Әлеуметтік желі «әлеуметсізденуге» алып келмей ме?

0
3922

Бүгінде әркімнің қолына ұстағаны смартфон мен қолтығына қысқаны – заманауи үлгідегі ноутбук пен планшеттер. Бұлардың барлығы дерлік интернет желісіне қосылып, ғаламторға жалғанған. Олай болмаса, құрылғылардың құны бір тиын болып, пайдаға жарамсыз саналатын дәрежеге жеткен. Себебі, қазіргі адамдардың дүйім көпшілігінде осы техникалардың ішіндегі түрлі әлеуметтік желілерге деген қажеттілік жоғары. Ал санасаң санынан жаңылатын әлеуметтік желілер біздің қоғамның жаппай «әлеуметсізденуіне» алып келмей ме?» деген сұрақ туындайды көкейде…

Бұрындары телефон шұқылап, компьютердің алдында көз алмай қарап отырғанымыз үшін ата-аданадан ұрыс естіп, үй шаруасын тындыруға немесе сыртқа шығып ойнауға бұйрық алатынбыз. Алайда әр отбасындағы бүгінгі көрініс мүлдем бөлек. Бала тұрмақ, ата-ананы өзіне телміртіп қойған әлеуметтік желінің күші бір шаңырақ астындағы жандарды тіпті бір-бірінің хал-жайын сұрауға мұрша бермейтін күйге жеткізген. «Уақыттың бос өткен – өмірдің бос кеткені» деп келген қазақ қазірде экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес.
Иә, желінің жағымды тұстары жоқ емес. Әлеуметтік желі арқылы сіз таныстарыңызды, достарыңызды, әріптестеріңізді тауып, олармен ұдайы байланыста бола аласыз. Сондай-ақ желідегі әр түрлі топтарға тіркеліп, өз қызығушылықтарыңызбен, ойларыңызбен, көзқарасыңызбен бөлісе аласыз. Әлемдік пандемия жағдайында қашықтықтан жұмыс жасап, онлайн білім алудың өзі осы әлеуметтік желінің әлдеқайда дамып кеткендігінің дәлелі емес пе? Сонымен қатар, қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл – ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті, қазір желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Сондай-ақ, компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде де осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр.
Алайда, жақсы тұстарын жарнамалап жеткізгенімізбен, жаманын жасырып қала алмасымыз да анық. Себебі, жалған ақпаратқа түркі болатын, алтындай уақыттың жауына айналған да – осы әлеуметтік желі екені баршаға аян. Қазіргі уақыттағы әлемдік ғаламтор түрлі ақпарат пен қызықты мәліметтердің орталығы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын адамдардың бір-бірімен байланыс құралына айналған. Ғаламтор, әлеуметтік желі, мобильдік инернет, тағысын тағы осы сынды ұғымдар бүгінгі заманғы әр адамның ажырамас бөлшегіне айналып үлгерді. Осы қарым-қатынасты күшейтеміз деген желеудегі әлеуметтік желілердің сан алуан түрі де қаптап кеткен. Статистикаға жүгінсек, әлемдегі 7 мен 50 жас аралығындағы әрбір жер тұрғыны ең құрығанда бір әлеуметтік желіде тіркелген екен. Отандық сарапшылардың пікірінше, дүниежүзіндегі отыз жасқа дейінгі халықтың 50 пайызы, жаңа ғасырда туылғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Қазірде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Тіпті, осында өзінің өмірілік жартысын жолықтырып, бақытты отбасы құрып кеткендер де баршылық. Алайда алдамшының арбауына түсіп, жалған атпен желіге тіркелген алаяқтардың құрбаны болғандар қаншама? Әсіресе, ақыл-есі толық қалыптасып үлгермеген жасөспірімдер мұндай қақпанға тез түсетін көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Ал, әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады.
Бүгінде түймедей ғана телефонды жас пен жасамыс та игеріп, тіпті, бесіктен белі шықпаған балабақша баласы да интернетке қалай кіру керегін бес саусағындай біліп алған. Баланың да, дананың да білген үстіне біле түскені жөн-ақ дерсің. Алайда, тәлімдік тәрбиеден аттап, абыройсыздыққа ұрындырып отырған интернет желісінен жерінбей, керісінше, адамзат баласының қатыгезденіп бара жатқанына қапаланасың. Тіпті, соңғы уақыттарда бүкіл әлемде орын алған жағдайға байланысты қауесеттер желіде желдей есетін болған. Күніне бір сұмдық оқиғаны құлағың шалып, көзің көреді. Ертесінде онымыз жалған ақпарат болып шығып жатады. Соңғы кездері елдегі жағдайларға байланысты жұртты дүрліктіріп, алыпқашпа әңгіме таратқандардың да саны айтарлықтай өсті. Мәселен, Кентау қалалық полиция бөліміне Қарнақ ауылында коронавирусты жұқтырғаны жайлы белгісіз тұлға әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат таратқаны туралы хабарлама келіп түскен. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат иесін анықтау үшін полиция бөлімінде жедел тергеу тобы құрылып, нәтижесінде Кентаулық полицейлер жергілікті мектептің 8-сынып оқушысын құрықтаған. Ал Түркістанда әуеден вирус себілетінін айтып, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды. Ол «Сарыағашта вирус себіледі, балаларды далаға шығармаңдар» деген сарында аудио жазып, оны WhatsApp желісіндегі бірнеше топқа жіберген. Осылай дәлел-дәйексіз ел арасына дақпырт таратқандар саны бүгінде көбеймесе азаймай тұр. Бұған қоса, соңғы уақытта желіде көмек сұраған хабарламалардың да қарасы көбейген. Кейбірі баласының еміне ақша сұрайды, ал енді бірі киім мен азық-түлікке мұқтаж екендігін жазады. Шынтуайтына келгенде, мұның көбі жалған ақпарат болып жатады. Соның салдарынан қазір адамдар шын ақпарат пен жалған мәліметті ажырата алмайтын жағдайға жетті.
Қажетті ақпаратты ала қояйын деп желіні аша қалсаң, жел қуалаған қаңбақтай дөңгелейсің. Шіркіннің ішінде не жоқ десеңші? Тәлімдісі мен тәлімсізін де, тіпті, анайы мен жабайсын көргенде көзің шарасынан шығып кете жаздайды. Әлемдік ақпараттан хабардар боламыз деп біз осы әдепсізденіп кеткен жоқпыз ба? Ал ондағы әр ақпаратқа қаншалықты сенуге болады? Желіде жарияланған әр дәйекті кім қадағалап, кім сұрыптап жатыр? Сауал көп болғанымен, оған нақты жауап қайтарар ешкім жоқ…

Дайындаған Л.КӘЛІМХАН.

Кілтсөздер:КӨКЕЙКЕСТІ


ПІКІР ЖАЗУ