Қыстыгүні төселген асфальт қайта сүрілмесін дейік

0
2276

«Жол жасалып, ауылымызға еш қиындық-сыз жетсек қой». Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік ауылы тұрғындарының қазіргі таңдағы бар тілегі осы болып тұр. Шалғайда жатқан ауылда отыз жылдан бері жырланып келетін жол мәселесі тұрғындар жанына батып жүр.

1984 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу жұмысы жүргізілмеген жолдың қыстың көзі қырауда жасалып жатқанына не дерсің. Бұған наразы болған тұрғындар: «Мұндай уақытта жасалған жұмыс текке кетіп, көктем шыға жол таз қалпына келмей ме» дейді. Қазір жұмысшылар 5 шақырым жолды аяқтап қойған.
Қала мен ауылды байланыстырып тұрған 180 шақырым жолдың сапасы сын көтермейді. Жолдың нашар болуы салдарынан төрт сағат бойы жүруге тура келеді.
– «Жолдың жайын жүрген біледі» дегендей, осы ауылда туып өскесін жай-жапсарының барлығын білеміз. Жол жаман болғасын көлік қатынауы да кейінгі кезде қиындап барады. Қалаға баратын көлік жүргізушілері санаулы, көліктерін жаман жолға салғысы келмейді. Тіпті жол құны да жылдан-жылға артып барады. Осындай ауа-райында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына мүлде көңіліміз толмайды. Цемент пен құмды араластырып төгіп, бетіне суды шашты. Қазіргі даланың аязымен қатып, жол жып-жылтыр мұз болып тұр. Тіпті үстінде коньки тебуге болады – дейді ауыл халқы.
Өткен жылғы аудан әкімінің есебінде жолды жөндеуге 471 миллион теңге бөлінгендігі, Алмалы – Көпбірлік арасына қиыршық тас төгілетіні айтылғанымен, қазіргі жөндеу жұмыстарына қарасақ қиыршық тастың көлеңкесі де көрінбейді деп күйінеді ел.
Жергілікті тұрғындар көптен күткен Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік тас жолының жөндеу жұмыстары жоба бойынша сәуір айынан бас-талып, жыл соңында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ жолды жөндеу жұмысы желтоқсан айының басында басталыпты. Алмалы – Көпбірлік ауылының арасындағы 28 шақырым жолға 409 миллион 270 мың теңге бөлінсе, Үштөбе – Алмалы арасындағы жолға 827 миллион 174 мың теңге бөлінген. Ал, жөндеу жұмыстарына «Фирма Талдықорған жолдары» ЖШС мердігерлері жауапты екен.
– Қар жауған былай тұрсын, күз мезгілінде +10 градустан төмен ауа-райында жол салуға болмайды. Оның үстіне ыстық асфальт жамылғысын. Ауа температурасы төмен кезде асфальт тез қата бастайды. Бұл жұмысшылардың да жұмысына әсер етеді. Егер асфальтті тез лақтырып тастамаса ол пайдаға жарамай қалады. Қармен аралас салынған асфальт жерде дұрыс қатпай, келесі жылы қайта жөндеу жұмыстарын жасауға тура келеді. Оның үстіне қазір жол салу технологиясы мүлде басқаша болып барады. Алдымен жерге щебен яғни, қиыршық тас төсеп, одан кейін қатты асфальт төселіп, кейіннен жұмсақ асфальт құйылатын. Қазіргі кезде қиыршық тастардың орнына бірінші қабатқа акатш немесе граверді пайдаланады. Бұл құм араласқан ірі тастар. Ол жұмыстың сапасын төмендетеді. – дейді зейнет жасындағы бригадир Ахан Ордабаев.
Қалай десек те, қыстыгүні төселген асфальт көктемде қайта сүрілмесін дейік…

Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ