«Талдықорған газбен жүретін 55 автобус алып келеміз»

0
1583

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді шенді-шекпенділердің бәрі бірдей, елеп-ескеріп жүрген жоқ. Бірінің қызметтік жолында өрлеу қалай тез болса, құлдырап құлауы да жылдам болуда. Тіпті өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмай, жылы орындарынан жылға толмай босап жатқандарын көресің.  «Бес саусақ бірдей емес», бәріне топырақ тағыда шаша алмаймыз. Халықпен тығыз араласып, күрмеуі түйткіл мәселені шешуде, қайнаған тірліктің бел ортасында жүргендері де бар. Ондай дара тұлғаларды халық санасына мәңгі сақтап, атқарған жұмыстарын, адамгершілік қасиеттерін аңыз ғып айтып жүреді. Сондай нар тұлғалы азамат  өткен жылы өршіген індеттен көз жұмған Жолан Омаров, бүгінде  Еңбекшіқазақ ауданында әкімдік қызметін жалғастырып жатқан Әлібек Жақанбаев, тағы басқа да шенділер туралы жылы сөздер айтуға болады. «Алатау» қоғамдық саяси басылымы әкім-қаралар туралы жиі-жиі мақалалар жариялап тұратынымыз оқырмандарға мәлім. Бұл жолы  Талдықорған қаласының әкімі  Ержан  ЖАСЫБАЕВПЕН  жүздесіп,  көкейде жүрген сауалдарға жауап  алудың сәті туды.

АЛАТАУ: – Ержан Бәкірбайұлы,   Талдықорған қаласына әкім болғаныңызға тура бес айдың  жүзі болыпты. Бұған дейін әкімдік қызметте болмағансыз. Әкімдік мансаптың бейнеті қандай екен?

Ержан ЖАСЫБАЕВ: – 21 жыл мемлекеттік қызмет атқарып жүрген сәтте әкім болам деп ойламаппын. Соның 20 жылын автожол саласына арнаппын. «Бұйырған бақ» дейміз бе, әлде қазақтың «Тасың өрге домаласын» деген баталы сөзі қабыл болды ма, ойда-жоқта  әкім болдым. Әкімдік қызмет деген әрі қызық, әрі бейнеті бел шештірмейтін шаруа екен. Мәселен, автожолда жылдың басынан жұмыстың бәрін ыңғайлап алып, жоспарын жасап өзінің жүйесімен істей бересің. Ал, әкімдікте жоспарлау бар болғанымен,  жұмыстар күнделікті туындап жатады. Бүгін бір жұмысты аяқтадым десең, ертең алдыңнан тағы шығады. Бес ай  ішінде бір жаңалық аштым дей алмаймын. Алайда бұрын қыр-сырын білмеген қызметтің қызығы да, шыжығы да бар.  Таңғы сағат 6-да тұрып, жуынып-шайынып 7-де қызметіме кірісемін. Күніне  бір сағат қаланы аралап, тыныс-тіршілігімен танысып шығамын. Сағат 8:00-де жұмыс кабинетіме келемін. Түйінді, түйткілді мәселелерді, жоспарлы дүниелерді талқылап, тапсырмалар беріп, келген адамдарды қабылдап, кешкі жұмыс уақытының қалай аяқталғанын да байқамай қаламын. Маған дейін қызмет атқарған әкімдер қалай жұмыс істеді, оған баға бере алмаймын. Әрқайсынның өзіндік жұмыс істейтін стилі бар.  Өз басым, кабинетке отырғанда  кім келсе де қабылдай беремін. Менде белгілеп қойған кесте  бар, бірақ оған қарамаймын. Уақыт болып жатса, алдыма келген қарапайым халықты кез келген уақытта қабылдаймын. Өйткені ол адам  әкімдікке  жайдан-жай келмейді ғой.   Бұдан бөлек,  айына екі рет қабылдау өткіземін. Қабылдағанда жеке өзім ғана қабылдамаймын, қол астымдағы әр салаға жауапты  орынбасарлар  мен мамандарды бірге отырғызып, қабылдауға келген адамның сауалына жауап беруге, әрі шара қолдануға, жағдайын жасауға тырысамын. Мәселен, келушіден не қажетін сұрап, протокол жазып, оны үшінші біреуге тапсырма беріп уақыт оздыру мен үшін әбестік болар еді.  Әкімдік қызметке кіріскенде алғашқы жұмысымды «Пәтер иелерінің кооперативі» қызметінен (КСК) бастадым. Солардың басшыларын ша-қырып, жағдайларын сұрап, олардың бастықтарын жеке-жеке қабылдадым. Қалада шешілмей жатқан қандай дүниелер бар деп, солармен бірігіп  туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастырдық. Қазақ мұндайда: «Бірлесіп көтерсең жүк жеңіл» дейді емес пе.

АЛАТАУ: – Қаланың тыныс-тіршілігімен толықтай танысуға бес ай, көп уақыт емес. Атқарған жұмыстарыңызға қарасақ, қыруар шаруаның басын қайырыпсыздар. Әйтсе де,  түйіні тарқатылмаған, жыл аяғына дейін шешілуі тиіс  деген  жоспарларыңыз да  бар шығар?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Әрине бар. Минут сайын ширыққан тайбурылдай қаланың кескін-келбеті  жыл сайын ажарланып келеді. Халық саны да өсуде. Баспанаға деген сұранысты өзіңіз жақсы білесіз. Одан бөлек,  күрделі жөндеуді қажет ететін баспаналар, ғимараттар қаншама? Сонау, кеңестік кезеңнен және тәуелсіздік  алған жылдардан бері  салынған үйлер бар.  Қалада 754 көпқабатты үй  бар, соның 115-нің шатырынан  су ағады. Былтыр да, биыл да күрделі жөндеуден өткен үйлерден шығып жатқан ақаулар бар.  Мәселен, былтырғы жасалған үйлерді тапсырыс алып, жұмыс жасағандарды   шақырып, ақауларды көздеріне көрсетіп, тиісті тапсырмалар бердік. Ал, 115 үйдің құжаттарын дайындап жатырмыз. Биыл күрделі жөндеуге байқау жариялаймыз, Соны жылдың аяғына дейін бітіріп, сараптамадан  өткізсек, келесі жылдың бюджетіне тапсырыс береміз. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердегі лифтілер мәселесі бар. Қалада  48 үйде 74 лифті бар екен. Сол 74 лифтінің 25-сі жөндеуді қажет етеді.  Лифтімен айналасатын үш мекеме бар. Олардың да бастықтарын шақырып алып жеке-жеке әңгімелестім, ойларын тыңдадым. Олар қорытынды (заключение) жасамайды екен. Біз Алматыдан серификаты бар  мекемені  шақырдық.  Енді солармен жұмыс жасаймыз. Бұған бюджеттен қаржы бөлінетіндіктен, оның іс-қағаздары заңға сай болуы керек. Сонымен қатар тек қаланың ішін ғана жарқыратып, шеткі аймақтарды шетке ысырып қойғанымыз талапқа сай келмейді. Қазанның төрт құлағындай, әрі қыздың жиған жүгіндей көрікті болсын деген мақсатпен қаланың шеткі аймақтағы көшелерін де назарға алдық. Биылша қаланың орталығын қоя тұрамыз, жеке тұрғын үйлер қарқынды салынып жатқан  «Жастар-1», «Жастар-2» ықшам аудандарына ерекше көңіл бөлінуде. Алла бұйырса бұл ықшам аудандардағы жолдар қалыпқа келетін болады. Тағы бір  әлеуметтік мәселе – қала ішіне қатынайтын автобустар маршруты. Бұған  өз басым ерекше көңіл бөліп келемін. Бұрын осы салада қызмет атқарғандықтан бес саусағымдай білемін. Жұмысқа кіріскен күннен  осыларды бақылауға алдым. Автотранспорт қожайындары «қай уақытта жұмысын бастайды, қай уақытта жұмыс уақытын аяқтайды», ертеңгісін шыққанда автобустарды қалай шығарады, тексеріс қалай жүруде. Олардың диспетчерлері, медиктері, бақылаушы механиктері бар ма?  Осыларға   бақылау жасаудың арқасында бұл салада біраз тәртіп орнаттық. Түйткілді дүниелерден су құбыры, жылу сервистерімен танысып жатырмын. «Басқуат» жылыту қазандығына бардым. Оның бастығымен ақылдастым. Былтыр екі қазандық газға өткенін білісіздер. Екеуі жасалып жатыр, бары 7 қазандық. Енді «Басқуаттың» өзі туралы. Оған мамандарды шақырып жатырмыз. Егер осы қарқынмен жүре берсек, «Басқуаттың» күші жетпей қалады. Соған қазірден қамдануымыз керек. Сол үшін «Басқуаттың» қасынан істеп тұрған жүйесін  бұзбай, жанынан  жаңасын салуды көздеп отырмыз. Содан соң «тест» туралы. Оның да жерін белгілегеннен кейін, құжаттарын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен бірі-гіп, шешетін боламыз. Тағы бір өзекті мәселе қаладағы көпірлер. Көпірлердің біразын қарап шықтым. Олардың көзбен көретін, көрінбейтінде жерлері бар. Көпір астындағы «балкілерін» анықтау үшін, арнайы  мамандарын шақырып, диагностикасын жасамақпыз.  Жамбыл облысында Боранқұл  Елубаев деген бастығым болған. Сол кісі айтушы еді:«Жолда шұңқыр болса, шопырдың көзі бар, айналып өтеді. Ал, көпірде шұңқыр болса, ол үлкен трагедия» деп.  Себебі, көпір судың үстінде тұр. Жылдан-жылға жағдай жасап тұрсаң, ол ұзақ жылға жарайды. Ал, қаралмаған жағдайда олардың арматуралары ашылып, қабырғалары сетінейді. Асты шайылады. Оны бақылап, орнына қоя қойсаң жақсы. Сондай жұмыстарды қолға алудамыз. Жолдың да ар-жақ, бер-жағын қарастырудамыз. Тағы бір жаңа технология бар: «ONYX» деген соны Талдықорғанға алып келе жатырмыз. Құдай қаласа үш-төрт күнде жұмысты бастаймыз. Жаңа технология  ескі асфальттың беткі қабатын  сұйықтық арқылы тегістейді.  Бізде темір, ағаш, асфальт, құм, тас болсада бәрі уақыты келгенде тозады. Мына жаңа технология соны қалпына келтіруге көмектеседі. Әрі бюджеттің ақшасын үнемдеуге пайдасы зор. Қазір көптеген жасаған жолдардың шұңқыры көп, оған су кіре береді. Соған жаңа технологияны қолдансақ, ол ұзаққа шыдас береді. Бұл тәсілді бірінші рет қолданбақпыз. Одан басқа саяжайлардың жағдайларын сіздер білесіздір. Сол саяжайлардың алтауының құжаттары реттелді. Соны қаланың балансына алуды жоспарлап отырмыз. Саяжайларды да аралап көрдім. Олардың да басшыларын ТҮКШ-на шақырып сөйлестік. Солармен бірігіп көктемде тазалау жұмыстарын жасадық. Әсіресе, бірінші бөлімше деген саяжай бар екен. Олардың жағдайы өте төмен. Саяжайларда көп учаске бос тұр. Ондағы тұрғындардың бәрі күл-қоқыстарын соған тастайды. Оларға да түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Подхозға бардық. Ол жерлерді шаруа қожалықтары алып алған. Қазір солармен жұмыс жасаудамыз. Сол жерлерді сатып алсақ деген мақсатымыз бар. Бұрынғы ескі техникумның өндірістік базалары сол жерде. Соны  алып, учаскелерді халыққа бөліп берсек. Содан соң «Мойнақ» ауылында 112 жер телімі бар екен. Соның жетеуінде ғана үй салынған. Қалған       103-і бос тұр. Қазір пәленбай мың адам жер телімін сұрап жүр. Жерді алғандар үй салғысы келмесе, қайтадан қайтарып берсе, жер телімін сұраушыларға беретін боламыз.

Қала халқының қазіргі саны 176000. Менің пайымымда бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі тіркелмей жүргендері бар шығар. Халық саны өсіп жатыр. Нақты цифрды санақшылардан білетін боламыз. Саяжайлардағы тұрғындардың 50-60 пайызы тұрғылықты. Оларға да су, жол, жарық керек. Қазір соның бәрін жоспарлап отырмыз. Саяжай жақта мектеп те салыну керек. «Ынтымақта»  мектеп салу биыл басталып кетті. Котедждік қалашықта  мектеп  салынатын  болады. Бізде екі округ бар. Осы саяжайларды соларға бөліп берейік пе,  жоқ үшінші округ ашқан дұрыс па-деп ойланып отырмыз. Оны алдағы уақытта шешеміз, қабырағамызбен кеңесеміз.  Болмаса, штатты көбейтпей округтарға орынбасар беріп шешуге де болады.

АЛАТАУ: – Ержан Бәкірбайұлы, қала бұрын қатты отын көмірмен жылынатын. Қалаға газ келді. Қаланың қанша пайызы көгілдір отынмен қамтылды?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Қалада  жеке және  көпқабатты үйлер бар. Барлығы-54226  баспана газды пайдаланады. Бұған тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы  жауапты. «Өтенай»,  Еркін» округтерін де аралап шықтым. Олардың әкімдеріне: «Жігіттер мына газ ауылдарыңа қаншама қиындықпен келді. Ал, сендердің ауылдарыңда 20 пайыз ғана адам газға қосылыпты. Мұны неге шешпейсіңдер? Неге мектепті қоспайсыңдар» – деп   газды қосу керектігін айтым. Оларды да қамшылап отырмын, жұмыс жасалуда. Өткен айда 280 адам газға қосылды. Сондай-ақ «КазТрансГаз»-дағыларға: «Сендер халықпен сөйлесіңдер, жеңілдік жасап беріңдер, олар ақырындап төлейді. Сендерге де жұмыс болады. Тұрғындар да газдың пайдасын көрсін» деп үгіттеп жатырмыз. Әңгіме газ төңірегінде болып тұр ғой. Біз Талдықорғанға газбен жүретін автобустар алып келдік. Биылғы жылға 55 автобус алып келуіміз керек. Қазір соның 25-і автотұрақта  тұр. Газ толтырудың  90 пайызы бітті. Қазір автобусты шығарған зауыттың мамандары келіп  тексеруде. Жанармай құю бекетінде газ тұр. Келген мамандар өздерінің трансфарматорларын қосып, тексеріп бізге береді. Мұндай жағдай Шымкент қаласында болған: заправкасын қосып, ол бес күннен кейін істемей қалып, алты ай  бойы тұрып қалған. Газсыз автобустар жүре алмайды. Ол тек газға ғана арналып жасалған автобустар. Сондай көзбояшылықтар болмас үшін, мұқият тексеріп алуымыз керек. Құдай қаласа Конституция  күніне орай автобустарды жүргізетін боламыз.

«Бес айда  не істедіңіз?»  деп сауал қойып отырсыз ғой. Мүгедектер меке-месінде болып, жиындарына қатыстым. Олардың көз көрмейтін, құлақтары естімейтін, балдаққа, арбаға  тәуелді болып қалғандары бар. Солардың бәрінің сұранысы осындай автобустар. Автобустардың ішінде дауыс күшейткіш істеп тұрса, аялдамаларды айтып тұрса  және платформаға дұрыс келсе дейді. Әрі,  мүгедектер түсіп-мінуге өте ыңғайлы болмақ.

АЛАТАУ: – Ержан Бәкірбайұлы, әңгіме ауаны  қала ішіне қатынайтын автобустар төңірегіне ойысты. Бірақ, сізге дейін қызмет жасаған қала әкімдері жасаған автобус аялдамаларына қатысты көптеген сын айтылды. Осы аялдамаларға сіздің көңіліңіз тола ма?

Ержан ЖАСЫБАЕВ: – Аялдамаларды  қарап шықтым. Шындығын айтқанда 90 пайызын ауыстырдық. Қаланың сыртындағы он аялдаманы жаңадан жасаудамыз. Сырт жақтағыларға  еш-қандай көңілім толмайды. Кей жерлерде автобус кіріп шығатын алаң да жоқ. Ең сорақысы: автоаялдамаларды  шишадан (әйнектен)  жасаған. Ол жерде сынатын заттар болмауы керек. Әлі де 30 шақтысын ауыстырамыз. Саяжайларға  кірген автобус айналатын жерлер жоқ. Осы кем- кетіктерді жоюуға жұмыстар жасалуда. «Котедждік қалашық», «Жастар-1, Жас-тар-2» осылардың бәрін машрутқа қосамыз. Халықтың сұранысы да осы. Автобустардың уақытылы жүргенін қалайды. Машруттағы автобустарды қысқа-қысқа айналдырсақ деген жоспар бар. Бұрын мына басынан кіріп, ана басынан шығып кете беретін. Енді ондай болмайды. Бір машрут жүруі мүмкін, араларында жиі-жиі жүретін машруттар болады. Біраз кісі жаяу адам жүретін жолдар туралы айтқан ой-пікірлерін  де ескердік. Оларды да ауыстыру ойымызда бар. Жоспарлар жасалуда, жүргіншілер туралы жолдың кем-кетігін айтқан адамдардың өздерін қатыстыра отырып ұсыныс-тілектерін орындап берсек деген жоспарымыз бар. Келесі жылға аялдамаларға, бағдаршамдарға, дыбыс беретін апараттарды қоймақпыз. Ол көп ақшада емес. Халық үшін, мүгедектер үшін өте қажетті нәрсе.

АЛАТАУ: – Кешіріңіз, сауалдан ауытқу ойымда жоқ еді. Бірақ,   сөзіңізден туындаған соң сауал тастауыма тура келіп тұр. Жаңа «Жастар-1», «Жастар-2» шағын аудандарында жол салынатынын айттыңыз. Мен  «Жастар-1»-де тұрамын. Осы ауданда электр желісі жиі сөнеді. Электр станциясының күші жетпейді екен. Бұдан хабарыңыз бар ма?

Ержан ЖАСЫБАЕВ: – Бұл – әкім болып  қызметке кіріскен күннен  айтылып жатқан әңгіме. Өзім барып көрдім. Қазір 291 миллионға байқау жариялап отырмыз. Электр станцияларының  күші жетіспейтіні рас. Ол жерде ек-үш желі  болуы керек. Соның біреуі ғана істеп тұр. Резервтегісі істемейді. Ақаулары көп. Солардың бәрін қалыпқа келтірудің қам-қарекетін етеміз.  Биылғы жылға «котедждік қалашыққа» бөлек жасаймыз.  Әзірге екі нүктеге 500 миллиондай қаражат бөлінді. Асфальт төсеу үшін  кейбір көшелерде  тас төселмеген. Биыл 24 шақырымдық  тас жол салудамыз. Олардың бүкіл технологиясын сақтатып, бір жыл жатуы керек. Төселген шағыл, құм тастар, басылып, орынын табады. Келесі жылы асфальт салуға жеңіл. Былтыр тас төселген жолдардың биыл асфальтын салып жытырмыз.

АЛАТАУ: – Бәрекелді, Алла істеріңіздің берекесін берсін. Өткенде журналистер қауымымен кездескенде, сізге бір бұйымтай айтып едім. Ол идеологияға қатысты болатын. Идеология туралы жоспарыңыз қандай?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Сіздермен кездескенен кейін өзім  ұялып қалдым.

АЛАТАУ:  – Неге?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Қазір мен әр жақты қолға алып жатырмын. Сол уақытқа дейін   журналистермен   кездесу өткізбеппін. Мәселен, «Талдықорған» газетінің жағдайын сіздер арқылы білдім ғой, осыған ұялдым. Қазір «Талдықорған» басылымын ның жағдайын елеп-екшеп жатырмыз. Орынбасарым Сәулеге тапсырма берілді. Екі-үш вариантты  қарастырып жатырмыз. Облыстық газеттің басшыларымен де, басқа мамандарды да шақырып талқыладық. Редактордың айтуынша газетке қажетті апараттардың бағасын қымбаттатып жіберген дейді. Соларды реттеп, газетті жекешелендіріп, қаладағы жақсы компаниялардың бірін демеуші етіп  қойсақ деген үміт бар. Идеология деген осы: «Халықтың көзі, хәм құлағы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқан.  Идеология ірісе, әлем іриді. Сондықтан  адам мен адамның тілдесуі, тәлім-тәрбие, жастар саясаты, бала тәрбиесі, ата-ананың балалар алдындағы жауапкершілігі бәрі назардан тыс қалмауы керек. Ардагер журналистер де, қоғам қайраткерлері де келіп ақыл-кеңестерін айтып жатыр. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, қылдан да жіңішке идеология саласында  арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шыға білу, сіз бен біздің парызымыз ғой.

АЛАТАУ: – Жалпы сізде қоғамдық кеңес мүшелері бар ма?  Болса,  сізге қаншалықты қалада болып жатқан оқиғаларды, кем-кетіктерді айтып тұрады. Жоқ, «сіздікі жөн» деп сұрамасаңыз үндемей отыра бере ме?

Бізде әкім-қаралардың маңайындағы  адамдардың көбі бұрын қызмет жасағандардан жасақталады ғой?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Қоғамдық кеңестегі адамдардың барлығы, бұрын өмірді көрген, әр салада қызмет атқарған азаматтар, журналистер, блогерлер. Бұл кісілермен үш-төрт жиын өткіздік. Олардан алатын тәрбие көп. Біз көрмейтін нәрселерді олар көреді. Олар келіп-мән-жайды айтып тұрады. Қоғамдық кеңестің бастығы  Мейрамбек Жексенбаев ақсақал. Бұрын телекомда басшылық қызметте болған. Бұдан бөлек «Вечерный Талдықорган» газетінің құрылтайшысы Буковты өзіме кеңесші етіп алдым. Оны біраз жылдардан бері білемін. Бір жағыма шығыс деп өтініш жасадым. Оның да өзіндік көзқарасы бар. Су жоқ, свет өшіп, газ болмай қалса да, көшеде ағаш құлап жатса да әкімдікке хабарласып жатады. Жасап жатқан ісіміз көзге көріне бермейді. Жанымызды салып жұмыс істесек те, әкімдік түк жасамады деп сөгеді. Өткенде бір үлкен кісімен кездестім. Қала басшылары түк істемейді дейді. Айтыңызшы не істелмей жатыр? –дедім. Екеуміз де көшеде  тұрмыз. Көшеңіз асфальтталыпты,  жарық жарқырап тұр. Түк істемейді дейсіз. Автобус жүре ме, жүреді. Қоқыстарыңыз шығарылып жатыр. Көшеңіз де айнадай  тап-таза. Әкімдік түк жасамаса мұны кім жасады? – десем, өзінің жеке басының ісін айтады. Сіздің шарбағыңызды әкімдік жасауға міндетті емес, ол өз қам-қарекетіңіз дедім. Мәселен, сіз Өзбекстанға барып көріңізші. Тіпті, Жамбыл облысы, Шымкент қаласына барыңызшы. онда «мә, қала» дейді. Ауыл аймақты, қала ішіндегі шағын аудандарды ақсақалдар өздері басқарады. Өздері тұрған көшенің күрделі жөндеуін, арығын, тазалауды, су тартуды,  кембағалдарға көмектесуді  ақсақалдар ұйытқы болып, ұйымдастырып атқарады. Осындай үрдіс бізде жоқ. Міндетті түрде әкімдік жасап беруі керек. Тіпті, жасап, тазалап қойған дүниелеріңді сындырып күл-қоқысын шашып кететін де өзіміздің қазақтар.

АЛАТАУ: – Ержан Бәкірбайұлы, болашақтың тұтқасын ұстайтын жастар. Тіпті, марқасқа Мағжан Жұмабаевта: «Мен жастарға сенемін» деп жыр толғаған. Алайда, сол жастардың ақ жолдан адасуы қарқын алып барады. 2020 жылы бір ғана Талдықорған қаласында 13000 жас отбасын құрыпты, соның 2000-нан астамы некесін бұзыпты. Бұл үрдіс Еуропаға еліктеудің  әсері десек те,   біздің ата-дәстүріміз, тәлім-тәрбиеміз, ұлттық менталитемізге тән үрдісіміз қайда қалады?

Ержан ЖАСЫБАЕВ: – Сауалыңыз өте орынды. Жаңағы айтқан идеологияңыздың бір тармағы осы. Жастардың бүгін қосылып, ертең ажырасуы, көңілге қаяу салады. Ауыртпалықты көрмегендер сынықтан  сылтау іздейді. Пәтер  жоқ, жұмыс    жоқ  деп  мамақаздай  балапандарын шұбыртып жүргені. Отбасын құрарда  он ойланып, жүз толғанып, «біз алдымызда болатын қиындықтарға төзе аламыз ба? Балашағамызды асырай аламыз ба?» деген сауалдарды жанұя болмай тұрып ойланып барып қол ұстасуы керек шығар. Ата-апаларымыздың заманында  бұдан да жаман қасіретті, киерге киім, ішерге асы жоқ кезеңде қол ұстасып сіз бен бізді жеткізді.  Қазір жұмыс жоқ  деген бос сөз,  жұмыс бар,  жігер жоқ. Кейбір тепсе-темір үзетін  жастардың жұмысты тиіп-қашып істеуі, одан қалса несиеден-несиеге шатылып, қарызға белшеден батуы, отбасын асырауға қауқары жетпеуінен, шаңырағы шайқалуда. Қазір бізде 14586 адам баспана  кезегінде тұр. Былтыр 120 адамға, биыл 1500, келесі жылға 2000 адамға үкіметтің, несиенің, бюджеттің есебінен тұрғын үй салуды көбейтіп жатырмыз. Бұл салада да  үй ала алмай қалып жатқан жастар бар. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрсе, мойындарына несие болса, тапқандары пәтер ақымен, азық-түлік, коммуналдық төлем,  балабақшамен  кетсе, ол отбасында қайдан береке болсын.  Менің ойымша жастарға басқаша тәрбие беру керек. Несие алуды тоқтату керек. Оның бағдары болуы шарт. Мысалы, бір жерге тойға бару, киім алу,  ұялы телефон алуы үшін де несие алады. Ал, банкілерге бәрібір. Оларға қарызданушылардың көбейгені жақсы. Сотқа береді. Мысалы, 150000 несие алсаңыз соны 400 мың, яғни, екі  есе етіп қайтарасың  банкке. Бірнші оның пениясын, артынан алған сумаңды, содан соң үстемесін төлейсің. Бұл жастарға өте қиын. Біздің жағдайымыз  Украйн, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстанан көш ілгеріміз. Істеймін деген адамға жұмыс бар. Талпынып жұмыс істеп жүрген жастар да бар. Жатып алғандарды мейлі жазғыр, мейлі жазғырма бәрібір. Тек, тірі жетім жасаған балаларына обал-ды. Әке-шешелерін қинау өте жаман нәрсе. Мен Өзбекстанда болдым. Күннің ыстығында жұмыс жасап жүрген бір азаматтан қанша пұл аласың десем,  біздің ақшамен 30 000 айлық екен. «Күн көруге жете  ме?»  дегеніме: «Шүкір,  жетеді. Осы күнімізге рахмет» – деді.

АЛАТАУ: – Баспана туралы айтып қалдыңыз. Редакциямызға   баспана кезегінен алып тастады деген шағымданушылар көп келеді.  Сондай-ақ, кезекте тұрғандардың көбін «Отбасы банкіне» несиемен үй алауға жібереді. Ал, кейбіреулердің айлық табысы «Бақытты отбасы» арқылы несиемен үй алуға жетпейді екен.  Енді олар бұрынғы кезегіне қайтып тұра алмай  жүр.  Ішінде менің де балам бар?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:   – Ондай болуы мүмкін емес.  Маған келсін балаңыз, анықтап берейін. Елдің арасында алып-қашпа әңгімелер  көп: әкімдік  пәтерлерді сатып жібереді,  туған-туыстарына бөліп береді. Анаған-мынаған бөледі деген. Кім пәтерлерді кезекпен алды, ешкім көрген, ешкім білмейді деген жалған сөздер қаулап жүр. Биылдан бері бүкіл кезекте тұрғындардың бәрі  (ЦСП) – орталық  қызмет бағдарламасы арқылы   орталықтандырылған түрде Нұрсұлтанда тіркеуде тұрады. Бізде тұрған 19000 адамнан төрт жарым мың адам орталықтандырылған тіркеуге ілінбей қалды. (ЦСП) деген ашық болады. Әр адам үйінде отырып бағдарламаға  кіріге алады. Кезегі қаншасыншы  және қай кезде пәтер алатынын, қай санатта тұрғанын біледі. Бұрынғыдай комиссия шешпейді.  Пәтерлерді қажетті құжаттарды қарайтын комиссия соларға өткізеді. Солар бағдарламамен  береді. Ал, тіркеуден түсіп қалған адамдардың себебі, жалғыз бағдарлама  болғаннан кейін, сізден «Талдықорғанда үйіңіз бар ма?» деп анықтама  сұрайды. Олар анықтамаға үй жоқ деп жазып береді. Ал Талдықорғанда емес, Алматыда, тіпті басқа  қалада үйіңіз тіркеуде бар болып шықса, жаңағы үйім жоқ деп алған анықтамаңыз жарамайды. Көп адам түсінбейді. Бір  отбасында  тұрып жатады да үй кезегінде тұрады. Алайда ол балаларды бөліп жіберуі керек. Бір отбасында  тіркеуде тұрса, онда пәтер бар деп саналады. Ондай шағымдармен келіп жатқандар бар. Сіз  мына үйде тіркеуде тұрады екенсіз ғой десек: « ол менің қызымның, баламының үйі ғой» дейді.   Олар сіздің отбасыңыздың  құрамында тұр, бөліңіз деп түсіндіріп қайта арыз жаздырып,  кезегін қалпына келтіріп жатырмыз. Қазір 1500 адам орнын тауып алсын деп отырмын. Содан соң біз бәрін ашыққа шығарамыз.  Өткенде бір кісі  үй жоқ деп келіпті.  Тексерсек  үйі бар. «Сізден осыншама үй шығып тұр» десем: «ол менің құдам ғой» дейді. «Құдам мемлекеттік қызметте істейді. Мені уақытша қой деп еді» деп тұр.  Сосын оған: «енді сіз бес жылға дейін үй ала алмайсыз» дедім. Құдаңызды бүгін тіркеуден шығарсаңыз да   ала алмайсыз, заңға қайшы-дедім. Алғашқыда  баспана жөнінде айқай көп болатын.  Қазір елдер түсіне бастап, бұл төңіректегі жұмыс ретке келітірілуде.  Біз тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының  баспана кезегінде тұрғандары шақырып, облыс әкімінің орынбасарын, прокуратураны, қаржы полициясын  қатыстыра отырып түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Тіпті, әрқайсын жеке-жеке қабылдап, сөйлестік.

 АЛАТАУ:  – Біраз шаруаның басын қайырыпсыз. Тағы қандай күрмеуі тарқатылмай тұрған түйткілді шаруалар бар? Жетістікке жетіп жатсаңыз ол – бір мәртебе, ал кемшін тұстары көзге бадырайып көрініп тұрса, жоғарыда өзіңіз айтқандай әкімдік  түк жасамайды дейді ғой?

Ержан ЖАСЫБАЕВ:  – Біреу қоңырау шалса  сол жерге  барып,  шаруаны көзбен көремін. Өткенде қала ішіндегі Қастеев көшесінің төмен жағына бардым. Қалада  үш жарым мың шақырым  канал бар екен. Солардың 12-учаскесінің үстінен тұрғындар үй салып алған. Ол каналдың үсті,  жерлерді рұқсатсыз алған. Каналдың екі жағы толған үйлер. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Кеше ғана жиын өткіздім. Онда Қастеев көшесінің жер астындағы суларды жинау және бұру үшін арналардың каналдарына комиссия шығарып, тексертіп жатырмын. Дренаж  қазірше жұмыс жасап тұр. Ал ол сулар үйлердің жертөлелеріне  келсе не болады. Бұл каналдар  бекер салынбаған. Сақтық шаралары үшін салынған. Мұның бәрі келешектің жұмысы. Өмір болса, денсаулық мығым болса, қала халқына  қызмет етуден жалықпаймын. Бір айтарым, қала халқына көп-көп рахмет. Бәрі түсіністікпен қарайды. Сауалдарын қойып жатады. Бізде бір мекемелер бар, сенбі-жексенбі күні демалады. Сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін ғана істейді. Оларды да тәртіпке шақырдым. Халықтың қоңырауларына неге тек қана әкімдік жауап беруі керек, сендер қайда қарап отырсыңдар, қамшыласа жүріп, қалған уақытта жайбасарлыққа жол жоқ деп талап қойып отырмын. Қажет болғанда   сенбі-жексенбі күні жұмысқа шығасыңдар кезекшілік болсын деп бәрін орнына қойдым. Тұрғындардың көбі әкімдікке хабарласады.  Ал оған жауапты мекемеде жауапкершілік жоқ. Штатында 28 адам бар. Бүкіл қаланың әлеуетімен айналысып отырған мекеме сол. Ұйқыларынан енді оянып жатыр. Ол: 02,03,04-ке  жауаптылар.

АЛАТАУ: – Ашық әңгімеңізге  көп-көп рахмет! Жұмыстарыңыз берекелі болсын. Індеттен ел-жұрт  аман болсын!

 

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ