Қосымша білім беру орталықтары балаға лайықты білім беріп жатыр ма?

0
1191

Қазіргі таңда елімізде  қосымша білім беру орталықтары көктемнен кейінгі саңырауқұлақша көбейіп келеді.  Тіпті, білім саласына мүлдем қатысы жоқ  адамдар да қосымша білім беру орталығын ашуда.  Бұл заман талабы дегенімізбен,  аталмыш орталықтардың бәрі бірдей балаға сапалы білімді бере алып жатыр ма деген ой көптің санасындағы сауалдың бірі болып  отыр.  Осыған орай    облыс орталығында орын тепкен білім орталықтарын аралап көруді жөн көрдік.

Өздеріңізге мәлім, қазіргі білім беру жүйесі әлемдік оқу жүйесі кеңістігіне енуге бағыт алуда.  Сондықтан да білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі  – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Ал, білім беру жүйесінде қосымша білім беру мектептен тыс ұйымдардың бірегей жүйесін сақтау және дамыту, жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту және шығармашылық дамытуда олардың рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Негізінде, қосымша білім беру орталықтарының  пайда болғаны бүгін  емес.  Басқасын  айтпағанда,   тек  тіл үйрету,  Ұлттық біріңғай тестілеуге әзірлейтін бағытты ұстанған орталықтардың өзі қаншама. Олардың көп болуымен қатар  жабылып жатқандары да аз емес. Жалпы, бұл орталықтарды ашудағы  басты мақсат не:  табыс табу  ма, әлде шын мәнісінде балалардың  сапалы білім көкжиегін кеңейтуге  үлес қосу ма?!

Біз табан тіреген алғашқы қосымша  білім беру  мекемесі  – «Innoverse» орталығы.  2017 жылдан бері  жұмыс істеп келетін орталық тек ҰБТ тестілеуге дайындық жасауға бағытталыпты. Бүгінде орталықта  3 негізгі пән және 2 таңдау пәнінен оқушыларды оқытады. Білім беру жүйесі мектеп базасының тақырыптарымен жаңартылған бағытта дайындайды екен. Қазіргі уақытта мұнда  100-ден аса шәкірт білім алуда. Биылғы көрсеткіш бойынша оқушылардың 95 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған.

Бұл орталық «Qazaq-140» деп  аталады. Талдықалада  жаңадан ғана  бой түзеген  орталықтың директоры Мақсат Мұратбекұлы орталықты ашудағы инициативасымен бөлісті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің білім саласына екі гибридтік бағытпен кірсеңіздер, өте жақсы болады деді. Яғни, аралас біліммен кіру, онлайн мен оффлайн. Соның нәтижесінде, біз  оқушыларға 85 пайыз практиканы онлайн форматында, 85 пайыз теорияны оффлайн форматында береміз. Бүгінде Қазақстанның дамуына өзімнің септігімді тигіземін деген жастар көп қой. Біздің мақсат  оқушыларға  толыққанды ашып білім беру. Олар қаншалықты жақсы білім алса, болашағы  сондай жарқын болмақ. Мектепте білім жоғары. Оқушыларға қазіргі уақытта даму керек. Мына онлайн форматтан кейін көп шәкірттің  білімге деген құштарлықтары кетіп қалды десем, қате айтпаймын. Бұл заман мамандықтарды  ұштастыратын заман. Сондықтан қосымша білім беруде орталықтардың да көп болуы заңды»  – дейді ол.

Келесі бас сұққанымыз  «Зерделі» білім беру орталығы. Сегіз жылдан бері жұмыс істеп келетін орталықтың  ашылудағы мақсаты қазақша кітап жазу болған. Өйткені білім беруде өздерінің қазақша нұсқаулығын жазатын орталықтар кемде-кем екен. Екінші бір міндет – баланың логикасын дамыту. Бұл ғимаратта 5-6 сынып (НЗМ, БИЛ), 9-сынып және 11-ші сыныптарды тестілеуге дайындайды.

«Dostyq» білім беру орталығы. Бұл мекеменің атымен аталған тест кітапшаларын кез келген мектептерден кездестіріп жатамыз. Бұл байқау сынақтары облыс, қала, аудан және ауылды мекендерге оқушылардың тестілеу алдындағы дайындық мақсатында жіберіледі. Орталық онлайн платформада ойластырылған, сабақты жазуға үлгермей немесе түсінбей қалған оқушы қосымшаға кіріп, онлайн бейнежазбаны көріп, тақырыпты қайта түсінуге мұмкіндігі бар.  Орталық басшысы Айдын  Аманжоловтың сөзінше, орталыққа келген балалар   деңгей-деңгейімен бөлінеді. «Егерде, бір аудиторияда бір мықты, бір әлсіз бала отырса, бәсекелестік болмайды. Ал, бәсекелестік болмаған жерде, жеңіс жоқ», – дейді ол.

Сонымен, заман талабы-на байланысты қалыптасқан оқу орталықтарының басты бағыты мына-лар: мектепке, пәндік олимпиадаларға дайындық, тіл үйрету орталықтары, дарынды балалларға арналған зияткерлік мектептерге (НЗМ, БИЛ), Ұлттық біріңғай тестке дайындық.

Жалпы, таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұның да пайдалы және зиянды жағы бар.  Пайдалысы – әр бала өзінің ізденіс бағытында қосымша білім алып, мықты маман атанғысы келеді. Бәсекелестік арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ал, зияндысы –  мектептегі қағазбастылықтан құтылғысы келетін жақсы мамандар орталықтарға кетіп қалып жатыр.

Иә, елімізде сапалы білім беріп, қаншама баланы шыңдап жүрген  орталықтар жетерлік. Мектеп қабырғасында баланың деңгейіне қарап сабақ өтуге мүмкіндік болмайды. Ал орталықтардың артықшылығы оқушының деңгейіне қарап бөлінуінде, бала санының аздығы, сабақтың соған сай жүйелілігі мен еркіндігінде.  Мақала жазуда білім беру орталықтарының  ішкі  жұмысының қыр-сырына біраз үңіліп көрдік.  Бәрі деп артық салмақ салмайық,  арасында санмен ғана өлшенген,  сапасы жоқтардың  бар екені  байқалды.

Бізде бизнестің бір жауыры, бір адам кәсіп түрін бастап табысқа жетсе, жұрт сол бағытта өздерінің істерін жүргізуді бастап кетеді. Әрине, жасасын. Бірақ қай салада іс бастамасын оның  жілігін шағып, майын ішкен болу керек шығар.  Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Туғанай Аяпова,  Талдықорған  қаласындағы №24 дарынды балаларға арналған лицейінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: «Қазіргі таңда орталықтардың көп екені рас. Жақсы орталықтар бар болып, білім сапасын көтеруге ат салысып жатса оған қуанамыз. Бұндай орталықтардың көбею себебі –  заман талабы, екіншіден сұраныстың артуы деп ойлаймын. Бұл мектептерде білім сапасы төмен деген сөз емес. Мысалы бір сыныпта 30 шақты бала болса, олардың әрқайсысының қабылдау деңгейі әр түрлі болады. Көпшіліктің ішінен кейбіреуі тасада қалып, жеткілікті деңгейде ашылмай қалуы мүмкін. Ал сондай орталыққа барғанда оған мүмкіншілік болады деп ойлаймын. Алайда, сыныпта барлық оқушы бұндай орталықтарға қатыса алмайды. Кейбірінің жағдайы келмесе, кейбірі ата-анасына ауыртпашылық түсірмеуі мүмкін. Олардың ішінде 5-6 бала қатысар, ал қалғаны мектептегі ұстаздардың берген білімімен оқу жылын аяқтайды. Менің бұндай орталықтарға қарсылығым жоқ. Егерде бала өзіне керекті білімді алып, жақсы нәтиже шығарар болса, неге бармасқа?!».

Назым Дүтбаева,  журналист:  «Жақында ғана бұрын қонақ үй болған ғимараттың оқу Орталығы ретінде жалға берілгенін көрдім. Бұндай мекемелердің көбеюіне іштей қуанып қалдым. Себебі, білім алуға деген ынтаның артып келетіні  білінеді. Екіншіден, мектептегі бала санының көптігі себеп. Мектеп мұғалімі қанша жақсы түсіндірседе бала көп отырған сыныпта  сабақты қорыту қиын.Сол себепті ата-аналар баланың болашағын ойлап, түрлі қосымшаға береді. Дәл қазір оқу орталықтарының көбеюіне ықпал еткен осы екі себепті көріп тұрмын. Оқу орталықтары неғұрлым көп ашылса, соғұрлым бәсеке болады. Бәсеке бар жерде өсу бар. Ал, ұстаз мәртебесінің өсуіне «Педагог мәртебесі» туралы Заң мен жалақынының көтерілгені едәуір әсер етті. Бұрынғы мұғалім бұрынғы адамдар сияқты еді, қазіргі мұғалім қоғамның бір мүшесіне айналды.  Қазіргі мұғалімдер цифрлық тұрғыдан сауатты және жан-жақты. Заман өзгерген сайын ұстазға қойылатын талап та өзгереді. Бүгінгі педагогтер заман талабынан мейлінше шығуға тырысып жүр және оларға бір мұғалімге қарап баға беру дұрыс емес деп санаймын».

Арайлым БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ