Қапал ауылдық ауруханасында ашық есік күні өтті

0
1001

Төрт  мыңға жуық халқы бар Ақсу ауданына  қарасты  Қапал  елді мекеніндегі ауылдық  ауруханада «Ашық есік күні»  ұйымдастырылды.

Шараға  қапалдықтар ғана емес, ауылға жақын маңдағы Суықсай,  Көшкентал және Арасан елді мекендерінің  тұрғындары да келді.  Бұл күні аудан орталығы  ауруханасынан арнайы келген мамандар:  хирург, эндокринолог,  көз дәрігері (окулист),  лор,  невропатолог,  ультрадыбыстық  диагностика  дәрігері   арнайы қабылдау жүргізді.

Ауылдық аурухана меңгерушісі Әлия Тойлыбаеваның айтуынша,  іргесі  1985 жылы  қаланған ауруханада  барлығы  60  маман   ел денсаулығын нығайтуда қалтқысыз қызмет етуде. Орта буынды мамандардан бөлек 4 дәрігер бар. Оның 2-еуі терапевт болса,   екеуі балалар дәрігері (педиатр). Ауылдық ауруханада   күндізгі емхана және  стационар  жұмыс істейді. Емханада  ай сайын  70-ке жуық  адам ем қабылдаса,  стационарда   жоспарлы   және арнайы жолдамамен  келетіндерге  қызмет көрсетіледі.

– Біздің басты міндетіміз – аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолдану. Халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру, – деген  Әлия  Шормаққызы  тұрғындар  ауданға   бармай-ақ   талдауларын  (анализ) тапсыра алатынын,  оның қорытындысы жылдам  шығатынын  айтты. Сонымен қатар   рентген кабинеті де жұмыс істейді екен.

«Әр айдың соңында ауданнан  арнайы келген мамандар ауыл тұрғындары үшін  медициналық қызмет көрсетеді. Аудандық ауруханаға  бара  алмайтын халық  үшін қол жетпес  мүмкіндік. Бірнеше маманмен  қатар   ультрадыбыстық  диагностика дәрігері  де келді. Осы  маманға бара алмай  жүрген жүкті әйелдер үшін де тиімді. «Ашық есік» күні аясында аудандық аурухана басшысы  өзі бастап  халыққа қолайлы жағдай  тудыруды басты міндет етіп отырғаны қуантады»,  –  деп ағынан  жарылды аурухана меңгерушісі.

Ауданнан   арнайы  келген мамандарға тексерілуге келген тұрғындардың   қуанышында шек болмады.  Олар  ақ халатты абзал жандарға дән риза екенін айтып, ақ жарма тілектерін де жаудырды.

Айым КОЛЯ, Қапал  ауылының тұрғыны: – Аудандағы мамандарға  жете алмай  жүрген   тұрғындар үшін осындай   «Ашық есік» күнін   ұйымдастырған  ауылдық аурухана ұжымына айтар алғысым шексіз. Мұнда баламды көрсету үшін арнайы келдім. Нәтижесінде,  невропатологтан, көз дәрігерінен және құлақ пен мұрынды қарайтын лор маманынан өтіп,олардың  арнайы кеңесін алдық. Әр маман бізді жылы қарсы алып, қандай ем алу керектігін де жазып берді. Осындай шара жиі ұйымдастырылса жақсы болар  еді. Барлық дәрігерге аналық ризашылығымды білдіремін.

Ғалия ЫРЫСБАЕВА, ауыл тұрғыны: – Ауылдағы халық үшін бұл деген керемет шара болып отыр.  Ауданнан арнайы дәрігерлер келіп, тексеру жүргізеді дегенді ести сала келдік. Бір мен ғана емес, ауруханаға тексеруден өтуге келген халықтың қарасы қалың. Өзім неврапотолог,  эндокринолог дәрігерлеріне  тексерілу  үшін келдім. Негізі, мұндай шара бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Әр айдың соңында ауданнан  арнайы  дәрігерлер келіп,  медициналық  көмектерін береді.  Бұл жолы да осындай  профилактикалық  тексеру  ұйымдастыру – ел үшін жасалған керемет дүние деп есептеймін.

Күндізгі сағат  төртке дейін жалғасқан «Ашық есік» күнінде 150-ден аса адам  мамандардың тексерілуінен өтсе, оның 30-ға жуығы балалар болды. Келушілердің  басым бөлігі неврапотолог пен көз дәрігеріне  жүгінді. Неврапотологтың қабылдауында 50-ге тарта адам болса,  40-қа жуық адам көз дәрігеріне қаралды.

Өз кезегінде аудандық аурухананың бас дәрігері  Салтанат Мықтыбаева  келген адамдардың дерлігі  қанағаттанарлық жағдайдағы медициналық тексеруден өтіп, кеңестер алғанын, алдағы уақытта  мұндай шараның   басқа  ауылдарда  да  жалғасын табатынын айтты.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ҚАПАЛ АУЫЛЫ,

АҚСУ АУДАНЫ.

 


ПІКІР ЖАЗУ