ТЕРІ – ІШКІ АFЗАЛАРДЫҢ АЙНАСЫ

0
2968

«Тері – ішкі ағзалардың айнасы» демекші, ағзада қандай да бір ауру белгісі туындайтын болса, ол адам терісінде көрініс береді. Ал ағзаның қалыпты қызмет атқаруы үшін тері күтімі айтарлықтай маңызды. Бір-біріне байланысты осы бір процесті үнемі қадағалап отырудың тән саулығына әсері көп. Теріде пайда болатын дерттің түрлері мен алдын алу шаралары жайлы Талдықорған тері-венерологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Жайықбек ТОЛҚЫНБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

АЛАТАУ: – Ең алдымен тері ауруларының шығу себептері туралы тарқатып айтып берсеңіз?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Те-рідегі түрлі аурулардың пайда болуына көптеген фактор әсер етеді. Мәселен, псориаз, экзема сынды тері аурулары тұқымқуалаушылықтан пайда болады. Яғни, ауру науқасқа ата-анасы немесе жақын туыстарынан берілуі мүмкін. Тері нерв, қан және лимфа жүйесімен тығыз байланыста болғандықтан кез келген ішкі мүшелер мен жүйке жүйесінің аурулары тікелей әсер етеді. Бүгінгі таңдағы адамдардың тұрмыстық жағдайы, жеке басындағы түрлі проблема жүйке жүйесіне әсер етпей қоймайды. Ал бұл өз кезегінде тері ауруларының пайда болуына әкелетін факторлардың бірі. Тек бұл ғана емес, тері ауруларының өршу себептерінің қатарына адамның ішкі құрылыс жұмыстары мен эндокриндік жүйесінің бұзылуы да кіреді. Бұрынғы кездері экологияның таза болуынан мұндай аурулар өте сирек кездесетін еді. Қазіргі қоршаған ортаның әсері адам ағзасына барынша зиянын тигізуде. Бұған қоса, түрлі аллергиялық аурулардың шығуына да осы экология жағдайының бұзылуы әсер етуде. Яғни, қазіргі экология жағдайы мен адамдардың тағамды дұрыс тұтынбауы салдарынан түрлі тері аурулары көбейіп келеді.
АЛАТАУ: – Қазіргі таңда аурудың қандай түрлері жиі кездеседі және олар қаншалықты қатерлі?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Медицинада тері аурулары жедел, созылмалы, тұқымқуалайтын және жұқпалы деп бөлінеді. Қазіргі таңда тері ауруларының көптеген түрі бар. Атап айтсақ, псориаз, есекжем (экзема), ортопедиялық дерматит, инфекциялық-паразитарлық және аллергиялық аурулар. Мысалы, псориаз – терінің созылмалы ауруы. Онымен ауырған науқастың бас терісінде, тізесінде, білек буындары мен арқасының төменгі тұстарында тері қатпарларының орнына қатты қышитын тығыз, қызыл түсті дақтар пайда болады. Кейде әлгі дақтар күлгін түсті болып келеді. Бүгінде псориаз ауруы 3-4 жастағы сәбиден бастап егде жастағы азаматтарға дейін пайда болатын болды. Ғалымдардың пайымдауынша, псориазбен бір рет ауырып, айыққан науқастың аталмыш дерттен толық жазылуы мүмкін емес. Өйткені, ауру жасырын формаға ауысып кетуі мүмкін екен. Сондықтан аурудан толығымен жазылған адамның өзі үнемі дерматологтың бақылауында болуы қажет.
АЛАТАУ: – Жас балаларда да байқалады деп қалдыңыз, сәбилер арасында да тері ауруларының таралуына не себеп?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Нәрестелерде жиі кездесетін тері ауруы диатез деп аталады. Бұл көбінесе әйелдің жүкті кезінде ащы немесе тәтті тағамдарға құмар болуынан туындайды. Яғни, босанғаннан кейін әлгі тағамдар балаға әсер етіп, диатез пайда болуы мүмкін. Ал диатез алғаш байқалған кезден-ақ емделмесе, жүре келе ол күрделі ауру түрлері – ортопедиялық дерматит, экземаға айналады. Түрлі себептер диатезді емдеуді қиындатады. Өйткені, емдеу тиімді болуы үшін алдымен себебімен күресу керек. Сондықтан баланы емізу кезеңінде әйел қатаң диетаны сақтай отырып, пайдалы азықтармен тамақтанғаны абзал.
АЛАТАУ: – Тері ауруларының таралуы мен қозуына жыл мез-гілдерінің әсері бар ма?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Иә, мұндай аурулардың қозуы маусымға байланысты өзгеріп отырады. Әсіресе, көктем және күз айларында аурудың өршуін байқаймыз. Егер, адам жеке бас гигиенасы, дұрыс тамақтану әдеті мен жүйке жүйесі жұмыстарының бірқалыпты болуына мән бермесе, тері және аллергиялық аурулар әр үш ай сайын қайталанып қозып отыруы мүмкін. Аурудың жақсысы болмайды ғой, сол себепті аталған ауруларға немқұрайлы қараудың өзі қатерлі деп есептеймін. Өйткені, бей-жай қараған кішігірім ауру асқынып, хронологиялық түрге айналуы әбден мүмкін.
АЛАТАУ: – Аллергиялық аурулар-дың туындауы да осыған ұқсас па?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Аллергиялық аурулардың пайда болуы мен өршуіне әсер ететін себептер өте көп. Ал қазіргі таңда көбінесе цитрустық жеміс-жидектер, түрлі сапасыз тағамдар мен синтетикалық киім-кешектер реакция береді. Ол мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы, терінің тітіркеніп, қызаруы, бөртуі, қышуы сынды белгілерді тудырады. Аллергия аса қауіпті аурулардың бірі болып саналатындықтан, дер кезінде дәрігер-маманға қаралып, дұрыс ем қабылдаған жөн. Себебі, кей аллергендер тыныс жолдарының дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіреді.
АЛАТАУ: – Статистика бойынша елдегі әрбір үшінші адам тері ауруларына немқұрайлы қарайды екен. Сонымен қоса, халық арасындағы емшілерге жүгініп, өз бетінше ем-дом жасайтындардың әрекеті жайлы не айтасыз?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Өз басым мұндай әрекеттерді дұрыс деп есептемеймін. Себебі, көптеген адам теріде пайда болған түрлі ауруларға мән бермей, оларға өзінше ем жасауға тырысады. Сондай-ақ, халық арасындағы емшілер жасаған түрлі қоспаларды ішіп, ауруын асқындырып алатындар да бар. Арнайы маманның көмегінсіз пайдаланылған мұндай емдік шаралары тіпті адам өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Жасалған ем-домның әсері байқалмай немесе ауру белгілері үдеген кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінетіндіктен, аурудың түрін дер кезінде анықтап, емдік жұмыстарды жүргізуде біршама қиындық туындайды.
АЛАТАУ: – Тері ауруларын жұқтыр-мас үшін қандай шаралар жасаған абзал? Ал алдын алу жолдары қандай?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Те-рі аурулары адамда тұқым қуалаудың әсерінен пайда болатын болса оны түбегейлі емдеу мүмкін емес. Тек қатаң бақылауға алынып, тағамдық режимді сақтау маңызды болып саналады. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімді. Сол себепті де, ауруды дер кезінде ауыздықтап, ерте бастан дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Ал дерт байқалмастан бұрын адам салауатты өмір салтын барынша сақтауы керек. Осы саланың маманы ретінде тамақтану үдерісіне баса назар аударуға кеңес беремін. Бұл тұрғыда сырттан әкелінген емес, жергілікті жеміс-жидектер мен көкөністерді пайдалану, түрлі қоспалар қосылатын газдалған сусындардан бас тарту маңызды болып табылады. Бұған қоса жүйке жүйесінің тыныштығы да басты назарға алынуы қажет.
АЛАТАУ: – Сіздердің тараптан тері ауруларының көбеюінің алдын алу, халыққа түсіндіру мақсатында іс-шаралар атқарылады ма?
Жайықбек БАЙҚОРЖЫНҰЛЫ: – Иә, ондай жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, келген науқас оқи жүрсін деген ниетпен тері ауруларын емдейтін мекемемізде түрлі жадынамалар, нұсқаулықтар қойылған. Бұдан бөлек, ашық есік күндері өткізіледі. Қазіргі карантин жағдайына байланысты бізге қаладағы оқу орындары мен түрлі мекемелерден ұсыныстар түседі. Сол жерлерге барып арнайы лекциялар оқимыз. Мұның барлығы тері ауруларының алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар деп айтуға болады. Сонымен бірге, тері аурулары бойынша есепте тұрған азаматтар дәрігердің бақылауына алынып, жылына екі рет тексерістен өтіп отырады.
АЛАТАУ: – ӘҢГІМЕҢІЗГЕ РАХМЕТ!

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ