Қадірі қашқан қазақ тілі немесе ант бұзған халық қалаулылары

0
1764

Қазақстан тәуелсіз ел қатарына қосылып, өз алдына жеке мемлекет болғалы 30 жыл толғанымен, қазақ тілінің жетім баланың күйін кешіп, босаға жағалап жүргенін шыққыр көзіміз әлі күнге көріп келеді. Күнделікті күйбең тірліктің қай кезінде болмасын барған жеріңде мемлекеттік тілге желімдей жабысып, қосамжарласқан орыс тілінсіз мәселенің шешілмейтіні тағы бар. Ана тіліміздегі жарымжан жарнамалар мен оқулықтағы олқылықтар жайы айтыла-айтыла жауыр болғалы қашан?! Бұл аз болғандай енді елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деп сенген депутаттар қауымы қазақ тілінің мәртебесін көтермек түгілі, көктетпейтіндей іс-әрекет жасады.

Өткен жылдың соңғы тоқсанынан бастап «праймериз, сайлау» деп алашапқынға түсіп, әйтеуір жыл басында алаулатып, жалаулатып ҚР Парламенті Мәжілісі мен өңірлік депутаттарын сайладық.Улатып-шулатып жүріп өткізген сайлаудың жыры бөлек әңгіме. Алайда «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қызықтың бәрі сол елдің елеулісі, халықтың қалаулысы деп танылып, мыңның ішінен мықты деп сараланған депутаттардың ант беру рәсімінде басталды. Мемлекеттік тілді меңгере алмаса да, шенділер қатарына қосылып, мемлекеттің ісін жүргізуге ниеттілер салтанатты шарада айналдырған бір-екі ауыз сөзді айта алмай, «мақтаған қыз тойда бүлдіредінің» кебін киді. Қолдарына күні бұрын беріліп, тайға таңба басқандай анық жазылған кішігірім «ант» мәтінін мемлекеттік тілде жаттамақ түгіл, оқып бере алмай, тілі жаңа шыққан баладай күрмелген депутаттар ертеңгі күні елдегі өзекті мәселені көтеріп, қазақтың мүддесі үшін қалай жұмыс жасамақ? Әлгі праймериз арқылы кандидаттарды іріктегенде неге олардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы таразыға тартылмаған? Әлде көкесі мен жәкелері қолұшын созып жіберді ме? Олай демеске лаж жоқ. Бірінен соң бірі мінберге көтерілген ант берушілер құдды бір ақылдасып алғандай-ақ. Жандарбек ақын айтқандай «мыңқ-мыңқ», «быдық-быдық» деп анттың дал-дұлын шығарды. Тіпті кейбірі өз тілінде емес, мүлдем бейтаныс өзге тілде сөйледі ме дерсің. Төрткүл дүниеге жеке бастары ғана күлкі болса бір сәрі, білдей бір мемлекетті ұятқа қалдырды. Тек бұл ғана емес, отыз жыл оңала алмаған қазақ тілінің мәртебесін әкім-қаралардың өзі де менсінбей, жиналысты мемлекеттік тілмен ашып, артынша орысшаға ойысатыны ащы болса да шындық. Мейлі заң органдары, сот, ішкі істер саласының жиыны болсын, залда 90 пайыз қазақ отырса да, баяндамалар ресми тілде жасалатындықтан, кейде тіпті өзіңнің қай елде өмір сүретініңнен шатасасың. Ал, енді әлгі не қағазға қарап, не жатқа айта алмаған ант берушілер алдағы күндерде заң тармақтарын қалай сараптайды? Мәселен, заң қазақ тілінде төменгі палатаға келіп түсті делік. Талқылау барысында тілдік қоры мүлдем нашар депутаттар не істейді? Соның салдарынан шала-пұла заң қабылданып кетпей ме? Онсыз да қазір бір жыныстылар мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңға бола айқай-шу туып жатқан жоқ па? Осыдан кейін «балық басынан шіридіні» айтпастан басқа амалың қалмайды.
Шынымен де, ел тағдырын алдағы бес жылда өз қолына алған депутаттардың бұл әрекетін халық әсте қаламайды. Мәселен, Түркия президенті Ердоғанның шет елдегі бір сапарында күллі мемлекет басшыларын көзінше аяғының астында жатқан мемлекеттік туын көтеріп, төс қалтасына салғанына барша жұрт сүйініп еді. Ал, бізде ту мен гимнді мазақ етіп, мемлекеттік тілді де қорлап жатады. Оның жарқын айғағын күні кеше ғана ант қабылдаған депутаттар көрсетті. Рәсімнен кейін интернет желісінде оларды жерден алып, жерге салған небір пікірлер жазылды. Ал, халықтың пікірін елеп-ескеріп, кешірім сұрған бір депутатты көрсек көзіміз шықсын. Күні бүгінге дейін бұл турасында тіл жанашырлары шыр-пыр болып, көптеген мінбеде сөз алып, өзекті мәселелерді көтеруіндей-ақ көтерді. Алайда «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып келеді. Тілге жаны ашитындардың қатарында талай жылдан бері қазақ тіліне қызмет етуді азаматтық борышы санап келетін филология ғылымдарының докторы Оғыз Доған да бар. Екі сөздің басын құрай алмай кібіртіктеген кей депутаттардың қылығына қарап ашынғанын әрі ұялғанын айтқан ол депутат ұлттың өкілі болғандықтан көпшілік алдында сөзін ұғынықты, айтар ойын еркін жеткізуге міндетті дейді. «Олар қазақ тілін еркін меңгергенімен, ел алдында сөз сөйлеуден қысылатын шығар. Бірақ, мәжіліс – көпшілік алдында сөз сөйлеу үшін тәжірибе жинау алаңы емес екенін ұғынған жөн. Халықтың қалаулысы болу үшін сөзге шешен болудың да керегі шамалы. Тек мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі, тым құрығанда жазылған мәтінді сауатты оқуы керек еді» деген ол, депутаттыққа үміткерлерді саралау барысында тілдік сынақты тегеурінді өткізу керек деп есептейді.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, билік басында ұлттың тілін ұлықтап, мәртебесін көтеруге үлес қосушылар да жетерлік. Алайда жалғыздың үні шықпайтыны анық. Осындайда әр нәрседен өзімізді ақтап алып, шаң жуытпауға әуестігіміз тағы бар. Мемлекеттік тілді білуге құлқының жоқтығын көрсеткенше, «жетпіс жыл орыстың боданында болдық, тіл мен дінді күштеп ұмыттырды» деп өткен ғасырға итере салу – жауапкершіліктен жалтару. Дербес мемлекет болып, тәуелсіздігі мен өз ана тілі бар ел болғанымызға ширек ғасырдан асты емес пе? Біз кімді алдап, кімнің алдында ақталып жүрміз сонда? Үйренемін деген ниет болса, осы аралықта қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішетін уақыт жетті ғой?! Тіпті одақтас ел құрамында болып, бізбен қатар ес біліп, етек жиған өзге мемлекеттерді көргенде көңілің күзгі аспандай күрт бұзылады. Сөзімізге дәйек болсын, Әзірбайжан елінде мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті деген жазылмаған заң бар. Ел саясаткерлерінің айтуынша, мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы іріктеуден өткенде әзірбайжан тілінен емтихан тапсыру талап етілмейді. Себебі, ол мемлекеттік тілді білмесе онсыз да мемқызметке талпынбайтын көрінеді. Осы тұрғыда «Өзге мемлекеттерде сол елдің мемлекеттік тілінен бір-екі қате жіберген жауапты қызметкерлерін бірден орны-нан алып тастайды. Ал бізде мың қате жіберсе де мыңқ етпейміз. Қарап отырсақ, біз өзінің мемлекеттік тілін қорлап отырған әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Осыдан кейін өзге мемлекеттер басынды деп несіне ренжиміз?!» деп жазушы Дулат Исабеков те жеке пікірін білдірген. Осындайда «Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» деп бір-бірін қалжыңмен қағытқандарды көп естуші едік, қазір дәл соның кебі келіп тұрғандай.
Біздің мемлекетте де тәртіп ұқсас. Ел Президенті мұндай емтихан тапсырғанымен, депутаттар қауымы бұл сынақтан босатылған. Дегенмен тек қана депутаттардан емес, қазақ мемлекетін басқаруға ниетті әр шенеуніктен қазақ тілін білуді талап ететін уақыт келіп жетті. Осылай айтамыз-ау, бірақ «келіп жетті» деудің өзі де ұят. Себебі, әлеуметтік желіде осыған қатысты айтылған бір пікір ойға оралды. «Сөйтетін уақыт келді», «өйтетін шақ туды», «бүйтетін кез жетті»… Әлдебір өтірікті өткізерде, қазақты әлденемен алдандырарда, жыл ауысқан сәттерде, наразы көптің аптығын басу үшін ғана айтылатын осындай жаттанды сөздер жүйкеге тиіп бітті әбден. Отыз жылдан бері бұ не деген «келіп болмайтын уақыт», «туып бітпейтін шақ», «жетіп тынбайтын кез» өзі?!» деген желі пайдаланушысының сөзінен жасайтын уақыт келеді деп болашаққа құр үміт артудан басқа түк бітірмей жүргенімізге налығанын аңғарасыз. Айтса айтқандай-ақ, аспанға алақан жайып «алма піс, аузыма түс» дегеннен ештеңе шықпайды. Сондықтан нақты іс-әрекетпен жұмыс атқарар шенділер керек-ақ бұл халыққа.
Бұл ант беру бұрынғыдан өзгерек болғаны сонша, рәсім өте салысымен дүрліккен жұрттың пікірінен әлеуметтік желі жарылардай болды. Солардың қатарында азулы айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақовтың бейнежазбасы көпшілік ойын дөп басып анық жеткізгендей. Себебі, болған болмысты батырып айтқан ақынның желідегі жазбасына жарыса пікір білдіріп, қолдау көрсеткендер қатары қалың. Бұл мәселені ақындар тек бүгін ғана қаузап жүрген жоқ.
«Жемқор аузын тыймай жүр,
Қу дүниені қимай жүр,
Бәрі сыйған аузына,
Қазақ тілі сыймай жүр»,– деген Балғынбек пен Жандарбектің ащы жырына осыған дейін құлақ асқан қайбір билік, жауап берген қай шен-шекпенді бар дейсіз?!

ТҮЙІН ОРНЫНА: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген хәкім Абай өз дәуірінде қайран жұртымдап кеткен еді. Ал бүгінгі жұрт «қайран тілімге» салып, жоғарыдағылардың тіл мәртебесін ұшпаққа ұшырмаса да, құрметпен қарауына үміт артып жүр. Алайда тілдің ту-талақайын шығарған халық қалаулылары мемлекеттік тілді биікке көтеріп, проблемасын шешу былай тұрсын, керісінше халықтың өзіне проблема тауып бере ме деген ойға қаласың. Осындайда «Алашұбар тілің болады, дүдәмәлдау дінің болады» деген Мөңке би сөзінің айна-қатесіз келгеніне қайран қалғаннан басқа амал жоқ. Бәлкім, сәт санап өзгеретін заңдардың қатарына мемлекеттік тілді меңгермегендерге төрден орын берілмейді деген заң баптарын қосса, ентігін баса алмай жүргендер есін жинап, бір-ақ сәтте қазақ тілінде бұлбұлша сайрап кетер…

Лина АЙДЫН

Суреттер ғаламтордан алынды

 


ПІКІР ЖАЗУ