Талдықаладағы тағылымды шара

0
2965

  Абай күніне орай Жетісу жерінде бірқатар тағылымды шара өтті. Соның бірі Талдықорған қаласында ұлы ойшылдың бейнесі тұрғын үйдің қасбетіне қашалып, салынды.

Граффити жанрында салынған Абай бейнесі  жетісулық жас суретшілердің қолынан шыққан тың туынды болып табылады.  Жетісу университетінің түлектері Еркеғали Иманғали, Жазира Жұмабаева және Жадыра Отарбекованың шығармашылық идеясының жемісті жүзеге  асуын  Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары қолдапты.  Жалпы, бұл жастар қолынан шыққан алғашқы дүние емес, «Жетісу АРТ» жобасы аясында суретшілер тобы сыбайлас жемқорлыққа қарсы үндейтін суреттер мен дәрігерлер құрметіне арналған графитти бейнелердің тұсауын кескен еді.

Мереке күні облыстық мәдениет басқармасының мұрындық болуымен жарық көрген  «Адамзаттың Абайы» кітабының да  тұсаукесері өтті. Биыл Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Абайға арнау» атты жазба ақындар мүшәйрасы өткен болатын. Жарық көрген жинаққа сол мүшәйрадан оза шапқан бір топ ақынның өлеңі топтастырылды.

Ал «Nur Otan»  партиясы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ұлы ақын өлеңдерінің онлайн кеші өтті. Әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілген  кеште «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографикалық ән-би ансамблінің әншілері өнер көрсетіп,  жас ақындар хәкім Абайға арнау оқыды. Бұдан бөлек,  Алматы облысында тұратын  этнос өкілдері арасында «Ортақ Абай» деген атпен өткен көркемсөз оқу байқауы да қорытындыланды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ