«ХАРЕКЕТ» қорының қарқынды әрекеті

0
2090

Қазіргі таңда елімізде қайырымдылық қорлары арқылы  түрлі  акция және іс-шаралармен көмек көрсететін ізгі жандар көбейіп келеді. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады. Осы орайда «Харекет Қайырымдылық Қорының» еріктілері игі іс жасаудан еш аянбаған. Әрбір адам үшін баспаналы болу – үлкен қуаныш. Осындай арманға қол жеткізуге септігін тигізіп жүрген еріктілер мұқтаж жандардың бәрімен барынша байланыс жасауды ұйғарған.

Көп түкірсе көл деген сөзді растаған қайырымдылық қоры 2017 жылдың қазан  айында ресми түрде тіркелген. Аталмыш қор қазақ халқының бұрынғы ұстанған жылу жинау дәстүрін қайта жаңғыртқандай болды. Олар әрқашан үздіксіз садақа беруді дәріптеп, халық арасында  көмек беруге ынта-ықыласты арттыруды мақсат етіпті. Қордың ашылуына оның негізін құрушы Гүлмира Мұқанқызының фейсбук желісіндегі бір жігіттің «Менің парақшама жазылған әр адамнан 1000 теңгеден жинап, қара касса ойынын ойнайық» деген ұсынысы түрткі болған. Әлеуметтік желідегі  жазбадан кейін Гүлмира ханым өз оқырмандарына осы ойды тастайды. Егер 1000 теңгеден жинар болсақ,  5 мың адамнан 5 млн. теңге жиналады. Бұл дегеніміз бір баспана сатып алуға мүмкіндігіміз болады деген сөз. Осы игі істі алып  жалғастырып, оны дәстүрге айналдырсақ деген пікірін білдіреді.  Бұл ұсынысты біраз адам қолдап, кеңпейілді, жомарт жандардың арқасында «Харекет» қайырымдылық қоры құрылады. Бұл ұйымның мүшелері Гүлмира Мұқанқызы, Ардақ Байғабыл,  Алғадай Әбілғазыұлы,  Қуат Қабдолда,  Азамат Елубайұлы секілді жанашыр жандар жетім-жесірге мұқтаждарға игі іс жасау мақсатында бастарын қосады. Біраз уақыттан кейін «Өнер Қырандары» театры да бұл тізімдегілердің қатарына қосылған. Ұжым әлеуметтік желіге де, өздерінің концерттерінде де белсенді жарнама жасап, халықты жақсылық жасауға шақырады. Бұл игі бастаманы барлық  қалалардағы  әр кезекті концерттерінде мұқтаж отбасыларға пәтер кілтін табыстап, дәстүрге айналдырып жүр. Қайырымдылық қоры құрылғаннан сәттен бастап, еліміздің түкпір-түкпірінде біраз шаңырақты шатыққа бөлеп, қаншама жанның жүрегіне үміт отын ұялатқан. Қордың мұқтаж жандарға жасаған еңбегі зор. Аз ғана уақыттың ішінде жасаған еңбектері елеусіз қалған емес. Сонымен, қордың басты миссиясы – баспанамен қамтамасыз ету. Ал көмекке мұқтаж жандарды халық арасынан іздейді. Өздері келіп жолыққан адамдар бар, одан бөлек облыстық мешіт пен жергілікті билік өкілдері берген мәліметтер бойынша тізім жасайды.  Жасақталған тізім бойынша олардың тұрып жатқан мекен жайларына барып, тұрмыстық жағдайларымен танысу міндеттеледі. Содан кейін нақты көмекке мұқтаж жандарды іріктеп алады.

«Харекет» қайырымдылық қорының биыл төрт  жылдық мерейтойы. 7 қазан күні республика бойынша ресми туған күні болып бекітілген. Осы мерейтойға байланысты Қарағанды қаласында іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған әр республика өңірінен сауапты іс жасап жүрген еріктілер жиналып, үлкен концерттік бағдарламалар өткізілді. Сонымен қатар, аталған шарада қайырымдылық қоры  500-ші баспананы кезекті мұқтаж жанға табыстады.

Харекеттің біздің өңірдегі игі істерінің басы-қасында Амангельды  Толамисов және көмекші еріктілері жүреді. Төрт жыл  ішінде олар тек Талдықорған өңірі бойынша 35 жанға баспана сыйлаған. Үй алуға үмітті жандар көпбалалы отбасы,  жалғызбасты немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ана, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар болып табылады. Кейде еріктілер жиналып қордың негізгі жұмысынан бөлек әлеуметтік көмектерді де көрсетіп жатады екен. Оның ішінде киім-кешекпен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен және тағы басқа да көмектер көрсетіледі.

– «Біз көмекке мұқтаж отбасыны тауып, жиналған ақшаға үй алып берушіміз. Біздің негізгі демеушілеріміз ол – халық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бізге халық көмек бермесе, мұндай дәрежеге дейін жетпес едік. Баяғыдан бері келе жатқан ұранымызды «1000 теңгеге баспана» деп атаймыз.  Айналамыздағы жандарда үйренді, әр жұма сайын және күнделікті садақа беруді әдетке айналдырған. Қазақ халқы деген жетім-жесірін жылатпаған. Бізде осы ата-бабаларымыз қадап айтып кеткен сөздерді естен шығармай, көмек беруге әрқашанда асығамыз. Соның арқасында қаншама жанның жүзіне күлкі үйіріледі, бақытқа кенеледі. Мен барша кең пейілді жандарды Харекетпен бірге болуға шақырамын!», – дейді Талдықорған өңірі бойынша «Харекет» қорының басшысы Амангельды Толамисов.

Біз өңір бойынша баспаналы болған көпбалалы отбасының тыныс-тіршілігін байқап қайттық. Осы орайда  тілдескен кейіпкеріміз үй алғанға дейін  ТҮКШ – да кезекте  тұрған екен. Жеті баланы өсіріп отырған жалғызбасты ана баспанаға былтыр қол жеткізіпті. Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларға арналған Мемлекеттің «Еңбек» бағдарламасы арқылы өзіне кәсіп ашқанын айтады. Ал бұған дейін шаңырақтың жоқтығынан бұл грантқа қатыса алмай келген.  Сол бағдарлама аясында 100 мың теңгелік грант ұтып алып,  оған  төрт-түлік мал сатып алған екен. Бүгінде сол жануарлардан алған өнімді отбасының игілігіне жаратуда.

–  «Баспана жоқ болған сәтте қатты қиналдық. Пәтерден пәтерге көшу біз үшін ауыр болды. Жеті баламен   ешкім алмайды, кіргізбейді. Осындай   қиналған сәтте «Харекет» қорының бізге қайырылып, көмектескеніне алғысымыз шексіз. Осындай көпбалалы отбасыларға, жағдайы төмен жандарға мүмкіншілік беріп, аяқтан тұруларына себепші болып, бастамасын жасап жатқанына өте ризамын. Қазіргі таңда өз үйімізде тіршілігімізді жасап, төрт-түлік жануарлар алып, бау-бақша отырғызып, емін-еркін өмір сүрудеміз. Бұл мен үшін таудың бір биік шыңына шыққандай дәреже болды», – деп ағынан жарылды  Жанар Айтбекова.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,  – дейді қазақ.  Осындай «Харекет» секілді қорлардың, кеңпейілді жандардың арқасында барша қазақ баспаналы болады деп сенейік.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ