Тәттілерімен танылған кәсіпорын

0
1016

Лолипоптар  –  таяқтағы кішкене кәмпиттер.  Бұл тәтті  шоколад пен  вафлиден де  ертерек белгілі болған деседі.  Яғни,  оның шығу тарихы  біздің дәуірімізге дейін адамның  қантты білген  уақытынан бастау алады. 

Ресейде лолипоптар бес ғасырдан астам уақыт бұрын белгілі болған екен. Ал, біздің балалық шақтағы қораз кәмпитінің  дәмін ешкім  ұмыта қоймаған шығар. Қазірде  дүкендерде самсап тұрған чупа-чупске кез келген  бала құмар-ақ.

Бүгінде балалар мен ересектер сүйіп жейтін  таяқшадағы ғажайып тәттілерді жасауды өңіріміздегі  «Якар» кондитерлік фабрикасы жалғастыруда.  2006 жылы құрылған кәсіпорынның негізін қалаушы және құрылтайшысы Якар Ченгиз. Сонымен бірге ол өндірістің жетекші технологы болып табылады. Оның басқаруымен барлық негізгі өндірістік цехтар іске қосылды.

Ең алдымен карамель тоқаштарын шығаратын механикаландырылған желілері бар карамель цехын іске қосса, одан кейін трюфельді тәттілер, шоколад батондары мен драже өндірісін іске қосты. 2016 жылдан бастап компания халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істеп келеді және жақсы сапа стандартына айналды, ал серіктестер үшін сенімді жеткізуші болып саналады.

«Якар» елдің ішкі нарығына да, экспортқа да бағытталған. Тәттілер еліміздің барлық аймағына  жаппай сатылуда. Өнім ассортименті 54 атауға дейін өсті. Кәсіпорынның ассортименттік қоржынында карамель кәмпиттері, шоколадтар, барлар, драже (жержаңғақ)  сияқты кондитерлік өнімдер бар.  Қазіргі кезде жоғары технологиялы заманауи кәсіпорында елуге жуық адам жұмыс істеуде. Зауыт отандық және халықаралық көрмелердің бірнеше мәртелік  қатысушысы болып табылады.

Компания  басшысы  Янкар Ченгиздің айтуынша, зауыт өнімдері тек ішкі нарықта  ғана емес, жақын шетел нарығына да танымал. «Қазіргі уақытта біздің  өнімдер Қазақстан  Республикасы мен Кедендік одақ аумағында, ТМД елдерінде ғана  емес, Қытай мен Моңғолияда да сұранысқа ие»,  –  дейді ол.

Компанияны одан әрі дамытуда  «Жол картасы – 2025»  бағдарламасы аясында  «Даму»  қоры қолдау көрсетті.  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан алған несиеге кәсіпорын тәтті өнімдер өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін жаңа құрал-жабдықтарды сатып алуды жоспарлауда.

С. БАЗАРҚҰЛОВА.

ҚАРАСАЙ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ