ҚУАТТЫ АРМИЯ – ЕЛ ТІРЕГІ

0
2687

Әскер – біздің егемен мемлекетіміздің берік қалқаны. Оны нық ұстап тұру – қасиетті борыш қана емес, сондай-ақ, зор мәртебе. «Әскери қызмет – ел Тәуелсіздігінің, Қазақстанның  әр  шаңырағының тыныштығы мен алаңсыздығының кепілі» деген сөз әрбір азаматқа рух сыйлайды. Қазақ әскерінде қызмет атқарып, Отан алдындағы борышын орындауда ер жігіттерге аса жауапкершілік пен үлкен міндет жүктелетіні хақ. Осы бағытта әскерге баруға азаматтарымыздың құлшынысы қандай? Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына сарбаздарды дайындау мен шақыру қалай жүруде? Міне, осы және басқа да сауалдардың аясында әңгіме өрбітуде Алматы Облысы Талдықорған қаласы Қорғаныс істер жөніндегі басқарма бастығының әскери патриоттық жұмыс және ҚР Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс жөніндегі кеңесшісі Есет Жеңісұлы Дәуренбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

АЛАТАУ: Есет Жеңісұлы, алдымен, әңгімені өзіңіздің әскери қызмет еткен тұстарға шолу жасаудан бастасақ.  Ол  кездегі әскер қандай еді?

Есет   ДӘУРЕНБАЕВ: – Біздің кездегі әскер өзгеше еді. Қиындығы мен қуанышы да қатар жүрді. Ол тұстағы  әскерилердің борышын өтеу мерзімі   2 жыл, ал  матростардың мерзімі  3 жыл болатын. Жауапкершілік, патриоттық сезім, идеология деген мықты болды. Үлкен альбом жасап, ішіне әскердегі оқиғалардың суретін салатынбыз. Кеңес кезіндегі әскер қатарына  алынғандарды Германия, Беларуссия, Ресейге жіберетін. Ал еліміз тәуелсіздік  алып, өз алдына ел  болғалы әскери борышты өтеу мерзімі 1 жылға қысқарды.

АЛАТАУ: 18 жасқа толған барлық жігіт әскерге шақырту алатынын білеміз, бірақ қандай жағдайда әскери қызметті кейінге қалдырып, әскерге шақырудан босатылатыны жайында көбі біле бермейді. Сол жағын толығырақ айтып берсеңіз.

Есет ДӘУРЕНБАЕВ:  – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде 18-27 жас аралығындағы азаматтарды әскерге шақыру жылына екі мәрте, наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында жүргізіледі. ҚР 2012 жылдың 16 ақпанындағы №561-IV Заңының 35-бабында көрсетілгендей отбасы жағдайы, білім алуды жалғастыру үшін, денсаулыққа байланысты және басқа да себептер бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады. Егер, денсаулығы  салдарынан әскери қызметке жарамсыз деп танылса, жиырма жеті жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаса, туыстарының бірі яғни әкесі, анасы, аға-інілері әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапса және баласы бар болса асыраушы ретінде әскерге шақырудан босатылады.

АЛАТАУ:Әскери-техникалық және де өзге мамандықтар бойынша даярлау қалай жүргізіледі?

Есет ДӘУРЕНБАЕВ:  – Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау өтеусіз және өтеулі негізде жүргізіледі. Өтеусіз негізде даярлауға денсаулығы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жас алты айдан асқан жиырма алты жасқа дейінгі дайындық аяқталғаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын немесе жұмылдыру резервіне алынатын азаматтар тартылады. Негізгі орта және жоғары білімі бар әскерге шақырушыларды мамандандырылған ұйымдарға іріктеу кезінде, олардың әскерге шақыруға дейінгі алған мамандықтары есепке алынады. Өтеулі негізде дайындауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әскери міндеттілер жиырма төрттен жиырма жеті жасқа дейінгі денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге  қалдырылған әскерге шақырылушылар тартылады. Әскери міндеттілерді өтеулі негізде даярлау ақылы түрде жүзеге асырылады. Өтеулі негізде оқыту үшін әскерге шақырушыларды, әскери міндеттілерді жинау ерікті түрде болады. Әскерге шақырушыларды жиын пунктінен мамандандырылған  ұйымдар орналасқан жерге дейін тасымалдау бойынша шығыстар да өтеусіз негізде әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау құнына қосылады. Әскерге шақырылушылар қатарынан 10 адамнан аспайтын оқу бөлімшелері, саны 30 адамнан аспайтын оқу взводтары (топтары) жасақталады.

АЛАТАУ: Оқу бөлімшелері деп қалдыңыз, Талдықорған қаласында қанша бөлімше жұмыс істейді?

 Есет ДӘУРЕНБАЕВ: – Қазір Талдықорған қаласында төрт бөлімше жұмыс атқаруда. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ҚР Қарулы Күштері, ҚР Ұлттық Ұланы және ҚР мемлекеттік күзет қызметі бөлімдері бойынша әскери қызметкерлерді шақырамыз. Барлық аудан-ауылдардан келген әскерге шақырылғандарды осы төрт бөлімше бойынша жинап, Қазақстанның басқа қалаларына жібереміз. Соңғы 6 жылда  республика бойынша әскерге шақырылғандар саны бойынша бірінші орында келеміз.

 АЛАТАУ: Әскерден қашып, тіпті  соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалар жиі ұшырасып жатады. Сіздіңше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек?

 Есет ДӘУРЕНБАЕВ: – Иә, қазір әскерге барғысы келмейтіндер, әскерге барып, қашып кететіндер жоқ емес. Мұндай  жағдайлардың алдын-алу үшін баланы жастайынан  патриоттыққа тәрбиелеуіміз керек. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауына сәйкес республика бойынша балалар мен жасөспірімдердің «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубтары мен сыныптары құрылды. Осы Жолдау аясында 2019 жылы 9 қаңтар күні Алматы облысы әкімінің және 9 ақпан күні Талдықорған қаласы әкімінің өкімі шығып, штаб құрылды. Талдықорған қаласындағы №19 М. Жұмабаев атындағы орта мектеп гимназиясы мен Еркін ауылдық округіне қарасты Көктал ауылындағы №11 орта мектепте арнайы «Жас сарбаз» сыныптары ашылды. Әр сыныпта 25 баладан. Оның басты мақсаты – балаларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Осы сыныпты бітірген балаларға арнайы куәлік беріледі. Алдағы уақытта қаламыздағы 14 мектептен «Жас сарбаз» сыныбын ашамыз деген жоспар да бар. Соның ішінде № 20 мектеп физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытады. Осы мектептің кабинеттерін «Smart сарбаз» бойынша жабдықтасақ дейміз. Оған мемлекет қолдау көрсетуде, қаржы бөлінсе, біз жұмысымызды бастауға дайынбыз. Сонымен қатар №7 Ушинский атындағы орта мектеп гимназиясында «Жетісу тарландары» деген арнайы клуб бар. Талдықорған қаласы бойынша барлық мектептен  жиналып, 35 бала мүше болды. Клуб мүшелері өте белсенді, жыл сайын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып,  жүлделі орындардан көрініп жүр. Өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуде «Айбын» сияқты жастар жиынының да берері көп. Бұл ойындар мектеп оқушыларының бастапқы әскери даярлық бойынша білімдерін нығайтуға оң ықпал етеді. «Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әскери-патриоттық жиыны – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, осындай ерекше жетістіктер Талдықорған қаласының мерейін үстем қылуда. Қазір де балалар дайындық үстінде, 28 қыркүйек күні онлайн режимде ресми ашылуы болады.

АЛАТАУ: «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбын аяқтаған балалар әскери қызметке шақырыла ма? Әлде сол арнайы куәлікпен әскерге шақырудан босатыла ма?

Есет ДӘУРЕНБАЕВ: – Ол – баланың таңдауына байланысты. «Жас сарбаз» арнайы куәлігін алғаннан кейін, әскери жоғары оқу орнына түссе де болады. Елімізде бірнеше әскери жоғары оқу орындары бар. Мысалы, 2019 жылы Құрлық әскерлері әскери институтына 4 бала, Екі мәрте кеңес одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына 3 бала, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 1 бала және Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусына 7 бала грантқа түсті. Осылай оқуын жалғастырып, әрі қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.

АЛАТАУ:  Сүбелі әңгімеңізге рахмет.

 

Мадина АКМАТОВА

 


ПІКІР ЖАЗУ