Орыспен дос болсаң, айбалтаң жаныңда болсын

0
2521

Атың өшкір соғыстың  салмаған лаңы бар ма? Қаншама баланы әкесінен, ананы жарынан айырып, бейбіт елдің берекесін алуда. «Орыспен дос болсаң, айбалтаң жаныңда болсын» деген сөзді ата-бабаларымыз тектен-тек айтпапты. Өздерін ұлы халық санайтын орекеңдер көршінің жеріне көз алартып,  басып-жаншып,  тартып алғандарымен қоймай енді соғыс ашып, Украин халқын бостырып жіберді.

Тек әскери нысандарды ғана шабуылдап жатырмыз деген империялық мемлекет баспаналар мен балабақша, мектеп, ғимараттарды нысанға алуын доғарар емес. «Өліспей, беріспейміз» деген украиндықтарда ұрыс салып, тіпті қарапайым халқы еліне, жеріне басып кірген басқыншыларға қарсы шығуда. Әу баста екі-үш күнде террористерді сабасына түсіреміз, украин халқы бізді нан-тұз алып, гүл шоқтарымен қарсы алады деген орыс саясаткерлері мен Президенті В. Путин бастаған қанқұмарлар оңбай қателесті. Әлем елдері Ресейді жек көргендері сондай, алпауыт мемлекеттердің барлығы оған экономикалық соғыс жариялап санкцияның астына көміп тастады.

Бұл соғысты да екінші дүниежүзілік соғыстан кем көруге болмайды. Мәселен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының адамзат тарихында алар орны, қайғы-қасіреті кімнің болса да жадынан өшпек емес. Сұрапыл соғыста Кеңес одағы мен фашистік Германия тарапынан болған адам шығыны әлі күнге дейін бір жиынтыққа түскен жоқ. Тек  мемлекеттік мұрағаттардағы «Аса құпия» құжаттарға біртіндеп қол жетіп, тарихшылар тұрақты түрде зерттеулер жүргізіп жариялауда. Ал Украинадағы соғыста бейбіт ел зардап шегуде. Президенті «Президент» емес, сайқымазақ, әртіс» деп арқыраған орыстарға басқыншы ел деп қарсы тұрған украиндықтар өліспей, беріспейтіндерін көрсетуде. Жанкешті ұрыстарға қатысып, қолға түскен орыс әскерлері мен командир, генералдарына дейін тамақтандырып, ресейлік жауынгерлерді ұялы телефон арқылы ата-аналарымен тілдестіруде. Туыстығы  бар екі елдің қайсысы басқыншы екенін  осыдан-ақ көруге болады. Еліне қиян-кескі соғыс ашсақ, Президенті Зеленский елін тастай сала қашады деген орыс саясаткерлері оңбай қателесті. Ресей әскері Украинаға барлығы 120 батальонын енгізген болатын. Егер Зеленскийдің дерегіне сенсек, онда орыс әскерінің төрттен бір бөлігі соғысқа жарамай қалған.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі 12 наурыз күні Украина әскерінің 3500-ге жуық әскери нысанын, 123 пилотсыз аппаратын, 1127 танкі мен әскери брондалған техникасын жойғанын мәлімдеді. Бірақ, қанша әскерін қырғанын және Ресей әскері тарапынан қанша жауынгердің қаза тапқаны айтылмайды. Украина тарапының айтуынша,  «Ресейліктер  ұрыс даласында көшпелі крематорий алып жүргендерін, оққа ұшқан жауынгерлерін өртеп, оларды із-түссіз жоғалғандар қатарына жатқызбақ» деген ақпарат таратқан болатын. Өздерін аюдай мемлекет санайтын, әрі атом қаруын қолданамын деп әлемді үрейде ұстап отырған  Путин  соғысты  тоқтатуға тіпті асығар емес. Оның қойып отырған басты талабы Луганск пен Донбассты Ресей құрамындағы жеке мемлекеттігін мойындағанда ғана соғысты тоқтату туралы ойлануға болады деген шартын қоюда. Әлем алдында жексұрын, «қанішер Президент» деген атқа қалған Путин жаңбырдай жауған санкциялардан есеңгіреп қалды. Украина жұрты соғыс зардаптарынан жердің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап жатса, экономикалық ахуалдары күннен-күнге құрдымға кеткен ресейліктер Грузия,  Қазақстан,  Қырғызстан,  Туркия мемлекеттеріне ауа қашқан киіктей жосуда. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Путин ашкөздігінің арқасында Ресей экономикасын ми батпаққа батырды. Ал Украина Президенті «елден еш қайда да кетпеймін, не көрсемде еліммен бірге көремін деп, дүркін-дүркін әлем назарын өзіне аударып, украин халқының батыр да, ержүрек ел екенін дәлелдеп бағуда. Үш күнде жеңіске жете алмаған Ресей жанталасып, бейбіт тұрғындар тұрып жатқан ғимараттар мен мектеп, балабақша, аурухана, атом станциясына дейін бомбалауға көшті. Ақпараттар ағымына зер салсақ, орыс әскері Украина астанасы Киевті жаулап алу үшін жанталасуда. Және қалаға 25 шақырымдай жер ғана қалды деген ақпарат тарауда. Алайда украиндықтар  тайлы таяғымен жиналып, ел астанасын қорғап қалуға күш салуда. Одан бөлек, украиндықтарға қол ұшын созуда әлем елдерінен жалдамалы жауынгерлер келуде. Ал Бірікен Ұлттар Ұйымы мен НАТО заманауи қару-жарақтармен көмектесуде. Херсонды жаулап алған Путин 2014 жылғы сценарийді қайталауға тырысып жатқанын, Украина Сыртқы Істер Министрі Дмитрий Кулеба: «Путин өз бүлікшілері арқылы Луганск пен Донбасста өтірік референдум өткізіп, Украинадан бөліп алған еді. Сөйтіп,  ЛДНР  деген әлемде жоқ мемлекетсымақтарды (ертегі АФ құрамдас бөлігі) жасап шығарған. Енді сол сценарийді Херсонда қайталап жатыр» – деген ақпарат таратты. Өзінде барды қанағат тұтып, көрші мемлекетпен тату-тәтті тұрса орыстарға келер зиян жоқ еді. Алайда Украина халқын тоздырып жіберген Путиннің жан алғыштары Зюганов, Жириновскийлер Қазақстан жеріне де  көз аларта бастады. Мұндағы орыс тілділердің мұңын-мұңдағансып, Украинадан кейінгі кезек Қазақстанға ауыз салатындай пиғыл танытуда. Басқа мемлекеттерді қайдам, Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік тілден басым. Таза қазақ мектептерден гөрі аралас мектептердің саны артық. Орыс түгілі, қаракөз қазақтардың өзі ресми тілде жорғалайды. Жиындардың барлығы ресми тілде өтеді. Сонда Зюганов айтқан  сандырақ мәлімет екі елдің арасына ши жүгіртіп басқыншылық жасау ма? Тіпті, нақты фактілермен сөйлейтін болсақ, Ресейде қазақтар молынан шоғырланған Омбы, Архангельск, Алтай аймақтарында қазақ мектептері неге жоқ? Путиннің бар мақсаты кешегі қирап қалған Кеңестер одағын қайта қалыпқа келтіру, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп басып-жаншып, қан төгіп СССР-ді құрғысы келеді. Мұндайды қазақ: «Ақсақ қойдың көңілі ар жақта» деп айтады. Қанқұмарлығының арқасында өзінің қаншама жауынгерін оққа байлап берді. Украина Президенті Зеленскийдің айтуынша, қаза тапқан Ресей әскерінің саны Украина сарбаздарынан он есе көп екен. Күні кеше ғана әлеуметтік желіде ажал құшқан орыс жауынгері көмусіз қалғандықтан қаңғыбас иттерге жем болып жатқанын көрсетті. Басқыншылық жасалған 16 күннің ішінде Украина тарапынан 1300 жауынгер, орыс әскерлерінен 12000 жауынгер қаза тапқаны айтылуда. «Бір Украина әскеріне орыстың 10 солдатынан келеді. Соғысты бастаған біз емес», – деді Зеленский. Украина Президентінің айтуынша, 16 күн майдан ұрысында Ресей әскерінен 362 танкі  мен 1200 әскери брондалған техника, 83 тікұшақ пен 58 ұшақтың көзі жойылған. Ресей әскерінің бүкіл көзі жойылған техникалары мен қару-жарақтарын бүтіндей есептегенде, 5 млрд доллар шығынға батқаны айтылуда.

«Жау әскерінің айласы таусылды. Қалың қолды қаптатқаннан басқа амалы қалмады. Сансыз армияны, бүкіл әскерді айдап салып, сонымен бір нәтиже шығарғысы келеді. Бірақ шетінен жапырылып жатыр. Ресей әскері соңғы 10 жылда бұлай қырылып көрмеген екен. Соғыс басталғаннан бері жау әскерінің 31 батальоны талқандалды. «Әскери операция» жүргізуге мүлде жарамай қалды», – дейді Зеленский.  Ғаламтор ағымдарында Ресей Президенті В.Путин Қытай мемлекетінен экономикалық көмек, соғысқа қару-жарақ пен заманауи техникалар және ұшақтар сұрап жатқаны айтылуда. Соғыста жеңімпаз болмайды. Бейбіт күнде екі тараптан да адамдар шығыны күннен-күнге өсіп жатқанын аңғаруға болады. Белоруссияда үш мәрте, Түркияда бір мәрте келіссөз үстеліне отырған екі тарап та бір тоқтамға келе алмады.  Ресей украиндықтарды терорристтер десе, украиндықтар Ресейді басқыншы деп бір-бірлерін айыптауда. 9-шы наурыздағы Ресей тарапының мәліметіне сүйенсек, «Киевтің құпия жоспары жазылған құжаттарды қолға түсірдік дейді. Онда Ресейдің қорғаныс Министрлігі Украина қарулы күштерінің Донбассқа шабуыл жасау жоспары жазылған құжаттарды жария етті» – деп жазады РИА Новости.  Бүгінде ауыр кезеңде қалған Ресей мемлекеті соғыстың ешбір елге жақсылық әкелмейтінін біле тұра безбүйректілікке салынуда. Соғысты өзі бастаған Ресей тарапы  әлем алдындағы беделін жоғалтып қана қоймай, экономикалық дағдарысқа тап болды. Сау басына сақина тілеп, Ресейге жаппай санкция салуды  қолдамайтын мемлекеттер де бар. Солардың бірі Путиннің өзі көмек сұрап отырған шығыстағы Қытай мемлекеті. Аспан асты елі Ресейге қарсы салынған санкцияларды сынға алуда. БҰҰ жанындағы тұрақты төраға Чжан Цзюнь Батыс саясатына қатысты алаңдаушылығын жасырмайды: «Бұл үлкен гуманитарлық салдарға алып келеді және басқа елдерге де ауқымды шығын келтіретіні анық» – дейді. Ресейдің қол астындағы Шешенстан басшысы Украинадағы шешен сарбаздарымен бірге жүргені туралы хабар тарады. Онда шешен армиясы «Сіз бізге айтқан стратегия 100 пайызға орындалды» дейді Қауіпсіздік күштерінің бірі. Киевке дейін жеті шақырым қалғанын айтып тұр. Бейнесюжетте Қадыровтың Украинада екені айтылмайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «қажет болса әлемді кнопканы басып жойып  жіберемін» деген  Путиннен орыстардың өздері қорқып, көрші мемлекеттерге бас сауғалауда.  Келсе келе берсін, кең қолтығымызға кімді сидырмадық. Алайда қай мемлекетте тұрса, сол мемлекеттің Конституциялық заңын сыйлап, тілін, ділін меңгерсе құба-құп. Бастарын тығып әлденіп алған соң, бізге қысым көрсетіп жатыр, орыс тіліне еркіндік жоқ деп Украинаны арандатқандай, Ресейге сала-құлаш арыз жазып, екі мемлекетті қырғи-қабақ жасамасына кім кепіл?!

Айтақын  МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ