Отандық фармацевтикадағы тың серпіліс

0
2352

Әлемде дәрі-дәрмек өндірісі ең табысты әрі адамдар өміріне қажетті сала болып табылады. Айналамыздың дәріге тәуелділігі біртіндеп артып бара жатқандығы жасырын емес. Өткен жылы жаһандағы өтімді сауда қатарына қару-жарақтан кейін дәрі-дәрмек кірген. Соңғы жылдары көптеген елдер фармацевтика өнеркәсібін қауіпсіздіктің басты алғышы шартына балап, дәрілерді шеттен алуды азайта бастады.

  Қазақстанда фармацевтика енді қанат жайып келетін сала. Олай дейтініміз, ұзақ уақыт дәрі-дәрмек өндірісі жіті қадағаланбай келді. Тек 2017 жылы тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Фармацевтика саласын майшелпекке айналдырғандарды қуыңдар», – деген бір ауыз сөзі дәрі жасау, сату нарығындағы монополистерге таяқ болып тиіп, біраз былықтың беті ашылды. Қазіргі уақытта отандық өнімнің үлесі артып, дәрі жасау саласына қан жүгіре бастады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 24,2%-ға артқан. Өткен жылдағы осы уақытпен салыстырғанда бұл әлде қайда жоғары көрсеткіш. Былтыр 11 пайыздан аспаған болатын. Мұндай жылдам көрсеткіш аталмыш салаға отандық өндірушілермен қатар шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасаумен байланысты. Өткен күздің соңғы екі айында дәрі-дәрмек өндірісі 56,6 миллиард теңгені құрады. Сол дәрілердің барлығы еліміздің екі облыс, бір қаласында өндірілген. Шымкент – 23,1 млрд, Алматы облысы – 21,1млрд және Алматы қаласы 14,2 млрд теңгенің өнімін шығарған.

Осы бағытта Алматы облысы дәрі жасаушыларға айтарлықтай жағдай жасап отыр. Елімізде 170 -тен астам фармацевтикалық кәсіпорын болса, соның жартысынан көбі Алматы облысы мен қаласында шоғырланған. Ауқымды жұмыс жасап жатқан бір шоғыр өндістерден  қуаты 200 млн таблетка өндіруге қауқарлы «Химфарм» АҚ, «АбдиИбрахимГлобалФарм» БК ЖШС, «ЭЛЕАС», «Сұлтан» фармацевтикалық зауыттарын айта кету керек. Ал, келер жылы қолданысқа берілетін «Azia Gold» ЖШС -нің өнімдері өңірде өсетін емдік қасиеті мол шөптерден жасалатын дәрілер болмақ.

Қалай десек те осы ақпараттарға қарап отырып, фармацевтика өндірісінің аяқ алысының жаман еместігіне көз жеткізесіз. Бір айта кетерлігі, бұлардың көпшілігі отандық өндірушілер немесе шетелмен серіктес кәсіпорындар. Яғни, соңғы айтқан «Azia Gold» ЖШС неміс технологиясымен жабдықталған Германиялық дәрі жасау серіктігімен еншілес компания. Болашақта қазақ жерінде өндірілген дәрілерді дамыған батыс жұрты пайдаланып жатса, таң қалудың қажеті жоқ. «Жалбызды жерде жан қалар», «Киелі ерменнің күйесі де дәру» — дейтін қазақтар мың жыл бойы осы ұлы далада дәрі жасау мәдениетін қалыптастырғаны анық. Зерттеушілер осы уақытқа дейін қазақ емшілері пайдаланған мыңнан астам дәрінің атын атап, түсін түстейді. Сондықтан қазақстанда дәрілік заттар өндіру ісі бертін қолға алынды деуге келмейді. Тіпті, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарымен салыстырғанда қазір елімізде дәрі жасау ісі 42 пайызға артқан. Биылғы жарты жылдықтың өзінде отандық 80 кәсіп­орын 11 мың тоннадан аса дәрі­лік затты халық игілігіне ұсынды. Барлығында өз жеріміздегі минералды-ресурстар пайдаланылған.

Қазақстанда дәрілер туралы айтылғанда, оның сапасынан бұрын бағасы көп адамды қызықтырады. Үкімет 2022 жылы бүкіл халық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады деп мәлімдесе де дәріханаларда баға бір түскен емес. Керісінше көтеріліп отырады. Былтырдың өзінде 2018 жылмен салыстырғанда дәрі бағасы 8,2%-ға жоғарылаған. Соның ішінде, дәрумендер – 11,4%, анальгетиктер – 10,6%, корвалол мен антибиотиктер 9,3% қымбаттаған. Биылғы пандемия бұл көрсеткішті көбейтпесе азайтқан жоқ. Әсіресе, антибиотиктіктер мен антисептик және медициналық құралдар бағасы айтарлықтай өсті. Жыл аяғына дейін МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жұмысы жанданып, халыққа тегін дәрілік препараттарды таратып жатса, коронавирус салдарынан қиыншылыққа ұшыраған азаматтарға үлкен көмек болар еді.  2019 жылдың қорытындысы бойынша аталмыш бағдарламаның игілігін 2 миллионға жуық азамат қана көрген. Бұл жалпы ел халқының 10 пайызы. Бұл жүріспен 2022 жылғы межені бағындыру қиындық тудыраты сөзсіз. Оның үстіне биылғы пандемия Денсаулық сақтау министрлігінің саладағы кейбір кемшіліктерді дер кезінде реттеуіне қолбайлау болған сыңайлы. Қарапайым ғана мысал. Дәріханалар отандық және шетелден келген екі дәрінің қайсысы қымбат болса алдымен соны өткізуге тырысады. Себебін сұраған жұртқа аналогының сапасы төмен, шипасы аз деген жалтарма жауаппен құтылады. Осы бағытта министрлік нақты шараларды қабылдап, отандық өнімге баса дем беру керек сияқты.  Дүние­­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ұсынымы бойынша, әрбір елде отандық өнімдердің үлесі кемі 25 пайыз болуы тиіс, әйтпегенде, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнуі ықтимал. Сондықтан ішкі сұра­нысты отандық өндірушілер есебінен қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі мәселе.

Дәрі жасау – ұлттық, гендік, діндік ерекшеліктерге де маңыз беретін айырықша сала. Ресурстық қуаты мол еліміздің ішкі қажеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, тіпті алыс-жақын шетелдерге де экспорттауға мүмкіндігі бар. Тек жүйелі, зерделі басқару механизмі болса жеткілікті. Сонымен қатар дәрі сапасы да тиісті деңгейде қадағаланғаны жөн. Шығарғанның жөні осы екен деп жосықсыз, сапасыз өнімді ұсынатындарды шектеу керек. Бұл бағытта бәсекелестікті арттыру сапалық деңгейді көтерудің алғы шарты. Шикзаттық мүмкіндіктерге бай Қазақстан жақын болашақта фармацевтика саласында ешкімнен дәрі қажетсінбейтін тәуелсіз ел болады деген сенімдеміз.

А.НАЗЫМ.

Кілтсөздер:МЕДИЦИНА


ПІКІР ЖАЗУ