Мың алғыс саған, дәрігер!

0
24513

Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық.Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артуда. Себебі, жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен күнге үдеп, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің  еңбегі орасан зор екені ақиқат.

Бүгінге дейін нақты емі табылмай жатқан осы бір кеселге шалдыққандарға жедел түрде көмек көрсетіп, жанын аямай жанкештілікпен жұмыс жасап жатқан денсаулық сақшыларынакүллі әлем сенім артып отыр. Тіпті, осы тұста өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей,  күн, түн демей дамылсыз еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың үй бетін көрмегеніне де біраз болған. Бұл жөнінде Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, коронавирусты емдеуші дәрігерлер стационардан шықпайды. Ол жер барлық құралмен жабдықталып, ондағылар үшін барынша жағдай жасалған. Жұмыс уақыты біткен соң сол жерде демалады, тамақтанады. Сөйтіп, келесі ауысымға шығып, жұмысын жалғастыра береді. Себебі, бұл – эпидемиологиялық режимнің талабы екен. Тіпті науқастарға ем-дом жасап жүрген атыраулық 3 және қызылордалық 1 медбике осы дерттің тырнағына өздері де ілігіп кеткен.

Өзгенің жанын алып қалам деп қауіп пен қатердің арасында басын бәйгеге тігіп жүрген ақ халаттылардың еңбегі еленбей жатқан да жоқ. Осы тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтерін мүлтіксіз орындап, дамыл таппай қызу жұмыс үстінде жүрген жандарға ерекше ықыласын жеткізген болатын. «Коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайды», – деп жазды ол өзінің Twitter-дегі парақшасында. Одан кейінгі кезекте бұл іс дереу қолға алынып, коронавирустан емдеуші дәрігерлер жалақысына үш санат бойынша үстемеақы қосылатын болды. Оның көлемі 212мың теңге мен 850 мың теңге аралығын құрайды. Демек, орташа айлығымен қоса есептегенде жоғарғы санатты дәрігер айына 1 миллион теңгенің үстінде жалақы алатын болады. Сонымен бірге, бұл ауруды жұқтырып алған дәрігерге 2 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі тағайындалып, егер медициналық қызметкер аталмыш вирустан қайтыс болатын болса 10 миллион теңге мөлшерінде төлемақы беріледі.

Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік желі парақшасында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің барлық қызметкерінің, санитарлық зертханалардың, сондай-ақ, жедел жәрдем дәрігерлерінің еңбегі ерен екенін атап көрсетті. «Коронавирус жұқтыруы мүмкін деген күдікпен карантинге жабылған азаматтарға медициналық көмек көрсеткен емхана, аурухана мамандарына да көп рақмет!Сіздердің арқаларыңызда және сіздердің мамандық алдындағы адалдық, отансүйгіштік қасиеттеріңіздің арқасында Қазақстан медицинасы күн сайын өршіп келетін жаһандық індетті жеңе алатынына сенімдімін!» – деді министр. Сондай-ақ,пандемиядан зардап шеккен әлем елдері бастаған «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы әлеуметтік желіде айтарлықтай қолдау тауып, карантинге жабылған тұрғындар күнделікті кешкі сағат 20:00 шамасында балкондарына шығып, ақ халаттыларға алғыс ретінде қол шапалақтауды әдетке айналдырған.

Осындай қатаң режимдеіс жүргізіп жүрген медицина қызметкерлерініңкүні бойы тағып жүрген бетперделерінен ойылып қалған жүздері, орындықта ұйықтап отырған суреттері, қаншама уақыт анасының жолына қарайлап, көз жастарын тыя алмайсағыныштан сарғайған олардың бүлдіршіндерінің бейнежазбаларыәлеуметтік желілерде тез тарап, халықтың да қызу талқысына түскен. Осы індет басталғалы ауруханадан үйіне қайтпай,жұмыс орнында апталап қызмет етіп жүргендерге арнап  ән жазылып, бейнеклиптер де жарық көріп үлгерді. Қазақстандық жасөспірімнің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа арнап жазған хаты да ешкімді бей-жай қалдырмады. ХаттаРаида есімді мектеп оқушысы анасының мамандығы дәрігер екенін, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап оны тәулік бойы көрмейтінін жазған.

«Кеше менің туған күнім болды. 13-ке толдым. Бірақ менің көңіл-күйім болмады. Себебі мен үшін ең басты адам – Анам жанымда болмады! Ол маңызды әрі қайырымды іспен айналысып жатқанын білемін. Алайда, оны қашан көретінімді білмеймін…Ол үшін өте уайымдаймын. Ол сырқаттанып қала ма деп қорқамын. Ол үйге оралмай ма деп үрейленемін… Елжан Амантайұлы, сіздің де отбасыңыз бар. Қолыңыздан келгеннің барлығын жасаңызшы. Бұдан-былай ешкім ауырмайтындай етіп, анам тезірек үйге оралсыншы. Бұл – мен үшін ең үлкен сыйлық болар еді», – деп жазылыпты хатта. Бұған министр мырза да жауап қайтаруды ұмытқан жоқ. Оқушы қызды туған күнімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық тіледі. Сонымен бірге, «Анаң екеуің туған күніңді жақын уақытта бірге атап өту үшін қолдан келгенді жасауға уәде етемін. Көңіл-күйіңді түсірме! Барлығы жақсы болады!», – деп сенім білдірді.

Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды осы бір денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Ал бүкіл әлем халқының үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған осынау алапат дерттен әлемді тазарту жолында, халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз. Дәрігерлер, сіздерге мың алғыс!

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

Кілтсөздер:ЖҮРЕК СӨЗІ


ПІКІР ЖАЗУ