Әйелмен әлем әдемі

0
1061

Қазақта: «Әйелдің  қырық  жаны бар» деген тәмсіл бар.  Қаншама  ғасырдан бері  келетін  бұл сөз текке айтылмаған-ау сірә.  Әйел болып күн кешудің өзі бір жағынан бақыт,  бір жағынан жауапкершілікті  іс. Себебі,  қырық жанның  да сұрауы бар,  өз салмағы бар. Өзінің болмысына сай тұрмыстың қайсысына  болсын  төзу керек. Жаратылысы қанша жерден нәзік  болғанымен ішкі жан дүниесі мен жүйкесі төзімді әрі мықты. осы аталғандарға сай болу үшін де оларға қырық жан керек…

Бала деген бір бақыт

Бала  –  адамның бауыр еті. Бала десе еміренбейтін жүрек, сыздамайтын балтыр бар ма?! Бар тәттісін аузына тосып, бар мүмкіндігін сәбиіне сарп ететін ана оның болашағын, денсаулығын бәрінен жоғары қойып, түн ұйқысын төрт бөледі. Дені сау, қол аяғы бүтін баланы қараған  өз алдына,  ал мүмкіндігі шектеулі баласына қарап отырған жігерлі аналардың орны бір бөлек дерсің.

Мақаламызға арқау болған Гүлбағиза ОМАРБАЕВА қызын осыдан тоғыз жыл бұрын босанды. Іштегі сәбиін мерзімінен бұрын дүниеге әкелді. Үш айлығында инсульт алған бала сал дертіне шалдықты. Сол уақыттан бері түн ұйқысын төрт бөліп, қызының жазылып кетуіне бар жағдайын жасап, дертімен күресіп келеді.  Ержүрек ана қызын жанынан бір сәтке тастамайды. Күнделікті жасайтын шаруаларының нақты жоспары белгілі. Таңғы  8-ден түскі уақытқа дейін Дильфирузаның ұстаздары келіп сабақ оқытады. Түстен кейін «Бәйтерек» оңалту  орталығына барып ұстаздарымен дайындалады. Орталықтан  шыққаннан кейін оларды массаж алу шарасы күтіп тұрады. Осы шаруаның барлығын  бітірген соң үйлеріне қайтады. Дильфируза үйге келген соң бір сағат демалады. Ол уақытта немен айналысатынын өзі шешеді. Сәл демалып болғасын емдік фитнеспен айналысып,  үйге берілген тапсырманы анасымен  бірге орындайды. Содан соң кешкі ас қамына кірісіп, тамақтанады. Ана  мен қыздың  бір тәуліктегі   шаруасы осы.

Гүлбағиза апай педагог-психолог мамандығын тәмәмдаған. Қызын дүниеге әкелгенше лицейде парихмакер-модельер мамандығының мұғалімі болып 13 жыл қызмет атқарды.  Кейіннен  Алматы облыстық мүгедектер қоғамы  бірлестігіне жұмысқа тұрып, әртүрлі көмекке мұқтаж отбасыларына керекті азық-түлік,  қажетті заттармен қамтамасыз етумен айналысты.

Бұл  қоғамдық бірлестікте тіркеуде тұрғандардың көбісі толыққанды отбасы емес. Бұндай шаңырақта  көп жағдайда ерлер отбасын тастап кетеді. Мұны олардың әйелдері баласының диагнозын естігеннен кейін оның ауыртпашылығын көтере алмай кетіп қалды деп жатады. Алайда олай  емес, керісінше ер адам өзінің әйелінің ауыртпашылығын  көтере алмай кетеді, кім болсын баладан безбейді ғой. Себебі,  ана сырқат баласынан басқа өзге жанға мән бермейді. Күнделікті кешке шейін емшара жасап жүретіндіктен, ер адамға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Осының барлығы жиналып келгенде ерлер қауымы өзін керексіз сезіне бастайды. Сол себептен арада  өкпе-реніш болып, екіге бөлініп кететіндері осыдан. Әйел  баласының ауыртпашылығы мен жауапкершілігін арқалап кетеді», – дейді Гүлбағиза Тұрсынқызы.

Ол   қызының дерттен жазылуына бар күш-жігерін салуда. Оның нәтижесі де жоқ емес. Қызы енді өз бетінше тіземен бірқалыпта тұруға  және еңбектеуге шамасы жетеді. Жолдасы екеуі алдынан шыққан кедергінің бәрін бірге еңсеріп келеді. Тіпті, қызының денсаулығын ойлап, мамандықтарын да өзгерткен. Мұғалім болып қызмет атқарған Гүлбағиза бүгінде логопед-дифектолог маманы. Баламен жұмысқа шыға алмайтындықтан, үйде отырып шаруасын жасайды  Ал, оның өмірлік серігі Пархаттың негізгі мамандығы  – жиһаз құрастырушы. Бүгінгі таңда ол массаж курсын үйреніп,  белгілі бір орталықта массажист  қызметін атқарады. Осылайша ата-ана қызының ыңғайына қарай қызметтерін өзгерткен. Енді қалаған уақытта массаж жасауға мүмкіндік бар.

Әр күнге уақытын есептеп, жоспармен жүретін кейіпкердің сөзінше, қызын дүниеге әкелгелі  бері мойын сүйектері ауырып, өмірінде бірінші рет массаж алыпты. Ол  ауырмаса,  мүмкін,  алмас  па едік деп күледі. «Өз-өзімізге күтім жоқ.  Кейде бір жерлерге  шаруаларыңмен баруың керек болады, сосын қойшы  мына қызды еміне апару керек қой. Осы баланы аяғынан тұрғызып алайыншы, қаражат жетпей қалмасыншы дейміз де өзімізге қимай қаламыз», – деп ағынан жарылды ол.

Дені сау  баланы бағуды  айтпағанда, дертке шалдыққан балаға баскөз болудың  қиындығы қаншама дерсің…  Мұндағы ең бірінші талап – физикалық күш жұмсау. Баланы  көтеру,  жүргізу, оны сүйемелдеп  тұрғызып жуындыру, тамақтандыру,  қажетті нәрсесін алып беру.  Ең  бастысы –  баланы түсіну керек.

«Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір бар. Біреу аяушылықпен мүсіркеп қарайды. Енді кейбірі «жас кезінде ішіп-шегіп, маскүнемдікке салынған бейшара ғой» деген сөздерін құлағың шалып қалады.  Түрлі оқиға басымыздан өтті. Тіпті, бізді балалар  ойнайтын  батутқа кіргізбей қойған сәт те болған.  Осындай баласы бар ата-аналар  айналасындағылардың пікір-көзқарасынан қорқады, сол үшін де сыртқа көп шығармайды. Қызым сәл кішірек болғанда бұл сезім  менің де басымнан өткен. Үйге келіп айғайлап жылағаным есімде.

Бұрын қызым түнімен ұйықтамайтын, басы ауырып жылай беретін. Түнімен көз ілмей отыратын едім.  Ертесінде ұйқы қанбаған, көзім ісіп жүреді.  Ол  кездегі ішкі күйзелісімді, жай-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Оны тек  бастан өткерген адам ғана түсінеді»,  –  дейді Гүлбағиза ана.

Алдынан шыққан қиындықтар мен сынақтарға төтеп беріп келетін  ананың шыдамдылығы мен төзімділігінде шек жоқ. Ол қызының аяқтан тұрып кетуіне, дәрігерлердің жұмысының оң нәтиже беретініне сенеді. Және осы сенімділік оны алға жетелеуде,  баласының оңалып келетіндігіне қарап қуанады да.

Жалғасып жатқан тіршіліктің ең басты қызығы – бала өсіріп, оны адам қылу. Әйел шіркіннің  бойына бала біткен күннен  ұйқысы бұзылып, көңілі тыншымайды. Іште жатқан шаранасының болашағын ойлап, жүрегін ауыртады. Одан кейін «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп» өмірге  әкеледі. Және сол күннен бастап оның өмірі мен денсаулығына жауапкершілікті өз мойнына алады. Шаранасы өсіп, өз қолы аузына жеткенше соның қамын күйттейді. Меніңше, бұл бейнетке әйелге берілген қырық жан да аздық ететіндей…

Спортты серік еткен Раушан

Раушан  ҚОЙШЫБАЕВА осыдан  алты жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ  «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «Құрмет» орденінің иегері. Бұл дәрежелерге жетпес бұрын қаншама қиысқан жолдардан өтті,  өз есімін бүкіл әлемге дәлелдеді.

Кейіпкерімізбен әңгімеде өзінің көп-балалы отбасынан шыққанын, жастайынан бауырлары бір-бірін жетелеп, ата-анасына қамқор болып өскенін айтты. Үлгі-өнеге жайлы сөз қозғағанда  әкесі мен анасының бойына сіңірген қасиеттерін ойлап  біраз үнсіз қалды.

Бізге бар рухани, асыл дүниелерді санамызға құйып, тәрбиелеген болатын. Біреудің ала жібін аттама, берешегін алма. Ешкімнің алдында басыңды төмен түсіріп, абыройыңды төкпе, –  дейтін еді деп жалғады сөзін.  –Тіпті, әкем нанның қадіріне шейін, одан шы-ғатын қиқымын бостан-бос шашпау керектігімізді айтып отыратын.

Оның  әр сөзінен  әке-шешенің берген тәрбиесін  тұла бойына  сіңіріп алғаны, мұнымен қатар  оны өзгелерге   әлі күнге дейін мысал қылып айтып жүретіні аңғарылды.

Раушан Зауытбайқызы мектепті бітірген соң тоқыма және тігін фабрикасына жұмысқа тұрып, бірден еңбекке араласты. Онда өзінің Дәмегүл атты жеңгесіне көмекші болды. Жеті жыл фабрикада жұмыс істеп, ісмерліктің қыр-сырын  үйренді.

Әр адамның басына бірден бақ қонып, бақытты ғұмыр кешіп кету жазылмаған. Өмір болғаннан кейін бақытты сәттердің көлеңкесі алыстап, басыңа бұлт төнген кездерде тұрмыстың бар тауқыметіне төзіп, кез келген жағдайға қарсы тұрып, болмашыға мүжіліп қалмас үшін адамға – үлкен төзім керек. Біздің кейіпкер де әр қиындыққа төтеп бере алатын жандардың қатарынан. Жастайынан  басына түскен  келеңсіз оқиға оны құлатқан жоқ, керісінше одан сайын мықты бола түсуге тәрбиеледі. Соның арқасында ол ең бірінші өзіне, сонан соң айналасындағыларға кім екенін, қолынан не келетін көрсете білді. Өзінің жанын түсінетін өмірлік жарын  жолықтырып,  шаңырақ көтерді. Бүгінде жолдасы Бауыржан екеуі Алла берген  үш қызды тәрбиелеп өсіруде. Осы тұста  ол жаныңда арқа сүйер азаматың болса,  кез келген қиындыққа қарсы тұратын қабілетің арта түсетінін айтады.

Елуді еңсерген спортшы әлі күнге дейін  пауэрлифтингпен шұғылданады. «Спорттан алыстағаным жоқ. Аптасына үш-төрт күнді жаттығуға арнаймын. Жоспарланған жарыстар болса міндетті түрде күнделікті дайындық жұмысын жүргіземіз. Спорт  –  менің өмірім.  Қазір осы салаға келіп жатқан жас спортшыларға ақыл-кеңесімді де беріп, үйретіп отырамын. Біздегі басты ниет – жас спортшыларды қолдау, оларды халықаралық және әлемдік деңгейдегі түрлі чемпионаттарға дайындау», – дейді спортшы.

Спортшымен  әңгіме барысында бала кездегі арманы үлкен сахнаға шығып ән айту болғанын да жасырып қалмады.  Кішкене кезінде қазақ-орыс әндерін жатқа айтып, көрген фильмдерінен актерлердің рөлдерін айна алдында қайталап сомдау  жаны сүйетін істің бірі болыпты.  «Сол кезде сахнаны бекер армандамаған шығармын. Әнші болмасам да,   бала қиялымдағыдай жұрт алдына шықтым. Бұл мен үшін үлкен сахна емей не»,  – дейді Раушан Қойшыбаева.

Алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет

Бойыңды қандай да бір дерт  мазалап, басың ауырып, балтырың сыздай қалса ең алдымен жедел-жәрдем қызметіне жүгінеміз. Шақырту түсісімен олар   көмекке зәру жанға қолұшын беруге асығады. Күн, түн демей шапқылап жүретін жандардың  жұмысының қаншалықты жауапты, әрі ауыр екенін осы  саланың маманы  Гүлмира ҚҰРМАЕВАМЕН әңгімелесуде  аңғардық.

Жедел-жәрдем стансасында 25 жылдан бері жұмыс істеп келетін ол – өз ісінің білгір маманы. Жұмыс өтілінің жиырма үш жылын шақырту бригадасында  өткізді. Бүгінде облыстық жедел-жәрдем стансасының аға дәрігері, сонымен қатар диспетчерлік бөлімде қызмет атқарады. Шақыртуларды қосалқы станциялар бойынша бөледі және науқастарға шақыру орнына жақын дәрігерлерді жібереді.

Жедел-жәрдем қызметінде телефон қоңырауы бір сәтке дамыл көрмейді.  Күндіз де,  түнде де өңір бойынша  жан-жақтан қоңыраулар түсіп отырады. «Мына ауданда үлкен қарияны мынандай дерт мазалап тұр, мына ауданда әйел босанып қалды, мына аймақта бір кісіні өлім аузынан алып қалдық» деген ақпарат,  смс-хабарламалар тоқтаусыз келеді.

Аға дәрігер жалпы саны 250 бригадаға кімді қайда апару керектігін,  қандай шаралар қолдану қажеттігін айтып,  кеңес береді. Әр өңірде болып жатқан жағдайдың бәрінен  хабардар болып отыратын маман таңертеңгілік жиналыста кезекшіліктің есебі жайлы егжей-тегжейлі талқылайды. Диспетчер жұмысының қауырттығы сол алдындағы асты ішуге де уақыты тапшы. Күн-түн демей жұмыс істейтін станса тәулігіне шамамен  екі мыңнан астам шақырту қабылдайды екен.

– Барлық  ауданнан шақыртулар түсетіндіктен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жұмысым өзіме ұнайды. Адамдарға көмек көрсеткенде жүздерінде пайда болған күлкі бізге үлкен күш-қуат береді. Әр мамандықтың өзіне сай қиындығы болатыны секілді бізде де кедергілер, небір сындар болып тұрады. Оңай жұмыс емес, түрлі жағдайларға тап болғанда ойланып тұруға уақыт болмайды, ойыңды бірден тиянақтап жедел қызмет көрсетуің керек. Қанша кедергі болса да, өз ісінің нағыз маманы тығырықтан шығар жолды оңай тауып алады деп ойлаймын, – дейді ол.

Сонымен қатар ол  дәрігерлер ауысымға әбден үйренгенін айтады. «Бір тәулік жұмыс істеп, екі күн демалыс алады, кей  жағдайларда бір тәулік қызметін атқарып, ертеңінде кешке жұмысқа шығады. Бұл салада қызмет жасайтындардың отбасы мүшелері түсіністікпен қарайды.  Мәселен, жолдасым  менің  кезекшіліктен шыққаннан кейін  үйге келе сала шамалы  көз іліп алатынымды біледі. Сол уақыт аралығында мен ұйқыдан оянып, өзім хабарласпайынша мазаламайды. Себебі жұмыстың қаншалықты ауырлығын түсінеді».

Гүлмира  Мәлікқызы біліктілігін сынауда талай жарысқа қатысқан. Халықаралық байқауларда  жедел-жәрдемнің қызметін көрсетіп, берілген тапсырмаларды орындап, облыс атын шығарып жүрген  ол  жұмысына шынайы берілген адам.

– Оқу орнында білім алып жатқан студенттер практикадан өтуге келеді. Біздің жұмысымызды көріп, оқу бір басқа, ал тәжірибеде өзіңді көрсету бір басқа екен ғой деп таңданыстарын жасырмайды. Менің  байқағаным, қазіргі жастардың басым бөлігінде шыдамдылық  жоқ.  Қиын, жауапкершілігі  мол, ауыр істі жасағысы келмейді. Тәжірибеден өткен оқуын тәмәмдайын деп жатқандарға әрі қарай қалып үйренесің бе десең, «жоқ, мен  кәсіппен айналысамын, саудагер болатын шығармын деп жатады» Тағы бір айта кететін мәселе, бұрын  медицинада білім тек орыс тілінде берілді.  Ал қазір сабақ қазақ тілінде оқытылады.  Іс тәжірибеден өтуге келгендер  орысша сөйлейтін дәрігерлердің айтқанын түсінбей жатады. Неге? Себебі, олар мектепті, оқу орнын қазақша тәмәмдады. Бұл қуанарлық іс болғанымен,  кейде олардың бұл ісіне  қарап күлесің. Айтайын дегенім, қай тілді болмасын   жақсы меңгеру керек-ақ»,  –  дейді ақ халатты абзал жан.

Жедел-жәрдем ұжымының халық алдында жауапкершілігі қашан да жоғары. Онда қызмет атқаратындардың әрбірі үлкен жүйенің ажырамас бөлігі тәрізді жедел әрі бірігіп жұмыс істейді. Осы саланың арашашысы болып, аттың жалында, түйенің қомында жүріп қызмет атқаратын Гүлмира Құрмаева  –  көпке үлгі етерлік тұлға.  Бар  ғұмырын медицина саласына арнап келетін  дәрігердің еңбегі көпке үлгі етерлік-ақ.

P.S: Иә, әйелмен әлем әдемі. Қашан да аналардың құшағы гүлге, жүрегі перзенттерінің махаббатына бөленіп, көңілдері қуаныш арнасынан асып төгіліп жатса игі. Отбасында отағасының, бала-шағасының жағдайын жасап, айналасына жарасымды сыйластық, қоғамға құт-береке орнатуды ғана ойлайтын аналар барда  бейбітшілігіміздің де  баянды бола түсері сөзсіз.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ