Облыстық ауруханада бірегей ота жасалды

0
1412

Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасында алғаш рет «Артқы окципитоспондилодез» отасын жасаудан мастер- класс өтті.

Артқы окципитоспондилодез операциясы – бұл сүйектердің байланыстыратын әлсізденген бөлігін, желке сүйектері мен жоғарғы мойын омыртқасын бір-біріне бекіту арқылы жүргізілетін, технологиялық жағынан күрделі әрі медицинадағы өте сирек кездесетін ота. Облыстық аурухананың нейрохирургы Нұржан Тәшімовтың айтуынша, мұндай операциялар Алматы облысында жылына санаулы түрде ғана жасалады. Яғни, күрделі жарақат дәрігерлер тәжірибесінде жиі кездеспейді екен. Алайда, жол-көлік оқиғасынан кейінгі науқастың ауыр жағдайында бұл отаны жасаудың барлық көрсеткіші болған. Оқыс оқиғадан кейін  азаматтың екінші мойын омыртқасы сынған. Осының салдарынан науқас мойнын бұру кезінде ауырсынуды сезінгендіктен, оны басатын дәрілер де еш көмектеспей, мұның жолы тек ота жасау болған.


Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургы Сансызбаев Айбол Батырханұлы облыстық аурухананың нейрохирургтарымен бірігіп  мойынның екінші омыртқасын шүйде сүйегімен бекіту бойынша мастер-класс өткізілді. Бірнеше сағатқа созылған ота сәтті өтіп, науқас жағдайы тұрақталғанға дейін жан сақтау бөлімінде бақылауда болатындығын айтқан еді Айбол Батырханұлы.
Міне, ота жасалғалы арада екі айдай уақыт өтті. Науқас Берікқазы Тілеубек бүгінде өзін жақсы сезінуімен қатар, қимыл-қозғалыс функциялары қайта қалпына келуде екенін айтты. Облыстық ауруханаға оңалту емін қабылдауға келген науқаспен тілдесудің сәті туды.


«Ақпанның екісі күні жол апатына ұшырадым. Өте ауыр халде Ақсу аудандық ауруханасына түстім. Шынын айтсам, сол кездегі күйімді ешкімнің басына бермесе екен деп тілеймін. Есімді жиған сәттен қатты аурсынуды сезіндім, бірақ не болғанын түсіне алмадым. Тілім күрмеліп, сөйлеуден қалдым, басымды да қозғалта алмай, денемнің бір жағы тіптен жансызданып қалғандығын ұқтым. Ақпанның бесі күні облыстық ауруханаға жеткізілдім. Бір Алланың және облыстық ауруханадағы алтын қолды нейрохирургтардың арқасында мына жарық дүниеге екінші мәрте қайта келдім десем болады. Қазір, Құдайға шүкір. ақырындап тұрып, көбірек қимыл жасауға да бел буып келемін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі бақыт. Егер біздің ауруханада осындай дәрігерлер болмаса… өліп яки төсек тартып, мәңгілік сал болып қалар ма едім, кім біледі?! Осындай «ақ халатты періштелерге» шынайы алғысымды білдіргім келеді. Тек қана дәрігерлер ғана емес, осы ауруханада еңбек етіп келетін медбикелер мен санитаркаларға рахметімді айтамын. Олардың қай-қайсысы да бойындағы бар күш-жігерін сарп етіп, мамандығына деген шексіз махаббатын таныта отырып, небәрі екі айдың ішінде мені осындай дәрежеге жеткізді. Тек емдеп қана қойған жоқ, барынша қолдау танытып, қолпаштады. Жансақтау бөлімінде өткізген жиырма күнімде де ақ желеңді абзал жандардың шексіз мейірімі-не бөлендім. Жақсы жандар-дың жасаған жақсылығының арқасында осындай халге жеттім. Гиппократ антына адал жандардың алдында басымды иіп, ақ жүрегіммен рахметімді айтамын» – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз Берікқазы Тілеубек.
Осы уақытқа дейін отағасы үшін алаңдап, аман қалса екен деп тілеуін тілеген Берікқазының жан жары Нұржамал да біргей ота жасап, жұбайына екінші мәрте өмір сыйлаған жандардың ісіне ризашылығын білдірді.
«Жолдасым жол апатына ұшырап, ауруханаға түскенінде өте ауыр халде болатын. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Қорқынышты күндер мен түндер артта қалды. Бір Алланың және дәрігерлердің арқасында арамызға қайта қосылып келеді. Дер кезінде қолұшын созып, Құдай қосқан қосағымның өміріне араша болған ақ желеңді абзал жандарға деген алғысым шексіз. Осы аурухананы басқарып отырған бас дәрігер Анарбек Монғолға, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Ермек Бабажановқа және тікелей емдеуші дәрігер Нұржан Тәшімовке, Айрат Жүнісовке және сонау Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Айбол Сансызбаевқа туыстарымның, дос-жарандарымның, балаларымның атынан аналық алғысымды білдіремін. Аяқтарынан тік тұрып, бес сағатқа созылған күрделі ота жасаудың өзі олардың мамандықтарына деген шынайы сүйіспеншілігі мен адам өмірін аман сақтап қалуда жұмсаған күш-жігерінің арқасы деп ойлаймын. «Алтын қолды» абзал жандардың еңбегіне жеміс тілеймін. Осындай білікті, білгір дәрігерлеріміз барда еліміздің медицинасы да көркейе беретіндігіне сенімім мол» – дейді Нұржамал Сейдахмет.


Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың нейро-хирургиялық бөлімінің басшылығы мен қызметкерлері академик, профессор, медицина ғылымдарының докторы Серік Ақшолақовтың жетекшілігімен Нұр-Сұлтандағы Ұлттық нейрохирургия орталығы дәрігерлерінің мұндай операцияларды өткізуде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Орталық ел аймақтарымен жақсы байланыс орнатқан. Нейрохирургтардың кәсіби біліктілігін арттыру, сапалы медициналық көмек көрсетуде орталық мамандары аймақтарда шеберлік сабақтарын өткізеді. Бұл операция Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Талдықорған қаласыңдағы облыстық ауруханасы арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі болып табылады.
Қазіргі таңда Берікқазы Тілеубек үйінде, отбасы мен достарының ортасында. Дегенмен, оның алдында оңалтудың ұзақ жолы күтіп тұр. Алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жететіндігіне еш шүбә келтірмейміз. Ал, науқасты осындай дәрежеге жеткізген нейрохирургтарға жоғары кәсіби жұмыстары үшін алғыс айтамыз және адам денсаулығы үшін күресіп келетін еңбектеріне жеміс тілейміз.

P.S. Иә, медицина деген шексіз мамандық. Осы бір шексіздікте әр дәрігер өз биігін бағындырады. Дәрігерлер, әсіресе кәсіби хирургтар – бейбіт өмірде қаһармандық қадамға баратын кадр сыртындағы батырлар. Облыстық аурухананың нейрохирургтары да сондай батырлар-дың бірегейлері. Бірақ олар жалғанға жар салып, қарапайымдылық қалыптарынан айныған емес. Тек өздері емдеген адамдардың шын жүректен айтқан алғыстарын естігенде ғана көңілдеріне қанат біткендей марқайып, масаттанады….

Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ