Тендерге телмірген саябақ

0
2229

Соңғы жылдарда халықтың игілігіне арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар тендер арқылы іске асатын болды. Яғни, ауыз су мен табиғи газды тарту, жол мен коммуникация желілерінің құрылысы және жөндеу жұмыстары, мектеп, аурухана мен баспана салу, өзге де алуан түрлі мемлекеттік тапсырыстар, тіпті ішкі саясат саласындағы үгіт-насихат жұмыстарына дейін осы конкурс жүйесі арқылы атқарылады.

Осы орайда мемлекеттік сатып алу конкурстары ең көп сыналатын тақырыптардың біріне айналғанын да айта кету керек. Шыны сол, бұл саладағы келеңсіздіктерден талай жылдан бері арыла алмай келеміз. Ашықтық пен айқындық, әділдік пен заңның үстемдігін орнатуды көздеген өзгерістер жыл сайын енгізіліп отырғанымен, тендердің айналасындағы түйткілдердің таусылар түрі жоқ. Бұл туралы неге айтты демеңіз. Біз сөз еткелі отырған мәселе осы төңіректе өрбімек. Яғни, тендерге телміріп келген саябақтың жырын айтамыз.
Қала маңында орын тепкен Көктал ауылындағы саябақты қалпына келтіру жұмысы осыдан төрт жыл бұрын бастау алыпты. Бесінші жылға созылған жұмыс күні бүгінге дейін «сиырқұймышақтанып» созылып келеді дейді тұрғындар.
«Саябақ мәселесі көтерілгелі бері биыл бесінші жыл. Талдықорған қаласының әкімі болған Е.Алпысовтың тұсында жүйелі жұмыс жүргізіліп еді. Жөндеу жұмысы аяқталуға шақ қалған тұста шаһар әкімі ауысып кетіп, іс кілт тоқтап қалды. Әкім кеткенімен жұмыс жүргізілуі тиіс еді. Бірақ, бөлінген қаражаттан қалған ақша басқа арнаға жұмсалып кеткендіктен, бәрі аяқсыз қалып қойды. Ал енді бұған сол кезде қанша қаржы бөлінгенін білу үшін, сметалық құжатты көремін десең, ауылдық әкімдіктен сұрап біле аласың. Ол тұста ауылдық округтің әкімі Жандос Жолдыханов болған. Ал, одан кейінгі әкім Қайрат Замантайұлы саябақ жұмысын жандандыруға қайта ақша бөлінгенін айтқан-тын.Өткен жылы саябақтағы жұмысты жалғастыруда тағы бір құрылыс фирмасы тендер ұтып алғандығын естідік. Биылғы қыста компанияның адамдары келіп 55 метрлік жерден артизан құдығын қазып, су шығарды. Бұдан өзге тындырылған істі көз көрмеді. Тендер ұтып алған соң, жұмыс ары қарай жалғасуы керек. Бірақ?.. Жасап жатырмыз деп ауызды құр шөппен сүртіп келеді, әйтеуір. Қыс өтіп, көктем шықты, мамыр да бітті, жадырап жаз келді. Естуімізше, саябақты жөндеуге тендер ұтып алған фирманың бұдан өзге де бірталай нысанды алып, мұны жөндеуге уақыты яки шамасы жетпей жатыр деген әңгіме ел ішінде желдей есіп жүр. Қазіргі ауыл әкімінің міндетін атқарып жүрген Қанат Рыспековтың айтуынша, істі қолған алған фирманың жұмысына қарап ақша аударылып отырады. Осы орайда біз жұмыстың ілгері жылжымай жату себебін анықтауда компания басшысының ұялы телефонына бірнеше мәрте хабарласқанымызбен, ол тұтқаны көтермеді. Содан орынбасарына барып жолыққанымызда: «Жасап жатырмыз» деген құрғақ сөзбен шығарып салды» – дейді Еркін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов.


Айтуынша, Көкталда тұратын бірлі-жарым ақсақал саябақтың күзетшісіндей болған. Яғни, олар сол жерге күнделікті барып, тексеріп тұруды әдетке айналдырған. Дей тұрғанмен, жұмыс алға жылжыр емес. Тиіп-қашып жүріп істеген компания жұмысшыларының жасағаны: құдық қазып, су шығарған. Содан кәдуілгі суасты сорғыш қойыпты. Негізі субұрқақ жасамақ ойлары бар екен.
«Бес жылға тарта уақыт жыр болып келетін саябақтың мәселесі биылғы Еркін ауылының 90 жылдық тойына дейін аяқталса деп едік. Ал мына қалыппен жүре берсе, қыркүйектің 12-іне жоспарланған той бұл жерде өтпейтін секілді» деп реніштерін білдірген ақсақалдарға бұрынғы әкім Қ. Матаев саябақ жұмысы қыркүйекке дейін дайын болады депті. Бірақ, іс ілгері баспай, айтылған сөз аяқсыз қалып келеді. Шырмауықша шырмалған мәселенің мәнісін анықтауда Көктал ауылындағы саябақты көзбен көріп, істің мән-жайымен танысқан едік.
Біз барғанда мұнда үш жұмысшы жүр екен. Олардың бірін сөзге тартып көрдік. Бастығымыз құрылыс заттарын алуға базарға кетті, келіп қалар деген жұмысшы ағай өзі істейтін құрылыс фирмасы қалай аталатынын білмей дал болды. Екі сөзінің бірінде есіме түспей тұрғаны дей берді.
«Қандай құрылыс фирмасында жұмыс істеп жүргендеріңізді білмейсіздер ме?» деген сөзімізге: «Бұрынғы атауын білем ғой, әлгі немене еді. Қап оның да аты есіме түспей тұрғаны. Қалай еді, әлгі… әйтеуір «тасы» бар» дей берді.
«Есте сақталмайтындай, компанияның аты соншалықты қиын ба еді. Ең құрығанда басшыңыздың аты-жөнін білетін шығарсыз?» дегенімізге ләм-лим демеді. Біраз уақыттан соң есіне түскен болар: «Асыл тау» құрылыс фирмасында жұмыс істеп жатқандығын айтты. Атауын есіне түсіріп, қуанып кетсе керек, бірден сөйлей жөнелді. Айтуынша, бұған дейін бұл жердің жұмысымен «Шымыр Бетон» ЖШС айналысыпты. Ал «Асыл тау» құрылыс фирмасының бұл жұмысқа кіріскелі бір жарым айдың жүзі болған. Алғаш келгенде саябақ іші қоқыстан көз ашпай тұрған екен. Содан, жаппай тазарту жұмысын жүргізіпті. Электр тоғын тартқан. Бұрынғы төселген тастардың бетін қайта өңдеп, өсіп кеткен шөптерді тазалаған. «Мұнымен қоса «беседкалар» жасап жатырмыз. Су кіргіздік. Ойын алаңдарын қайта тегістеп шықтық. Тау болып үйілген бөтелкені көрсеңіз ғой. Оның бәрін жиып, бәленбай жылғы қоқысты шығардық» – дейді мердігер компанияның жұмысшысы.


Үш жарым гектар жерді алып жатқан саябаққа бұған дейін екі мәрте жөндеу жұмысы жүргізілген. Екеуінде де ақша бітіп, жұмыс аяқталмаған көрінеді-мыс. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, жайқалып тұрған ағаштар да қурап, Е. Алпысовтың тұсында егілген шыршалардың да түгі қалмаған.
«Ә деп бастағанда саябақта бәрі болды. Балалар алаңында әр түрлі ойын құралдарына дейін қойылып еді. Жұмыс тоқтап, соңында бәрі быт-шыт болды ғой. Әйтпесе, айналаның бәрі гүлмен көмкеріліп, абаттандырылып, жайнап тұрған. Айтқандай, аз ғана жұмыс қалып еді. Ақша басқа арнаға жұмсалып кеткен соң, жұмысшылар кетіп тынды. Сөйтіп, бұл жер қараусыз қалды. Неге десең, саябақ не қаланың, не ауылдың әкімдігіне тиесілі емес-тін. Бір сөзбен айтсақ, ешкімнің қарауында жоқ. Алайда, бір ғана саябақтың өзіне «двойной ақша» шығып отыр. Алдыңғы жөндеу жұмысына 43 млн теңге бөлінді деп естігенбіз. Енді мынаған да дүниенің ақшасы бөлініпті. Оны қазіргі мердігер компаниясының басшысынан нақтылап сұрап аларсың» – деді ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.
Қалай десек те, саябақты қайта қалпына келтірсек деп шыр-пыр болған Тортай ағаның бұл ісіне көңіл сүйінеді. Неге десеңіз, қазіргі шақта ауылдың түтіні түзу шықса екен деген әрі ел жайын ойлағандар қатары саусақпен санарлық қой.
Ал тендерге телмірген саябақтың жырына қашан нүкте қойылады? Ақсақалдардың жан айқайына құлақ түріле ме? Осы сауалдарды алға тартып, саябақ жұмысын ары қарай жандандыруды қолға алған мердігер «Асыл тау» ЖШС құрылыс алаңының басшысы Сержан Сәкетовке жолықтық.
«Саябақтың жөндеу жұмысына кіріскелі бір жарым ай ғана уақыт болды. Бүгінгі таңда қайта қалпына келтіру бойынша жоспарда жолдың жиегіне бордюрлер қою, машиналар келіп тоқтайтын бордюрлермен қоршалған авто-тұрақ болады, екі бірдей спорттық алаң, айналаға гүлмен көмкеру жұмыстары бар» деген Сержан Жұмаділұлынан қураған талдардың орнына қайта ағаш отырғызасыздар ма дедік, алайда «оған қаржы қарастырылмаған» деген қысқа жауап алдық.
Жоғарыда тілге тиек еткені-міздей, не қаланың, не ауылдық әкімдіктің балансында болмаса да экс-әкім Ермек Алпысов сол тұста ауыл ақсақалдарының өтініш айтуымен саябаққа тиесілі ақша бөлгізіп, құрылыс жұмысы жүргізіліпті.
«Саябақтың жұмысын бізден «Шымыр Бетон» ЖШС алып айналысқан болатын. Бір ай бұрын өзімізге қайтарды. Неге десеңіз, олар басқа жұмыстарына үлгере алмайтын болды. Қазір бұл жерде негізгі суару жұмыстары ғана қалды. Сондай-ақ, екі шатыр, арка орнату, сосын басқа да ұсақ түйек жұмыстар кіріктірілген. Мына тұрған балалар ойын алаңына резиналық төсеніш төселеді, тринажерлық құралдар, алтыбақан қойылады. Ана тұрған үш сырғанақ сол күйінде қалады. Оларды сырлап, сәндеп, жаңартамыз. Ал енді жарықтандыру жұмысы да сол қалпында қала береді. Тек темірлерін сырлаймыз. Атқарылар жұмыстың барысы осындай» дейді мердігер Асыл тау» ЖШС құрылыс алаңының басшысы Сержан Сәкетов.
Әңгіме барысында ол бұл саябаққа 2016 жылдың сметасы бойынша 133 млн теңге бөлінгендігін айтты. «Сол кезде бөлінген қаржы этап бойынша игеріліп келеді. Өткен жылы «Шымыр Бетон» ЖШС жасаған жұмысқа сол қаржыдан бөлінді. Ал биылғы біздің атқаратын жұмысымызға бөлінген қаржы көрсеткіші 65-70 млн теңгені құрайтын болуы керек. Мұны нақты басшымыз Рүстем Шәлімбетов біледі» – дейді.
Қысқасы, жылдар бойы жыл-жымай келетін саябақтың биылғы жұмысына жұмсалатын қаржы 70 млн теңге. Ал сәуірдің алтысынан бастау алған құрылыс жұмысы қыркүйектің басында толығымен аяқталуы тиіс екен. Сержан Жұмаділұлының сөзінше, елде орын алған коронавирус жағдайына орай жұмыс біршама тоқтап қалған. Дей тұрғанмен, ары қарай жандандыруға күш салатындығын айтты. Бүгінгі таңда саябақта 5 жұмысшы еңбек етуде. «Қазіргі таңда ауыл әкімінің міндетін атқарушы Қанат Сағымқанұлымен келісіліп, саябақ ішіне алты бірдей бейнекамера орнату жоспарда бар. Сонымен қатар күзетші отыратын будка қойылады. Смета бойынша екі шатырдың шетіне 20 тал шырша егіледі деп жазылған. Енді соның санын 50-ге дейін апарсақ дейміз. Егер қарастырылған қаржыдан қалып жатса. Ортаңғы алаңдар гүлмен көмкеріледі. Негізінен газон болады» – дейді құрылыс алаңының басшысы С.Сәкетов.
Ал саябақ толығымен жөнделіп біткен соң Еркін ауылдық әкімдігінің балансына кіріктірілмек.
«Талдықорған қаласының әкімі болып тұрғанда Ермек Амантайұлы көп дүниеге көмектесіп еді. Жалғыз саябақ қана емес, Еркіндегі ескерткіш маңын абаттандыру жұмысына да ақша бөлдірді» деген ауыл тұрғындары бес жыл бойы жасалмай келетін саябақтағы жұмыс биыл тағы да аяқсыз қалып қоймаса екен деген алаңмен жүр.
«Кезінде 43 млн теңге бөлінді деді. Осыншама қаржы жұмсалған саябақтың бүгінгі келбетіне қарап жаның ауырады. Бастаған істі аяқтауы керек еді. Негізгі жұмыстың бәрі бітіп тұрды ғой, көзге көрінбес іс қалғанда қаржыны басқа арнаға бұрып жіберу деген… Егер Ермектің өзі болғанда іс тындырымды болып, қазір ауылдың үлкені мен кішісі осы саябақта қыдырып жүрер еді, шіркін?!» – деп толғақты ойын ортаға салған ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мамай Нұрышевтың сөзінің жаны бар-ақ.
Жылдар бойы жыр болған саябақтың мәселесімен танысып, көзбен көруде, ондағы жұмыстың бастау алғанына қарап нүкте қойылар күн жақын шығар деген ой басым еді санада. Алайда, күні кеше ғана іс ілгерілесе деп елеңдеп жүрген Тортай ақсақал хабарласып, саябақтағы құрылыс жұмысы әлі де саябырлап, алға жүрмей жатқандығын айтты.
«Қазір ғана барып, көріп қайттым. Жұмыс басында еңбек етіп жатқан сол баяғы екі жұмысшы ғана. Өзің барып көргендей, баяғы жартас, сол жартас күйінде қалып тұр әзірге» – деп кейіс танытқан ағамыз бұл жайттан қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов та хабардар екенін айтты. Ендеше, қала әкімі ақсақалдар үніне құлақ түріп, тендерге телміріп, аяқталмай келетін саябақ жырына нүкте қояды деп сенейік.

Сарби ӘЙТЕНОВА

Кілтсөздер:МӘСЕЛЕ


ПІКІР ЖАЗУ