Сегіз қырлы, бір сырлы ГҮЛСАҒИРА

0
1274

Әйел – отбасының ұйытқысы болса, қоғамда бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Қоғам мен мемлекет ісіне келгенде әйелдер қауымы ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеуде. Сондай ізгі жандардың бірі Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханасының емханасындағы эндоскопия бөлмесінде медбике болып еңбек етіп келетін Гүлсағира МАЛБАЕВА.

Бала шақтан үстіне ақ халат киіп, дәрігер болсам деген арман оны алға жетелеп, медициналық училищенің медбике мамандығын таңдауына түрткі болды.
«Он жеті жасымда облыстық аурухананың хирургия бөліміне медбике болып орналастым. Сол жерде отыз жылдай еңбек еттім. Жәй ғана медбике болсам да жұмысымды ерекше жақсы көрдім. Жалпы, дәрігер болудың жауапкершілігі жоғары ғой. Соның ішінде хирургия саласындағылардың еңбегі тіптен ерен деуге болады. Бұл саланың жүгі өте ауыр әрі адам ағзасының түрлі бөлігіне ота жасау кезінде жүктелетін міндет те зор. Осы бөлімде еңбек жолын бастап, шыңдалдым десем болады. Мен келгенде аурухананы Шаймерден Садықұлы басқарып тұрды.
…Қандай мамандықтың иесі болмаңыз, ең алдымен ісіңізді жақсы көруіңіз керек. Соның ішінде, дәрігерлік мамандықтың орны айрықша дер едім. Дәрігер деген бұлт ішінде ойнаған найзағай тәрізді. Найзағайсыз аспан көгі тазармайды, адамның да көңілі де солай. Жанға дәру болар бір ауыз сөз бен жылы шырай тантуы арқылы дәрігер көңіл көкжиегін жұпар ауа боп тазартады. Өмірге ғашық жандарды бұлтты жарған найзағайдай ақ жауынға бастап, көгершін көңілді жайма шуақ күнге жетелейді. Жайдары күнге жету – жер бетіндегі барша адамның ғазал арманы емес пе. Ал, ғазал армандарды мәпелеу — ақ халат киген жандардың үлесіне тиген тірлік дер едім. Жаны дертті жанды жайдары күнге жетелеу — науқасты ауыр ой құшағынан аршып алудан басталады. Дертті жанның жан көгін жарқыратуға, арман асқарын аласартпауға тырысу, адам бойындағы үміт шынарын құлатпауға барын салудың өзі аласапыран дүниеде оңай ма? Әрине оңай емес. Дәрігердің барлығы осындай ауыр жүкті арқалайды. Жүрегіндегі арда арманы үшін талмайды. Адамға пайдам тисе деген ойдың өзінен рахат табады» деген оның әр сөзінен мамандығына деген мақтаныштың жылы лебі сезілді.
Кейіпкеріміздің сөзінше, хирург-дәрігер болып жұмыс істеу үшін берік жүйкеден басқа, шыдамдылық, ұстамдылық, сабырлылық қасиеттерге ие болуы тиіс. Осы бөлімде медбике болып отыз жыл қызмет еткен Гүлсағира Байжұманқызының бойынан да біз осыны аңғардық.
Дәл қазіргі таңда ол емхананасыңдағы эндоскопия бөлмесінде медбике болып жұмысын атқарып келеді. Айтуынша, айналасы сегіз жыл ішінде эндоскопиялық әдіс-тәсілдің қыр-сырына қанығып үлгерген.
Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылында туып-өскен кейіпкеріміз дәрігерлік мамандықтың сыры – ең әуелі адамға деген сүйіспеншіліктен басталатындығын айтты.
«Әр келген науқастың көңілінен шығу да өнер ғой. Мамандығым медбике болса да адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға, олардың көңіл-күйіне көбірек назар аударуға тырысамын. Біз тек асқазанды тексермейміз, колоноскопия да жасаймыз, яғни,тоқішек пен тікішекті де қараймыз. Бұл тіпті қызықты. Жалпы колоноскопия қарағалы төрт жылдай уақыт болды. Бастапқыда мұндай аппарат болған жоқ. Ал қазіргі жағдай басқаша, келген адамдарға ауруын анықтап, бірден ем алуға да мүмкіндік туды. Келгендердің емін алып кетіп жатқанына өзім сондай риза боламын» дейді ол.
«Мың кісінің алғысын бір сәтте алатын әлемдегі жалғыз адам –дәрігер ғана» депті көне білгірлердің бірі. Өмірін медицинамен ұштастырған кейіпкеріміз де жылдар бойы ел алғысына бөленіп келетін білікті маман. Бүгінде үш баланы тәрбиелеп, немере сүйіп отырған сегіз қырлы, бір сырлы апайымызға әдемі қартайып, көпке үлгі бола беріңіз дейміз. Мерекеңіз құтты болсын, ақ желеңді абзал жан!

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ