Салымы жоқтардың сағы сынды

0
1851

2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бөлімін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады.  ҚР Президенті  Жолдауда  осылай деп мәлімдеді. Содан бері  бұл мәселе  ел ішінде қызу талқыға түсті.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің түсіндіруі бойынша зейнетақы қорынан ақша алу үшін  есепшотыңыздағы қаржы белгілі бір шектен төмен болмауы керек. Мәселен,  жасыңыз 30-да болса есепшотыңызда 2 млн. 518 мың теңге болуы тиіс. Егер қордағы ақшаңыз бұдан асып кетсе  ғана сіз сол қаржыны ала аласыз. Сонымен жас бойынша сараптап көрсек: 30 жас үшін – 2 млн. 518 мың теңге; 35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн. 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн. 586 мың теңге. Қордағы ақшаңыз осы көрсеткіштен асса ғана сіз тиісті қаржыны ала аласыз. Ал, бұл   тізімге әркім  іліге  бермейтіні  айдан  анық. Себебі, орташа жалақы алатындар аталмыш  соманы қанша жылда жинай алатынын бағамдай беріңіз. Бұған  бас қатырғандар да  көп.  Мәселен,  баспа саласында 32 жылдан бері еңбек етіп келетін Гүлнәр  апайдың  айтуынша, оның  22  жыл бойғы  зейнетақы қорында жиналған салымы   небары 1 млн. 300 мың теңге. Жиырма жыл бойы  40  мың теңге  еңбекақы алып келген оның жалақысының 70 мың теңгеге көтерілгені тек  бір  жылдың жүзі  ғана болған. А,л  зейнетақы шотындағы ақшасы Министр айтқан  көрсеткішке іліге де алмайды.  Яғни,  бұл – ол үшін  тек  арман ғана. Сондай-ақ,  аталмыш механизмге  үміт арта алмайтындардың санатына  баспагер  Сәуле  апайымызды  да кіріктіруге болады.  Отыз жылдан астам уақыт еңбек өтілі бар оның да зейнетақы қорында  жинаған салымы   Гүлнәр  апайымыздың  жинағанынан   сәл көптеу. Бірақ, 50 жастағылар үшін  есепшотта болуы тиісті  4 млн. 495 мың теңгені жинап та үлгермеген. Қайтіп жинасын. Өйткені, оның 50 мың теңге еңбекақысымен жиналған есепшоттағы  ақшасы  2 миллионға да  жетпейді. Баспагер  әрдайым алдыңғы қатарда тұратын мамандықтың бірі болып есептелінгенімен  бұл азаматшалардың   зейнетақы қорындағы  жинаған салымына қарап қарның ашады.  

Ал,  мұндай еңбекақы алып отырған жандар қаншама.  Оларды  тізбелеп шығатын болсақ, естен танып, есептен жаңылатын шығармыз, сірәда?! Бұл тұста ФБ желісінде жазған  әріптестердің бірі  былай деп ой топшылайды.  «Зейнетақы қорында жатқан ақшаңызға мүмкіндік болса, тиіспеңіз. Өйткені,  ертеңгі зейнетақыңызды осы ақшадан аласыз, сондықтан қазір бір бөлігін алып алсаңыз, ертең (ну енді күні ертең емес️) зейнетақыңыз аз болады. Немесе ұзаққа жетпей бітіп қалады. Ал «күлшелі бала сүймекке жақсы»  деп қазақ текке айтпаған.  Егер жасыңыз 40-тан асса және қорда қалуы керек деген суммадан едәуір көп жинасаңыз, ақшаңызға тиіспеңіз. Өйткені,  сіз 50 жастан зейнетке шыға аласыз». Бұл да жөн сөз-ау. Дей тұрғанмен,  зейнетақы қорынан ақша алғысы келетін, бірақ   есепшотындағы қаржысы белгілі шектен төмендер қайтпек? Отыз жыл еңбек етіп, орташа жалақы алып  отырғандар  есепшотындағы қаржысын қалай толтырмақ? Мұндайда, салымы жоқтардың сағы сынбай қайтсін. Сонда, зейнетақы қорынан жинақтарының бір бөлігін жеткілікті салымы бар азаматтар ғана алып отыра бермек пе?  Бұл тұста,үкімет   қарапайым халықты бір қолымен сыйпап, екінші қолымен ұрып отырған жоқ па деген ой мазалайды тағы. Неге?

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ 

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ