Сиқырлы сусындар сергіте ме, еліте ме?

0
1363

Дүкенге кіре сала «Gorilla», «Forsage»,  «Red bull» деген сергіткіш сусындар көзге оттай басылады. Ішуге құмартып, соңғы тиыны  болса да  сатып алатындар қатары жиіледі.  сусынның Зияндылығы  жайында  ғаламтор  желісінде шулап жүрсе де, « не болыпты бір рет ішкеннен?»  деп күніне  бір рет емес бірнеше рет ішетініміз ол да бар.

Еуропалықтар табиғи судың өзін фильтрден өткізіп ішкендерімен қоса,  газды сусындардан бас тартқандығын ескерсек, біз неге бұл сусынға құмармыз?

Біз тұтынып жүрген энергетикалық сусынның сыртында «аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, қарттарға, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды» деген ескертпе бар. Бірақ, сол ескертпені оқып, орындап жатқан жанды көрмейсің. Сол себепті тәуелділік туғызатын бұл сусындарға тыйым салынсын әлде, белгілі бір шектеумен сатылымға шыққаны дұрыс –ау. Жалпы «сергіткіш сусын сергіте ме әлде тәуелді ете ме?» деген сауалнама жүргізген едік.

Бұл энергетикалық сусынға ересектер ғана емес бүлдіршіндер де әуестенгені қорқынышты. Бұл жайлы көп балалы  Гүлдәурен Бекетқызынан сұрап көрдік. «Жолдасым мектепте күзетші болып істейді. Сонда ұйықтап қалмас үшін «Gorillaны» сатып алғызып қояды. Басында, үйге әкелісімен балалар шуласып, таласып, соңында жылап жүріп, ішіп алады. Кішкентай қызым сөйлей алмаса да, «ымдап» қолын созып, қалайтынын жеткізеді. Зияндығын білгендіктен үйге әкелмейтін хәлге жетсек те, үлкен ұлымның қолына 350 теңге түссе бітті, дүкеннен осы пәлені әкеледі. Меніңше бұл сергіткіш сусынға тәуелді болатын қоспа да қосатын сияқты», — дейді.

Күнделікті энергетикалық сусындардың сатылымын көріп, арасында сол сусыннан нәр алып жүргендерді де сөзге тартқан едік. Дастан Өмірзақұлы азық-түлік дүкенінде сатушы болып істеп жүргеніне биыл төртінші  жыл.

— «Мен айтсам, сіз сенбейтін шығарсыз, күніне орта есеппен 120-140 энергетикалық сусын сатылымға шықса,  демалыс күндері 200-ге  дейін энергетикалық сусын саудаға түсіп жатады. Бір нәрсе айтайын ба, күніне 4 «Gorilla» ішіп табыссыз үйге қайтқан күндерім болды. Ақырындап, жүрек соғысымның жиілеп кеткенін байқадым, содан кейін тәуелділік пайда болды. Бір күні қатты ауырып, жедел жәрдем шақырттым. Асқазанымда өзгерістер болғанын айтты. Содан кейін сергіткіш  сусын ішпеуге тура келді. Қазір ішу былай тұрсын, иісі мұрныма келсе, лоқсып жіберетін болдым.

Шынымды айтсам, тек осы энергетикалық сусын арқылы жалға алған дүкенімнің  арендасын өтеп жүрмін десем де болады.  Жазда  күннің ыстығына байланысты алып жүрген адам күзде де келіп тұрады. Бұл сусындардың зиян екенін білсем де, сұраныс өте қарқынды болып тұр. Қысқаша айтсам, менің дүкеніме «Gorilla» үшін кіретін сияқты» деген пікірі арқылы энергетикалық сусынның сатылымдағы жоғарғы деңгейін айтқандай болды. Терапевт дәрігер Назерке Ермекқызы энергетикалық сусынның пайдасы мен зияндылығына тоқталып өтті.

«Энергетикалық сусын дәрумендер кешенімен глюкозадан тұрады. Әсері 3-4 сағат бойы адамның денесінде болады. Сонымен қатар газдалған болып келгендіктен, адам бойына тез дариды. Ал кемшіліктеріне  кезек берсем, энергетикалық сусынды белгілі бір мөлшерде яғни,  күніне 2 құтыдан артық ішкен жағдайда, адам бойына кері әсер етеді. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы әбден мүмкін.

Энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды.  Ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Бір нәрсені естен шығармаған абзал, сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, қысқаша айтқанда, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз деген сөз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келетінін ескеріңіз.

Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді. Сол себепті, біз энергетикалық сусынға әуестеніп тұрамыз. Жүрек аурулары бар, гипо немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды ішудің мүлдем қажеті жоқ»  дей келе, энергетикалық сусындардан гөрі таза су ішкен жөн деп кеңес берді.

Тәжірибе жасау барысында дүкен сөресінен сергіткіш сусын мен жәй  суды сатып алдым.  Үйге кіре сала, 2 жасар ұлыма таңдау жасаттым. Ол лезде энергетикалық сусынды таңдады. Тәжірибем бір баламен шектелмесін деп екінші 3 жасар ұлыма таңдау жасаттым. Ойланбастан ол да сергіткіш сусынға таңдау жасады.  Айтарым,   тәуелділік тудыратын бұл сусыннан ертерек бойды аулақ ұстаған дұрыс-ақ. Ал, бұл жайында сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

 

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

 


ПІКІР ЖАЗУ