, мен үндемедім. Үш рет сотқа келмеді депті. Бірінші сот отырысын мен білмей қалдым, маған шақырту келмеді. Қалған екі сотқа қатыстым.Енді малға қатысты, ақшаны алар кезде біз ескертеміз. Мал сатып алсаң жина, комиссия барып алпыс күннің ішінде тексереміз дедік. Құжатттар заңды болуы шарт. 45 күннен кейін тексердік, ал бұлар күйеуі екеуі қашып-пысып, малдың отчетын әрең тапсырды. Тағы да ақшаны қолға алады дейді. Бухгалтерлік есеп бойынша біз операцияны (наличка, без наличка) деген форма бар. Бізді де қатаң тексереді. Бір күн кешіктірсең сұрайды. Тіпті малдың сырғасына дейін тексереді. Ақшаны қолма-қол өткізгендерге приход береміз. Ол ақшаны біз банкке саламыз, тиісті төлемінің түбіртегін әкеп береміз.  Мақала барысындағы пікірге айтарым осы.  Жоғарыға дейін шағымданамын десе, ол кісінің құқы, бірақ, бізді де түсінулері керек қой» – дейді.

ТҮЙІН ОРНЫНА:  «Агрокредит» пен «Алтын дала» несие серіктестігі арасындағы шырғалаңнан шыға алмай, шақшадай бастары шарадай болған шаруашалықтардың мұң-зарын біз  Алматы облыстық «Ауыл» партиясының төрғасы Қанат Бекеевке жолдағанбыз. Алайда, мақала газетке шыққан соң  Ақсу ауданында тұратын бірнеше шаруа  ботадай боздап редакцияға келді. Олардыңда шағымы да осы  «Агрокредитке» қатысты болып тұр.  

Бірде Қожанасырға бір адам шағым айтып келіпті. Шағымын тыңдаған Қожанасыр сенікі дұрыс депті. Ол кісі кеткеннен кейін екінші адам келіп, шағым айтып кеткен кісінің үстінен шығымданыпты. Оны да мұқият тыңдаған ол сенікі де дұрыс десе, екі тараптың шағымын тыңдаған оның бәйбішесі: «Қожеке, сен бірінші келген кісіге де сенікі, екінші келген кісіге де сенкі дұрыс дедің, бұл қалай болды ?»десе, Қожанасыр: «бәйбішесіне сенікі де дұрыс» деген екен. Редакцияға шағымданып келген екі тараптың әңгімесін тыңдап, сол Қожанасыр айтпақшы,  екеуіңдікі дұрыс дегің келеді екен. Алайда, бұл әзіл емес, зіл батпан түйін «Агрокредитке» барып тірелетін іс болып тұр. Алдағы күндерде  «Агрокредиттің әлегі»  атты мақала жарық көретінін  де еске саламыз.

Айтақын МҰХАМАДИ

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ