Қант зауытында жаңа маусымға дайындық жүргізілуде

0
1953

Өңіріміздегі  Ақсу қант зауытында жаңа маусымға дайындық жүргізілуде. Ондағы жұмыстардың барысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров көріп қайтты. Бұл жайында Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі  кезде цехтар тазаланып, тозған бөлшектер жаңасына ауыстырылуда. Бұған дейін «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы жалпы саны 288 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтар сатып алынып, «Ақсу Қант» ЖШС-ға лизингіге берілген еді. Серіктестікке кадр тарту мақсатында «Ақсу Қант» ЖШС мен жергілікті политехникалық колледж арасында 50 қажетті арнайы маман дайындау туралы келісімшарт жасалған.

Қазір кәсіпорында 120 адам жұмыс істесе, жазғы маусымда тағы 100 адам еңбекке тартылады деп күтілуде. Ал зауыт толық іске қосылғанда 600-дей адам жұмыс істейді.

Облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіровтің сөзінше, жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде.  Биылғы жылы «Жетісу» ӘКК-нің қолдауымен зауыт шамамен 20 қыркүйекте іске қосылады.

Ал кәсіпорын директоры Самат Надирбаев   биылғы жылы   қант қызылшасының сығындысын кептіруге арналған сығынды кептіргіш және жомды ұнтақтағыш желі орнатылып, іске қосуға дайын тұрғандығын айтады. Кәсіпорын іргесін одан әрі кеңейту ашытқы зауыты мен  құрама жем шығаратын зауыт салу арқылы жүзеге асырылмақ. «Зауыттағы процестерді автоматтандыру мен өндірістің шикізаттық жүйесін жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар, бұл зауыттың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға оң ықпалын тигізеді»,  – дейді ол.

Биыл  Ақсу ауданында 3 167 гат жерге қант қызылшасы себілсе, оның  300 гектары қант зауытына тиесілі. Жалпы облыс бойынша тәтті түбір 6 100 га жерге себілді.

2017 жылдың қыркүйек айында іске қосылған Ақсу қант зауытының  өндірістік қуаттылығы 300 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді. Яғни, бір маусымда 35 мың тоннаға дейін қант шығара алады. Кәсіпорын өңірдегі өңдеуші «қанатқақты» өндіріс орны. Зауытқа шикізат қант қызылшасы бағытындағы 17 сервистік дайындау орталығынан және облыстағы қызылша өсіруші 200-ден астам шаруашылықтан жеткізіледі.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

Кілтсөздер:ӨНЕРКӘСІП


ПІКІР ЖАЗУ