Сапалы қызмет көрсетпейді

0
2074
1

Өткен айдың соңынан бас-тап Талдықорған қаласындағы қоғамдық көліктерде элек-трондық билеттеу жүйесі енгізілген болатын. Жаңа жүйемен бірге қолма-қол ақшамен төлеу кезіндегі жол жүру құны бірден 120 теңгеге өсіп, халық әрі-сәрі күйге түскен-ді. Абдыраған жұрт төлем карталарын сатып алу туралы жарнамаларды көргенімізбен, қала көлемінде электрондық төлем жүйесі нақты қай уақыттан бастап енгізілетіндігін білмедік деп наразылығын білдірген. Алайда, «басқа түссе баспақшыл» демекші, басқа шара жоқтығын түсінген тұрғындар жапа-тармағай қазпошта та-балдырығын тоздырып, төлем картасын сатып алуға кірісті.
Дей тұрғанмен, әлі бірізділікке түспеген жаңа жүйенің кемшілігі жайында әлеуметтік желілердегі парақшаларда жарыса жазып, төлем картасына байланысты сұрақтар қарша борауда. Елді толғандырған сан сауалдың басында тұрған – төлем картасына, яғни, құны 500 және 400 теңге тұратын «AlemPay» картасына ақша толтыру мәселесі. Ең оңай жолы осы шығар деп картаны алған жұрттың жарымы оны іске қоса алмай, қалғаны смс арқылы оған ақша сала алмай әлек. Тіпті, кейбірі картаға салған ақшаның қолданбаса да, жоғалып жатқанын айтуда. Мәселен, 2505 қысқа нөміріне қаржы салу үшін жолдаған смс бармай, халық «Smsbus» мобильді қосымшасының көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Алайда, қосымша да смс жіберу арқылы іске қосылатындықтан, тұрғындар одан да қайыр көрмепті. Енді тек терминал жағалап, картаны толтырудан басқа амал жоқ. Жолаушылар үшін картаны іске қосу мен оған қаражат салу да, мобильді қосымшаны пайдалану да әуре-сарсаңға салатын мәселелер қатарында. Ал бүгінде қоғамдық көлік жүргіншілерінің басым көп-шілігі жолақысын Kaspi.kz қосымшасы мен QR-код, сондай-ақ, кез-келген банк картасы арқылы төлеуде. Толғандырған мәселе бұл ғана емес. Тұрғындар тарапынан түскен талап-тілектердің бірі – автобустардағы вали-даторлардың дұрыс жерге орналастырылмауы. Карта арқылы төлем қабылдайтын құрылғы қоғамдық көліктің артқы есігінің жанына қойылған. Жолаушы ағыны көп болған уақыттарда автобусқа кіріп, төлем жасау үшін көп адамның арасынан артқа қарай жылжудың өзі қиын. Ал валидатор өшіп тұратын жағдай болса, жүргізушінің жанындағы құрылғы арқылы қаптаған кезекпен жолақысын төлеуге тура келеді.
Заман талабына сай цифрландыруға көшеміз деген ұранмен қоғамдық көліктер де жаңа жүйеге қосылды. Ал атын дардай етіп бастаған жүйе әлі бірізділікке түсіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетпейді. Неге?

Л. КӘЛІМХАН.

Кілтсөздер:НЕГЕ?


ПІКІР ЖАЗУ