Тағы бір оқу жылы аяқталды

0
1265

Биыл елімізде орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқу жылы барысында қашықтан білім берумен қатар, мектептерде кезекші топтар ұйымдастырылып, балалардың білімін ақсатып алмау үшін барынша жағдай жасалғаны белгілі. Оқу жылының аяқталуына орай соңғы қоңырау шарасы мектеп бітіруші түлектер үшін барлық санитарлық талапты сақтай отырып мектеп ауласында соғылса, ал басқа сыныптар үшін онлайн қоштасу рәсімі болды.

Облысымызда 17 мыңнан астам оқушы мектеп бітірсе, ҰБТ тапсыруға 13499 түлек ниет білдірген. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезең-кезеңімен тапсырылып жатқандықтан, бүгінгі күнге дейін 7 мыңнан астам оқушы сынақтан өтіп, ең жоғары көрсеткіш 138 балды құрады. «Алтын белгіге» үміткер 1521, «Үздік аттестат» алатын 1055 түлек бар.
Сонымен қатар биыл халықара- лық, республикалық, облыстық білім сайыстарында топ жарған жеткіншектер де бар. Атап айтсақ, Мәскеу облысының Королев қаласында «Адам-Жер-Ғарыш» атты балалар мен жастардың оқу және ғылыми-зерттеу жобаларының 21-ші Бүкілресейлік олимпиадасы өтіп, оған Қазақстан командасы құрамында Іле ауданынан қатысқан Камилла Асқарова және Мамырбек Дамир өздерінің зерттеу жұмыстарымен 1-орынды қанжығасына байлады. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІ халықаралық конкурсында математика секциясы бойынша бақ сынаған Талдықорған «Білім инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары Заңғар Омаров пен Альтаир Жұмақанов, экономика секциясы бойынша Қарасай ауданындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясының оқушысы Әбдіраш Санжар, Талдықорған қаласындағы №20 арнаулы лицейінің шәкірті Мадина Жүрсінғалиева, Ғалым Мағжан қола медаль иеленді.
Ал, 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық ІІІ «Абайтану» олимпиадасында Талдықорған қаласындағы №24 дарынды балаларға арналған лицейдің 9-сынып оқушысы Әдемі Нүсіпова мен 10-сынып оқушысы Амина Жақсылықова ІІ жүлделі орынды еншіледі. Бұдан басқа да білім, өнер, ғылым, спорттағы жетістіктер ауыз толырып айтарлық.
Оқу жылы аяқталса да маусым айында жазғы мектеп жұмыс істеп, білімін толықтырамын деген оқушыларды асыға күтпек.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.


ПІКІР ЖАЗУ