Облыс әкімі түлектерді құттықтады

0
1105

Алматы облысында 17 мыңнан астам жас түлек  үшін соңғы қоңырау соғылып,  аяулы мектептерімен қимай қоштасты. Бітірушілер ішінде 1254 оқушы «Алтын белгіге», 1816-сы ерекше аттестатқа үміткер. Жыл сайынғы дәстүр бойынша облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңір оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жылы лебізін білдірді.

25 мамыр еліміздің барлық білім ордасында соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтті. Оның ішінде Талдықорған қаласындағы № 27 мектеп-гимназиясының ауласында, өзге оқу мекемелеріндегідей қалың жұрт жиналып, мәз болып шуласты. Бүкіл ғаламды әуре-сарсаңға салған індеттің кесірінен мұндай салтанатты жиынның өтпегеніне біраз уақыт болған еді.

Мерекелік шарада бірінші сынып  оқушылары жас түлектерге жүрекжарды лебізін арнап, тақпақтарын айтты. Сондай-ақ, үлкен өмірге самғағалы тұрған мектеп бітірушілердің қолынан білім эстафетасын қабылдап алды. Бүлдіршіндер жас түлектерге: «Алдағы емтихан мен ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтың иесі атаныңыздар», – деген ақ тілегін арнады.

Періште көңіл балдырғандардың тілегіне «Алтын белгіден» үміткер Құралай Данабек  тебірене  жауап  берді. Жас түлек алтын ұя мектебінің ұстаздарына, ата-аналарға шын жүректен ризашылығын білдіріп, сыныптастарына ҰБТ-да сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында мектептің ата-аналар  комитетінің  төрайымы  Әсем  Байысова да ақ тілегін ақтарды.

№ 27 мектеп-гимназиясының соңғы қоңырау салтанатында облыс әкімі Қанат Бозымбаев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге өмірде өз жолын тауып, елінің мақтан тұтар  азаматы болуына тілеулес екенін білдірді.

Соңғы қоңыраудың сыңғырлаған дауысы оқу жылының аяқталуын білдірсе, ал жас түлектерге бұл өмірдің жаңа кезеңінің символына айналды.

Аталмыш мектептің материалдық-техникалық базасымен танысқан Қанат Алдабергенұлы облыстың әр түкпірінен келген дарынды балалармен кездесу шарасына қатысты. Онда жалпы білім беретін жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша ХIV Президенттік және ХХII О.Жәутіков атындағы ашық олимпиадаларының  IV кезең жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.

– Бұл маңызды күн сіздердің жадыларыңызда мәңгі сақталады. Еліміздің Жоғарғы оқу орындарында немесе «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған кешегі дәл сендердей балалардың көбі бүгінде елге оралып, мемлекеттік қызметте, ірі ұлттық компанияларда табысты жұмыс істеуде. Талантты, дарынды, сауатты балалардың болашақта өмірден өз орнын табатыны сөзсіз. Мені сендердің кішкентай кезден ерінбей еңбек етуді әдетке айналдырғандарың қуантады. Адамның қабілеті шексіз, егер өзіңді дамытар болсаң, кейбір адамдардың ойына да кірмейтін небір шыңдарды бағындыруға болады,  –  деді облыс әкімі.

– Адам өзіне жоғары талап қоя білу керек. Ертең біреуің ғарышты бағындырсаңдар, біреуің  Премьер-министр, біреуің әкім немесе басшы боласыңдар. Енді біреулерің ауыл шаруашылығын дамытып, жекелеген салаларды жоғары деңгейге көтерулерің мүмкін. Мында тұрған балалардың барлығы дерлік оқу озаты болмаса  да, кейбіреуің жеке пәндік олимпиадаларға қатысып жетістіктерге жетіп, осы салада елеулі табыстарға қол жеткізулерің ғажап емес. Сендердей  дарынды балалардың көбі мектеп кезінде жақсы оқып, танымал болды. Сондықтан бүкіл өмірлерің алда. Алдарыңда ашық даңғыл жол жатыр. Жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы орында тұрған мемлекетіміздің барын әрқашан есте сақтаңдар. Мемлекетімізде халық саны әлі де аз, бар болғаны 19 миллион адамбыз. Елімізді дамыту қажет және ең бастысы қорғауымыз керек. Қазіргі уақытта ең басты байлық  – білім екенін естен шығармаңдар! Сендерге үлкен үміт артып отырмыз, алға ұмтылыңдар, біз сендерді әрқашан қолдауға дайынбыз! Өмірді сүйіңдер, одан ләззат ала біліңдер,  – деп  түйіндеді сөзін Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында облыс бойынша 642 оқушы республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарына  қатысқан. Оның 171-і  оза шауып, жүлдегерлер қатарына ілікті.

Бүгінде Алматы облысында 38 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның  ішінде 18 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, бір өнер мектебін ашу жоспарлануда. Республикадан бөлек,  жоғары оқу орындарында білім алу үшін облыста қосымша тағы 250 грант бөлінген.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ


ПІКІР ЖАЗУ