«Қыз деген бір бақыт, ұл деген жүз бақыт, келін деген шын бақыт»

0
1971

Қаһарлы қыстың аязы кетіп, көңілге көңілді күй сыйлайтын көктем келді. Бұл қыр гүліндей құлпырған сұлуларымыздың, әлемді тербеткен аяулы аналарымыздың, әпке-сіңлілерміздің мерейлі мерекесі мен күн мен түннің теңеліп, даланың алпыс екі тамырын иіткен жыл басы Наурызбен қауыштырған мезгіл. Осы орайда сұлулық пен мейірімді жанының символы еткен қырық жыл ұстаздық өмірін ұрпаққа арнаған Әсет Әбдіқадырқызымен кездесіп, өмірлік іс-тәжірибесімен танысып қайтқан болатынбыз.

Екі жасынан аяғынан айырылса да, биік белестерді бағындырып, өз мақсатын қол жеткізуде Әсет апамыз аянып қалған жоқ. Бүгінде 79 жастың шыңын бағындырған апамыз жүріп өткен өмір-жолы туралы былайша баяндады
– Өзің көргендей, аяғымнан екі жасымда айырылдым. Бірақ, бір аяғым жоқ болса да, екі аяғы бар адамдай қызмет еттім. Абай атындағы педагогикалық институтының география факультетін бітіріп, Киров (қазіргі Көксу) ауданындағы Октябрь (қазіргі Жарлыөзек) ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектепте тапжылмай қырық жылға жуық еңбек еттім. Сол жерде жұмыс істей жүріп, зейнетке шықтым. Сол жылдар ішінде ұстазға қандай марапат берілсе, соның бәрін алдым. Еңбек ете жүріп, түсіме де кірмеген бақытқа қол жеткіздім. Аяғымның кемістігін ескере отырып, тұрмысқа шығуды ойламаған болатынмын. Бірақ, өмір сенің ойлағаныңдай болмайды екен. «Сағынай» өмірімді түбегейлі өзгертті. Менің отбасылы болудан бас тартқаныма қарамастан, бақытты ете алатынына сеніммен қарап, өз шаңырағына келін қылып түсірді. Бүгінде екі ұлым, бір қызым бар –деп ағынан жарылды апамыз.
Қырық жыл бойы ұстаздық еткен апамыздың өзі айтқандай, еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ батырлар жырының үздігі», «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалі, «Еңбек ардагері» медалі, облыс, аудан әкімдерінің, облыстық тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары, референдум өткізу кезіндегі белсенді еңбегі үшін Елбасының Алғыс хаты, Көксу ауданының Құрметті азаматы атағының иегері бола білген аяулы жан.
Әлемі әдемі апамыз әңгімесінде: «1989 жылдың 22 қыркүйегінде «Тіл туралы заң» қабылданды. Сол заңның қабылдануына үлкен үлес қоса отырып, ауыл, аудандарда «Қазақ тілі қоғамын» құруға да ат салыстық» дей келей, бір өзі тек ұстаздық жолды ғана мақсат етпей, қазақ тілінің, яғни, тілдің жанашыры бола білгендігін, шығармашылығының басым бөлігін тілге арнағанын да айтты.
«Өткенді білмей, болашақты болжау қиын» демекші сонау заманнан бүгінгі күнге дейін сақталып келетін баға жетпес асыл жәдігерлерімізді тану, қастерлеу арқылы тарихымызды білу – бүгінгі ұрпақтың абыройлы парызы дейді апамыз.
Ал, Әсет Әбдіқадырқызының Мұсабек орта мектебінде мұражай ашқанын бірі білсе, бірі білмес. 1990 жылы облыстық мұражайдың мамандары мұражайға паспорт та алып беріпті.
«Қонақ келсе, ырыс келеді» демекші, Әсет апа әңгімесінде үйінен қонақ үзілмейтіндігін де айтып қалды. Бірі өткен күндегі жақсылығын еске алып, алғысын білдіріп келсе, бірі апамыздың әңгімесін тыңдау үшін арнайы келеді екен.
Сөз орайында апамыздан әйел бақыты туралы да сұраған едік.
– «Бақыт» деген отбасы. Отбасы әке, ана, баладан құралады. Осы тұтас үш мағына бір жерде болса, алынбайтын асу жоқ. Әке отбасында әрдайым жоғары тұруы керек. Ерін сыйлаған отбасы көтеріледі, өшпейді –деген апамыз: «Мені қазіргі шақта алаңдатып жүрген дүние , ол – ұлттық тәрбиенің бұзылуы. Бұрыңғы қазақ үйге құлып салмаса да, үйге ұрлық кірмеген. Қазір ше? Темірмен есік салсақ та, ұры ойына келгенін істеп кетеді. Полиция қызметкері болса да, заң күшіне енсе де қылмыс көбейіп кетті. Неге? Оның үлкен себебі, тәрбиенің болмауы. Бірдеңе болса болды жастарға кінә артамыз. Жоқ, жастар ғана кінәлі емес, оған дұрыс тәрбие бере алмаған үлкендер де кінәлі.
«Жетімдер үйі» мен «қарттар үйі» деген сөзді естісем де жүрегім қарс айырылады. Жетімдер үйінен тәрбие көрген баланың келешегі бір Құдайға ғана аян. Жетімдермен қоса тірі жетімдер көбейді. Бірдеңе бола қалса бітті, заттарын жинап төркініне кеткендер саны көбейді. Бұрын қызы қайтып келген отбасына қара таңба басылушы еді. Қазір бәрі басқаша.
Қарттарын сыйламай, бақытқа қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, үлкендерді қарттар үйіне апарудың емес, апармаудың жолын іздеу керек,–дейді кейіпкеріміз.
Салиқалы апаның айтары бұл ғана емес. Өткені жайында сыр шерте отырып, сөзін былайша жалғады: «Тамыз кеңесі бойынша әкім сөз сөйледі. Ауылдың құрметті азаматы болғандықтан алдыңғы қатарға отырдым. Жазып берген дүниені әкім оқи бастады. Оқып жатыр, оқып жатыр, бір айтқанын екі айтып шатасты. Ақырында қағазды оқу бөлімінің алдына қоя салды. Сөздің соңын мұғалімдерді құттықтаумен аяқтап, кетіп қалды. Артынша мен де көлікке міне сала онымен жолығуға бардым. Кабинетіне кіріп, оған ел алдында қағазға қарап сөйлеу, адам беделімен қоса сөздің де қадірін кетіретіндігін айтып, ақырын түсіндірдім.
Бірде ол: «Менің қазақшамнан орысша сөзім көп еді. Әсет апамның ескертпесінен соң бүгін ол кісіні қуып жететіндей жайда тұрмын» деді. Міне, ескертуді дұрыс жеткізе білу де, оны түзеутудің өзі де бір өнер ғой» – деген ол әңгіме желісін білім саласындағы дүниелерге де бұрды.
– Қазіргі індет кезеңі мұғалімдерге оңай болып отырған жоқ. Бұрынғыдай балаға қарап тұрып, оқытатын сәт емес. Балаларды ғаламтормен басқару да оңай шаруа емес қой. Бір тақырыпты дұрыс түсінбесе, келесіні түсіну қиынға соғады. Күні-түні еңбекті талап ететін бұл мамандыққа жалақы қосу дұрыс деп есептеймін.
Бұл індеттің салдарынан талай жақсылар өмірден озып кетті. Дей тұрғанмен, туыстық қарым-қатынас нығайды. Алла бізге ауру беру арқылы есімізді жидырды. Көп адамның жүрегіне иман ұялады. Отбасы үлкен қазына екенін ұғындырды.
Өмір жолында талай қиын, қызықты күндерді басынан кешкен апамыз жүрек сөзін былайша түйіндеді.
– Айналайын енелер мен келіндер! Әрқайсың да аттарыңа сай болыңдаршы. Енелер, ұрпағымызды жалғастырушы, келер күнімізді шуақты ететін келінді өзекке теппей, оны жатсынбай, бауырға басуда ең алдымен, сыйластық мектебін құрайықшы. Ал, келіндер, сендер кіммен қарайдыңдар сонымен ағарып, бүтіндей бір әулеттің керегесін алтын етіп жарқыратып, босағасын болаттай берік ету жолында тынбай еңбектеніңдерші. Олай болмаған жағдайда, шаттыққа толы үйдің шайқалған шаңырағына, бар жақсыны баласынан аямайтын ата-анаға, үлкендердің кесірінен көздері мөлдіреп қалған тірі жетім балаға обал. Қазақ келіндері мұндай қателікті жібермеуі тиіс.Осы айтқанымды көкейлеріңе түйіп жүріңдерші, қарақтарым. Қыз деген бір бақыт, ұл деген жүз бақыт, келін деген шын бақыт. Әрбір отбасына шынайы бақыт тілеймін.

P.S: Әсет апамен әңгімелесуде тұла бойынан аңқыған адалдықтың иісін сезіндім. Шаңырағынан бұрқыраған еңбектің иісіне елтідім. Кейіпкеріміздің отты жанарынан бақыттың самалы есті, оған да мәз болдым. Шынын айтсам, көп шаңырақтан көрмейтін, жоғалтып алған керемет бір күйді таптым. Алғашында бұл ненің құдіреті екенін түсінбегенмін. Сосын бұл апамның бүгінгі тілмен айтқанда позитивті энергиясы екенін үйден ұзап шыққан соң ғана түсінгендеймін. Сексеннің төріне шыққалы отырған өз қазанын оттан түсірмей, шаңырағының түтінін будақтатып отырған апамның жүзге келуін Жаратушыдан сұрадым.

Әңгімелескен Ардагүл ӘСКЕРБЕК


ПІКІР ЖАЗУ