Қоғам қатыгезденіп барады

0
1772

Қазір айналамызда не орын алмай жатыр? Үйдегі көк жәшік пен қолдағы смартфонды қоса қалсаңыз болды, күн сайын адам өлтіру мен зорлық-зомбылық, қарақшылық пен тонау, қала берді, өз әйелін азаптап, өртеп жіберу сынды әрекеттердің көбейгенін естисіз. Осынау дамыған заманда әлеуметтік желінің құдіреттілігі соншалық, қазір ғана болған жағдай, санаулы минуттардан кейін-ақ жалпақ жұртқа  жария  етіліп жатады. Соңғы уақытта егде тартқан жандардың қаршадай қыздарға қорлық көрсету жағдайлары да желіде жиі қылаң беруде. Мұны естіп «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөздің мән-мағынасы  жоғалғандай күй кешесің.

Басқасын айтпағанда,  қазір ерегескен екінің бірі қарсыласына  қару кезеніп жеңуді әдетке айналдырғандай. Мәселен, біраз уақыт бұрын Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында атыс болғаны жайлы бейнежазба желіде желдей есті. Облыстық ПД оқиғаның 24 маусымда болғанын және жанжал кесірінен екі адам оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған. Ал, өткен аптада Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде көлік тұрағына қойылған көлік иесі өзіне жасалған ескертпелер үшін тұрғындарға қарсы тапанша кезеген. Абырой болғанда, суық қару оқсыз атылып, ешкім зардап шекпепті. Осыған ұқсас жағдай күні кеше ғана Атырауда орын алып, адам өлімі тіркелді. Екі ауыл арасындағы жастардың қақтығысында талантты жас спортшы, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсудан Атырау облысы құрама командасының мүшесі, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Сиғуатов Есенбек қайтыс болды. Бұл оқиға болған күннің ертесінде Шымкент қаласында да атыс болып, қаладағы «Гранд-Прага» мейрамханасындағы төбелесте бір адам оқиға орнында көз жұмған. Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, атыс кезінде жарақат алған тағы бір жігіт аса ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті. Бұл жөнінде полиция қызметі қанды оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді ұстау үшін қажетті шаралар қолға алынғанын айтады.

Міне, бұлардың барлығы айналасы бір аптаның ішінде орын алған жағдайлардың бірнешеуі ғана. Көпшілігі адамдардағы қатігездік пен азғындықты ұлттық тәрбиенің босаңсып, экрандағы жауыздық фильмдерін көптеп көруімізден деп топшылайды. Тіпті, осындай жантүршігерлік жаңалықтарды көре-көре көз, ести-ести құлақ та үйреніп кеткендей. Салдарынан   қоғам  қатыгезденіп барады. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ