Жылқыдан шошқа озып тұр

0
4159

     Бұл ауылшаруашылығы министрлігіне кім келіп кім кетпеді. Білім министрлігі сияқты топырлап келіп, әр жаңа министр ойға алған реформасын аяғына дейін жеткізе алмай, табандарын жалтыратындар қатарында атышулы ауылшаруашылығы министрлігі де бар. Қайбір жылдары осы саланы Жәнібек Кәрімжанов басқарғанда егістік алқаптарынан бастап, Нұр-Сұлтанды (Астананы), Ақорданның өзін зиянкес жәндік шегіртке жаулап алған-ды. Мамытбеков басқарған жылдары мал тұқымын асылдандырамыз деп мемлекеттің миллондарын желге ұшырдық. Шөкеев қазақтар жыл сайын шетелдерге 60 мың тонна сапалы сиыр етін жөнелтеді деп жүріп, өзімізді өзіміз етпен қамтамасыз ете алмайтындай құлдыратты саланы.

     Тәуелсіздік алғалы отыз жылдың ішінде аграрлық сала, оның ішінде мал шаруашылығы әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай келеді. Күрмеуі тарқатылмай, ащы ішектей созылған проблемалардан қажыған шаруалардың жанайқайын күнде естіп жүрміз. Соның бірі – субсидиялау. Демеу қаржыны да қолы жеткендер алады. Әупірімдеп, дүние- мүліктерін кепілге қойып, несие алғанда субсидиядан бір қағылып, одан қалса кепілге қойған дүние-мүліктерін қайтара алмай сот табалдырығын тоздырып жүр. Бұдан бөлек жанар-жағар май, техника жаңарту, тұқым мәселесі, мал басын көбейтуге қатысты «БІР КЕМ ДҮНИЕ» енді шошқаға келгенде жомарттығы ұстап, қазақтың қолайына жаққан төрт түлікке келгенде табылмай қалатын қолдаулар мен талпақ танауды жарылқап тастапты.
Хайуандардың ішінде тойымы жоқ, нәжісті де талғажау ете беретін, аяушылық сезімі жоқтықтан өз торапайын тамағынан өткізіп жіберетін талпақ танауды өсіруді мықтап қолға алған ауылшаруашылығы жайлы әңгімені арыдан бастағанды жөн көріп отырмыз. Ақпарат құралдарында қызу талқыға түскен доңыз мәселесі сонау кеңестік кезеңде кең өріс алған-ды. Мен өзім туып өскен Панфилов ауданында қазір «Алты үй» деп аталатын елді мекен советтік дәуірде «Киров» атындағы колхоз болатын. Оның төрағасы Ибрайымжан Қожахметов еді. Атағы дүркіреп одаққа тараған бұл шаруашылық шошқа өсірумен айналысты. Ең сорақысы, сондағы мал мамандары ветеринар, зоотехниктер мен жұмысшылардың арасында өзіміздің қаракөздер көптеп жүрді. Ол дәуірге кінә арта алмайсың. Советтің шеңгелінде құрсауланып тұрған Қазақстанда екі шаруашылықтың бірі доңыз өсіретін. Ең сорақысы, бұл харамның етін де, колбасасын да басқамен бірге жергілікті мұсылман халқы да тұтынды. Тіпті, шошқа өсіргендерді дәріптедік, мадақтадық! Алаштың ардақтысы, әйдік жазушы Мұхтар Әуезов ақындығын оң бағалаған жаркенттік Асылақын Қалиев облыстық бір айтыста Екі мәрте еңбек ері атанған Николай Никитович Головацкий басқарған «Октябрдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың үйрегін мақтайды ғой. Жаркенттің жүгерісін, үйрегін айтып асқақтаған Асылақынды сол кездегі «Гвардия» ауданының, қазіргі Кербұлақтың кержоғасы, ақтангер ақын Әбікен Сарыбаев:
«Асеке, мақтай бермей үйрегіңді,
Шошқаға да бұрсаңшы бүйрегіңді.
Шошқаның колбасасын бір асасаң,
Түсіреді ішіңдегі түйнегіңді» – дегенін ел аузынан тастамай айтып жүрді. Мін көрдіңіз бе, сол кезде де шошқаның насихаты керемет болғанын.
Одан бері де не заман өтті. «Елу жылда ел жаңарды. Тәуелсіз Мемлекет болдық. Халал мен харамды ажыраттық. Бірақ, шошқанның дәуірі қайта туды. Айналадағы көрші қолаңның, берісі шығыс пен арысы батыстың қажеттілігіне орай ет экспортында сұранысқа ие талпақ танауға деген қызығушылық артыпты. Басқаны айтпағанда, негізгі тұрғындарын жергілікті жұрт құрайтын Жетісу өңіріндегі киелі аймақ Қараталда 2014 жылдан бері алпыс мың шошқа бағатын шаруашылықтың негізі қалануда. Алғашында қарсылық білдірген тұрғындар екі қолға бір күректі содан табатындықтан ақыры көнді.
Мемлекет тарапынан жылқы мен сиырға, қой мен түйеге бұйырмаған қолдау қаражаттарының шошқаға келгенде шашудай шашылуы жарыққа шығып кеткеннен кейін қызу талқыға түскен шошқа етін өндіруге субсидия беру мәселесіне қатысты Ауыл шаруашылық министрі берген мән-жайға құлақ түріп көрелік.
«Мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған, бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетті. Қазіргі уақытта салада тек екі субсидия бар: асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу. Алайда өткен жылы бұл субсидияны тек бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небәрі 6 бас мал алынды», – дейді.
«Бір шошқаға 140 000 теңге беріліп, пайғамбардың көкке көтерілген пырағына бір тиын да бөлінбепті» деп шу ете қалған ақпаратқа берген ауылшаруашылығы басшылығы жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілер де қолдау шаралары назардан тыс қалмайтынын айтуда. Бірақ, таразының басын бәрібір талпақ танау басып тұр.Себеп, шошқа мен жылқының әр басына төленетін субсидияның айырмашылығы экпорттық әлеуетке байланысты екен. Ал қылқұйрықты жылқы еті тек ішкі нарыққа бағытталған өнім, ол экспортқа шығарылмайтын көрінеді. Демек, жылқы етінің дәрумендік пайдасын, етінің, сүтінің түрлі ауруларға ем екенін ғалымдар мен дәрігерлер дәлелдесе де, соны өтімді тауарға айналдыра алмаған қарға тамырлы қазақтың шенді-шекпенділерінің өзі кінәлі. Жылқының жарнамасын жалпақ әлемге жарнама жасай алмай отырмыз. Шошқа етін экспорттауға былтыр 800 тоннаға сұраныс бар деген ауылшаруашылығы министрлігі қамбар ата тұқымының еті түгіл сүтін өткізе алмай отыр ғой. Есесіне оны немістер патенттеп алып, түрлі дәрумендер шығаруда. «Қолда барда алтының қадірі жоқ» деген осы ғой! Мәселен, жылқы басын 20 000-ға жеткізуді көздеп отырған белгілі меценант, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспановтың «ALAKOL ASYL ZHYLKISY»ЖШС Жапония мемлекетінен келген арнайы делегациямен келісім шарт жүргізіп жатқанын айтқанбыз, жазғанбыз. Шетелге жылқы етін экспорттаудың алғашқы шартында осы шаруашылық қолға алуда. Неге тек ішкі нарықпен ғана шектелуіміз керек. Жарнамасы мен насихаты дұрыс болса, шошқа етін ғана тұтынатын халықтар жылқы етіне де сұраныс салады ғой. Оған Бауыржан Оспановтың жапондармен жүргізіп жатқан келісімшарты дәлел. Ол аз десеңіз, Қазақстаннан Ресейге көшіп кеткен орыстар мен Германияға кеткен немістер жылқы сойып жейді екен. Тіпті көрші Қытай мемлекетінен көшіп келген қазақтар көрші тұрған қытайдың қазақтардан қалыспай жылда соғымға жылқы сойып алатынын жырдан қызық қып айтып жүр. Европалықтар жылқы етін жемейді деген құр сылтау, оларға қымызының, етінінің дәмін таттырып, тіпті спортшыларға күш-қуат беретінін жарнама жасасыншы, балға құмартқан аюдай бас салар еді. Бұл үрдістен Алматы облысы да кенже қалып тұрған жоқ. Талпақтанауды табыс көзі санап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қаржылай қолдау мақсатында өткен жылдан бері демеуге қажет 100 млрд теңге қаржы «Агробизнес-2020» бағдарламасы жүзеге асуда. Сыртқы елдің сұранысын өтеуге қажетті ет өндірісінің барлық түрін қолдау аясында шошқа шаруашылығын дамыту да қарқын алды. Доңыз етіне деген сұраныстың басым бөлігі Қытайға жөнелтіледі дейтін деректер бар. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша елімізде алдағы 6 жыл ішінде 26 ірі шошқа шаруашылығы ашылмақ. Жылына 50 мың тоннаға дейін ет беретін кешендердің жанынан доңыз тұқымын асылдандыру мен сұрыптаумен айналысатын арнайы орталықтар да құрылмақ. Былтыр аймақтағы «Бекон» серіктестігі асыл тұқымды шошқа өсіру зауытын ашқан-ды. Мұнда 1800 бас талпақ танауға арналған селекциялық-гибридтік орталық жұмыс істеп тұр. Өндіріс жылына 60 мың тонна шошқа етін экспортқа шығаруға қабілетті. Сондай-ақ, Алматы облысында 1200 бас шошқа жемдейтін кешен тағы ашылды. Қаратал ауданындағы «Агро-Инвест- Қаратал» серіктестігі «Аграрлық несие» корпорациясының қаржыландыруымен шошқа етін дайындайтын кешенді іске қосқан болатын. Үштөбе қаласында орналасқан өндіріс кластерлік жүйемен жұмыс істемек. Жаңа заманғы технологиямен басқарылатын кешенге 815 млн теңге инвестиция жұмсалыпты. Өндіріс толық қуатына көшкен кезінде күніне 13 тонна ет дайындалып, 60 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір мұнда 1200 бас шошқа жемдеуге қойылған. Талпақ танау санын көбейту үшін Дат елінен Ландрас және Йоркшир тұқымдас 312 бас мегежін сатып алынған. Мейлі ғой, ел экономикасын дамытуда нарық заңына орай икемделіп, сұранысқа қарай өнім өндіретін уақыт. Алайда, осы шошқа өсірумен, қазақтар айналысып кеткеніне жүрегің ауырады. Мәселен, Жамбыл облысының Құланды ауылында бес уақыт намаз оқитын қажының доңыз өсірумен айналысатыны сол ауылға айтысқа барғанда естіп жағамызды ұстағанбыз. Тіпті, Батыс Қазақстаннан барған Мұрадым Мирланов, Жамбыл облысының намысын қорғаған Асхат Қылышбекке КТК арнасында шу болған 50 000 шошқа жайлы жырмен әжуалап айтқаны барды. Сондағы Асхат Қылышбектің жауабы ойымда қалыпты.
Бұл сөзің маған құрған қақпан шығар,
Шошқа бағу – біреуге мақтан шығар.
Қалип қажы басымен шошқа бақса,
Оны да жын-шайтан кеп қаққан шығар.
Болмаса ерте көктем ұйықтап қалып,
Жыланкөздің жыланы шаққан шығар.
Немесе шошқаларын сүндеттеп ап,
Мұсылман шошқа қылып баққан шығар.
Бірақ ұрғашыларын қалай сүндеттейді,
Шамасы ол ғалым-білгіш атпал шығар.
Шошқаға ұқсайтұғын будан жасап,
Қойдың да жаңа тұқымын тапқан шығар.
Сол қойды шошқа екен деп қателесіп,
КТК айтып жүрген ақпар шығар –дегені бар-ды. Бір ғажабы қолынан құраны түспеген қажының шошқасын орыстар бағып, өзі қадағалайды. Осыны да дөп меңзеген Асхат Қылышбек:
Откормдағы орыстарды қыстай қысып,
Тоқтат дедім айлық, кіріс-несібені.
Көктем шыға солардың бәрін жиып,
Шошқа баққан тау жаққа көшіреді.
Амалсыз іштен шыққан шешім еді.
Ел жұртты шулатқан бұл мәселе,
Алдағы жазға таман шешіледі – деп ақталған. Алайда, қажы молда шошқа санын бүгінде 100 000-ға апарып қалды-ау дейді. Ал, енді осы шошқадан тапқан табыс көзі халал ма, харам ба оны дін саласындағы мамандар пайымдай жатар. Жетісудың Сарқан ауданында да кезінде Омарғазы деген кәсіпкер болды (қазір марқұм болып кетті). Ол да: «шошқа бағам деп басыман бағым тайды» деп айтып жүретін…
«Торғай сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, шошқаны да шошқа жейтіндер бақса бір сәрі, қыруар пайдасы бар, әрі субсидиясы көлкөсір деп қазақтың көбі шошқа бордақылап кетпесін деңіз. Қалай десек те, жылқыдан шошқа озып тұр.

Айтақын МҰХАМАДИ



ПІКІР ЖАЗУ