Қылышын сүйретіп қыс келеді

0
1147

ОҢТҮСТІК АФРИКАДА ҚАР ЖАУДЫ. БҰЛ АҚПАРАТ «АДЫРНА» ҰЛТТЫҚ ПОРТАЛЫНАН АЛЫНДЫ. АЛ, «БІЗДЕ НЕ БОЛАР ЕКЕН» ДЕГЕН ДАНАГҮЛ ҚАЗИХАН ӘЛЕМДЕГІ КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРІП ЖАТҚАНЫН МЕҢЗЕП, ҚАЗАҚСТАНДАДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АПТАП ЫСТЫҚ БОЛЫП, ЖАУЫН ШАШЫННЫҢ СИРЕГЕНІН ТІЛГЕ ТИЕК ЕТКЕН.

Ж а з ы  5 5 — 6 0 г р а д у с т ы көрсетіп, ұдайы шөл дала болып тұратын Африка елінің Камерун аумағында қар жауып, оның арты қатты бұршаққа ұласып, тұрғын үйлер зақымданып, егістіктері қоғадай жапырылып кетіпті. Мұны табиғат апаты дейсіз бе, әлде атмосфералық ауа райының құбылуына балайсыз ба, өз еркіңіз.. Әлем ғалымдарының дабыл қағуы бойынша, ауа райының жылдан жылға күрт жылуы, Антарктидадағы мұздықтардың еруіне, экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанын ұдайы айтып келеді. Құдай жаманшылықтың бетін аулақ қылсын. «Ескіні елемесең жаңаның жаңғыруы екі талай» демекші, осыдан бір ғасыр бұрын Торғайда жұт болғанын тарих беттерінен парақтап көруге болады. 1922 жылы Торғайда октябрьдің басынан бастап, сәуір айының 20-на шейін қар кетпей, халық орасан жұтқа ұшырап, мал тұқымы тегіс қырылғанын кәрі тарих айтып тұр. 1959 жылы Алматы облысында қыс қатты болып, Ақсу, Қапал, Сарқан аудандарында мал қырылып, шопандар таяғын қолдарына ұстап қалған кезеңдер де болған. Ал, 1965 жылы құрғақшылық болса, 1969 жылы қыс қатты болып, мал шығыны болғанын көне көздер айтып жүр. 1970 жылы осы Ақсу, Қапал аудандарында қыс қатты болып, жергілікті билік интернатта жататын шопанның балаларын сабақтан босатып, ат а — а н а л а р ы н а к ө м е к т е с у ге жіберген. Сондай-ақ, Қапалдың орталығы, «Премиальный Революция» совхозының шопаны қардың қалың түсуінен және ауа райының құбылып тұман басуынан таулы аймақта мал бағып жүріп ізтүссіз жоғалып кетеді. Марқұмның сүйегін ерте көктемде қар ерігенде табылғанын көне көздер айтады. Тіпті, ХХI ғасырдың басында, 2010 жылы қар қалың түсіп, Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылында ел көшеге шыға алмай қиналған. Сол кезеңде қар тазалауды Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданы тендерді ұтып, мердігер қыстың көзі қырауда Қоғалыдағы қалың қарды тазалауға мүмкіндігі болмаған. Қыс бойы қар кешіп қалтыраған халық, көктемде омбы қардың еруінен сел мен батпақ кешіп әуреге түскен-ді. Өткен жылы әлемді дүрліктірген індеттен толық айыға алмай жатқанда, бүйірден соққан қуаңшылықтан Батыс, Солтүстік және Оңтүстіктегі Қызылорда облыстарында аптап ыстықтан тұяқты малдар түртіп жейтін азық таппай, жадыраған жазда қырылғанын айтсақ, алдағы қыстың жайы алаңдатады. Өйткені, «жаз аптап ыстық болса, қыс қатты болады» деген ырымға сенген халық алдағы қыста ел жұрт күн көрісіне айналған төрт түлік қыстан қысылмай шығады ма деген екі ұдай күйде отыр.

Дәл осы қысқы маусымға дайындық барысын 14-ші қыркүйекте үкімет басшысы Асқар Маминнің өткізген селекторлық жиынында, Павлодар, Шығыс Қ а з а қ с т а н , С о л т ү с т і к Қазақстан және Алматы облыстарында қысқы маусымға дайындық жұмыстары көңіл көншітпейтіні, КТК және 31 телеарнасындағы жаңалықтарда айтылды. Осы сауалдарға байланысты редакция Алматы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бағлан Абылқанұлына жолығып, Жетісу өңірінің алдағы қысқа дайындығын сұрап білдік. Бағлан Абылханұлының айтуынша, Алматы облысы бойынша, 2020-2021 жылдарға жылыту маусымына дайындық қарқынды жүруде. Жалпы, облыстық бюджеттен дайындық жұмыстарына 13,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде жөндеу жұмыстарына 3 миллиард, отын қорын сатып алуға 10,4 миллиард және 1,7 миллиард теңге мекеме қаражаттарының ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақ. Облыс көлемінде 35 орталық жылыту қазандықтары барын айтқан Бағлан Абылқасымов, 78 қазандық оның 16-на күрделі жөндеу, қалған 62-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Бүгінгі күнге олар, 100 пайыз дайын екенін тілге тиек етті. Барлық бюджеттік мекемелер норматив көлемінде қатты және сұйық отынмен қамтылған. Ал, қатты отын керек ететін тұрғындарға қатысты Алматы облысына жалпы көмірдің қажетті көлемі 1,3 миллион тонна. Халыққа сатылған көмірдің көлемі 605 000 тонна. Ал, көмірдің бағасы қазіргі таңда 14000 мен 17000 теңге аралығында. 17000 теңге деп тұрғанымыз алыс аудандарға тасымалдау бағытындағы баға осы соманың ішіне кіреді. Халықтың көп тұтынатын Шұбаркөл көмірінің орташа бағасы 14500, Семей көмірі 13500-14000 теңге аралығында. Қарағанды көмірін бізде халық колданбайды. Ол көбінесе жылыту орталықтарына арналған. Жалпы, облыс көлемінде тұрғындарды көмірмен қамту 44 пайызды құрайды. Бұл төмен көрсеткіш емес. Қысқа даярлық барысы ұдайы назарда. Аудан әкімдерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Лазат Тұрлашовтың басшылығымен апта сайын жиын өтеді, тапсырма беріледі. Халыққа түсіндіру жұмыстарын қолға алу, қатаң бақылауда ұстауды тапсырып отырады. Бүгінгі күнге облыстың бюджеттік мекемелеріне 26,1 миллион литр дизель отыны қажет. Оған бес жарым миллиард теңге қаражат бөлінген. Осының 11,8 миллион литрі тасымалданды. Бұл орташа есеппен 46 пайызды құрайды. Ал, жеке мекемелердің өздеріне тоқтайтын болсақ, білім беру мекемелері 49 пайыз сұйық отынмен қамтылды. Бұл 9,7 миллион литр. Лимиттары 20 миллион. Денсаулық сақтау мекемелерінің лимиттері 4,2 миллион литр болса, қазіргі таңда 638,8 мың литр оларға жеткізілді, ол 15 пайыз. Ал, мәдениет ошақтарының лимиті 1,3 миллион литр оларға тиесілісі 1 миллион, 79 пайыз. Оның ішінде, спорт және әлеуметтік мекемелер 78 пайыз сұйық отынмен қамтылды. Бюджеттік мекемелердің барлығы дерлік қысқы маусымға дайын. Оларға қажетті отын қоры жеткізіліп жатыр. Жылу жүйесіндегі үлкен қазандықтарда мәселе жоқ. Басты мәселе тұрғындарға көмірді жеткізу мәселесі баяулап тұр. Мәселен, Ақсу ауданы 32 пайызбен ғана қамтылса, Еңбекшіқазақ ауданы 39, Іле ауданы 22, Қаратал ауданы 20 және Райымбек ауданы 34, Ұйғыр ауданы 33-ақ пайызды құрап тұр. «Аудан басшылары халықпен тығыз байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізулері тиіс. Қара жер, күн жылыда ауыл тұрғындары қыстық отындарын өздері қамданып жеткізіп алулары керек. Енді, бір айдан кейін жылыту маусымы басталады. Сол кездерде көмір қоймаларына лап беретін халықтың арасында ажиотаж басталады. Сондықтан қардың жауып, күннің суытқанын күтпей, ертерек қамданғандары дұрыс болады», – дейді ол.

Иә, қамданған қапы қалмайды. Әйтседе, күннен күнге шарықтаған баға, ауыл тұрғындарының қалтасы көтере бермейтінін ескерсек, шалғай аудандар көмір тасымалдауда біраз әуре-сарсаңға түсетіні бар. Жанармай бағасының қымбаттағанын көлденең тартатын тасымалдаушылар жоғарыда айтқан бағаға отынды тұрғындардың есік алдына дейін жеткізіп, бере қойса құба-құп. Аудан орталығынан ауылдарға көмір тасымалдау бағасы шарықтаса, онда «шоқпар тисе сорлыға тиеді», – дегеннің кері болады. Өйткені, ауылдықтардың бәрінің төрт құбыласы сай емес. Олардың да арасында әлеуметтік тұрмыстары бір зейнетақы мен балалардың жәрдемақыларына қарап тұрған отбасылар бар. Алатаудың басына қар түссе, балтасын сайлайтын қараша қауымның күпті көңілі – қыстық отын сумен, төрт түлік малдың жайы болып тұр. Әсіресе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары биылғы қуаңшылықтан қыстық мал азығының тапшылығын айтып, қазірдің өзінде дабыл қағуда. Қылышын сүйретіп қыс келіп, аяз қысып берсе, қорадағы малдың жайы не болмақ деген ауылдықтардың алаңдауы заңдылық. Алла жұттың бетін әрі қылсын, ел аман жұрт тыныш болсын ағайын.

А. БҰЛҒАҚОВ.

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ