Әруағын аунатпайтын, тірісін түгендемейтін «Байсуандар»

0
1254

 Талдықорған өз алдына облыс болып тұрғанда «Жетісудың жеті ақыны» туралы мақала жазған едім. Олар  айыркөмей, жыршы- жырау Мұқаш Байбатыров, Темірғали Рүстембеков, Артық Жексенбеков, Әбікен Сарыбаев, Әсет Керімбаев, Абай Асылбаев  және мақалаға арқау болып отырған Асылақын Қалиев туралы болған. Осы жеті ақынның жетеуі де жырға желмаядай желіп, ауыз әдебиеті айтыста айшықты із қалдырған саңлақтар еді.

Панфилов ауданы, Еңбекші ауылында 1921 жылы дүниеге келген Асылақын Қалиев ақпа-төкпе адуынды ақын болған.  Жалпы Жетісу айтыс ақындарының мінездерінде бір-біріне деген ұқсастық барын  айтыстарынан, олар жайлы айтылған аңыз-әңгімелерден аңғаруға болады. Мәселен, Әбікен Сарыбаевқа 18 жыл ұстаздық еткен Қалқа Жапсарбаев туралы  ақын Сәкен Иманасов мынандай мінездеме берген-ді.

«Облыстық ақындар айтысы болатын болды. Ол кезде қазіргідей айтыс дамымаған, ілуде бір болатын айтысқа партия хатшылары мен идеологияға жауапты адамдар елден айтыскер ақын іздеп сабылатын. Онда да көнекөз ақындар табылса табылды, табылмаса өлеңге бейімі бар жазба ақындарды айтысқа күштеп қосатын. Содан  Алакөлде айтыскер жоқ, мені айтысқа қатысатынымды айтты. Қарсыласым халық ақыны Қалқа Жапсарбаев екен. Танысуға  бардым, мінезі ала -құйын, тістеп сөйлейтін қиқар шал, мені менсінбеген-ді. Қалқадан тәлім алған Әбікен Сарыбаевтың да мінезі бірде-көл, бірде шөл.  Айтқанынан қайтпайтын бірбеткей. Бірде Кербұлақ ауданының орталығына облыстың бірінші хатшысы Тыныбаев ауыл шаруашылығының көрмесіне келетін болыпты. Жергілікті биліктен нақты қаражатына көлік сатып ала алмай жүрген Әбікенге бұл көктен іздегені, жерден табылғандай болып, Тыныбаевпен  жүздесуге қарекет жасамақ болады. Онысын ұзынқұлақтар арқылы сезіп қойған ауданның бірінші хатшысы Айтақын Алпысбаев: «Сарыбаевты көрмеге  жақын жолатпаңдар» деген тапсырма береді ғой. «Қисықты көр ғана түзейді» демекші, Әбікенді аңдып, жолатпаймыз дегендердің аузын аңқитып, Тыныбаев көрмені аралап келе жатқанда домбырасын қолына алып, ахаулатқан Әбікен бұйымтайын хатшыға өлеңмен айтып үлгеріпті және өзіне қысым көрсеткен аудан атқа  мінерлерін бір түйреп өтеді. Әбікеннен тәлім алған Әсет Керімбаевта ұшып-қонып тұрған  қызу қанды ақын еді. Асылақын Қалиев та мінезден құр алақан болмапты. Екі мәрте айтысқан Әбікеннің айтуынша басын шыбындаған жылқыдай жұлқып отырып айтысатын Асылақынның тілі адамды оттай қарып, түйнек тигендей аунататын шатақ болған деседі. Оны Асылақын ақынның айтыста айтқан шымшымаларынан аңғаруға болады».

Республика астанасы Алматыда  Мұхтар Әуезовтің ұйытқы болуымен республикалық ақындар айтысы өтеді. Сол жыр додасында  Талдықорған облысының намысын қорғаған Асылақын Қалиев, Тоқбай  Исабеков, әнші, Қазақстанның халық  әртісі Дәнеш Рақышев барыпты. Асылақын Қалиев Алматы облысының ақыны, (марқұм Нұртілеу Иманғалиевтің әкесі) Иманғали Мысықов пен айтысады. Айтыстың шарты бойынша бір-бірінің ауылдарын күні бұрын аралап, кемістіктерін тізбелеген ақындар сахнада табысады. Асылақын да  Алматыдағы  «Максим Горкий паркіне»  бой жазып серуендеуге шыққанда «екі ғашық» адамдар отыратын орындықта  ұйықтап жатқанын көріп, әрі саябақта жүрген жастардан «нан қайда өседі» десе,  «ағашта өседі» деген мысқылын естіп, сол жылдары интернаттағы балаларда  «қышыма-таз» кеселдері өршігенін және құрылыс саласының ақсап тұрғанын айтыста тіліне тиек етіпті.

 «Алматы атың шыққан астанасың,

 Мен қалай айтпай кетем масқарасын.

 Көшеңде адам тонар жөлігің көп,

Сен қайтып он тоғыз облысты басқарасың» — дегенде, Мұрат Әуезов орнынан тұрды дегенді айтысқа бірге барған марқұм  Тоқбай Исабековтің аузынан естігем. Одан әрі қарсыласын тықсырып:

«Ә, Мысықов, Мысықов,

Неге отырсың қысылып,

Түндегі ішкен арақтан,

Қалдың ба екен ұшынып,

Құрылысты жүргізбепсің талап қойып,

Әр жерге бір діңгегін қадап қойып.

Есіңе өткен ісің сонда түсер,

Алдыңа бір жартылық арақ қойып»,–  дей келе,

«Алматы Алатауым атамекен,

Кемшілігі жаныңа батады екен.

«Максим Горкий» паркінде кешке қарай,

Қыз-жігіт екі-екіден жатады екен.

Алматы жасыл жаз екен,

Ән менен күй, саз екен,

Нан қайда өседі десеңіз,

Ағашта өсіп тұр – дейді.

Ақылды жастар аз екен.

Кеселі кеткен асқынып,

Балалары шетінен,

Қышыма-қотыр таз екен»  – деп төпелетті  деп еді. Ол дәуірде мынандай сын айту ескерусіз қалмайтын.  Асылақынның айтқыштығын, тапқырлығын бойына біткен мінезімен салыстыруға болады. Оның аудынды ақын болғаны өзіне сор да болып жабысады. Облыс орталығында өткен үлкен айтыста, тағы Әбікен Сарыбаевпен айтысады. Кербұлақ ауданының кемшілігін шұжықтай шыжғыртып айтқан ақын ауданның бірінші хатшысы болған  Айтақын Алпысбаевты да сын садағына алыпты.  Артынша айт-қан фактілері негізсіз деген қудалауға түсіп, ақынға облыстық газетке, аудан хатшысынан кешірім сұрап жазбаса, жазаланатын айтады. Солай болады да. Әбікен Сарыбаев Асылақынға ескерту жасап, «Сен кешірім сұрама, негізі сенің айтқандарың бәрі дәлелді. Егер кешірім сұрасаң, басыңнан бағың таяды» дедім. Бірақ, жан-жақтан қыспаққа алғандар ақырын да ақынды, өз дегендеріне көндірді деген-ді. Әбікен ақынның  айтқаны айдай келіп, Асылақын арбамен  отын алуға барғанда бір-екі баланы «көмектесіңдер» ала кетіпті. Тағдырдың жазуы деген осы шығар, отын тиеген арба  ауылға жақындағанда аударылып, бір бала арба астында қалып, ажал құшыпты.  Басына қарабұлт үйірілген ақын, туған мекеннен  Қытай Мемлекетімен шекаралас «Басқұншы ауылына» қоныс аударуға мәжбүр болады. Өмірінің соңына дейін сол ауылда ұстаздық қызмет атқарады. Асылақын Қалиевтан дәріс алған, Талдықорған қаласының тұрғыны домбыра жасаудың шебері «Ысқақ Дәуіт» деген ағаның айтуынша өте талапшыл мұғалім болған. Сабақта өте қатал,  сабақты түсінбеген баланың санасына жеткенше, қатарға қоспайынша тыным таппайтын,  тынымсыз кісі еді. Мектептің ішінде жай жүрмей, ұшып-қонып жүретін. Сабақтан соң балалармен араласып жүре беретін, адамға жұғымды болды. Ол кісінің сабағында сыныпта қыбыр-жыбыр деген жоқ, шыбын да ұшпайтын. Сонымен қатар ол кісі қол мерген еді. Тақтада есеп жазып тұрып, тыныш отырмаған балаға қолындағы борды жіберіп қалғанда, тура маңдайына тиетін. Жарықтық мектепте көркем-өнер үйірмесінде домбыра үйретіп, күй тартушы еді. Домбыра тартуды  сол кісіден үйрендік. Өзі де күйлер шығаратын, айтыстарынан үзінді айтатын. «Ана ақын үйтіп айтқанда мен былай жауап бердім деп, қисса-дастан толғаулар айтып, үйірме қатысушыларды қызықтырып отыратын. Қызықты әңгімелерін айтып, балаларды  баурап алатын.

«Директор, әй, Асылақын мына дене шынықтыру сабағын сен ал» десе болды сабақ береміз. Содан бір күні мектепке комисия келді. Бәрімізді тексеріп жатыр. Кезек маған келді. Балаларды сапқа тұрғызып дене сабағында аулаға шығарып «оңға-солға» деп жүргізіп келе жатып, әрі өн бойымда  толқу бар, мектепті айналатын тұсқа келгенде,  «оңға-солға» дегенді ұмытып қалып сасқалақтап,  «тамға» бұрыл деппін. Сөйтіп комиссиядан сөз естігем десе,тағы бірде, ауданда мұғалімдер арасына жүгіруден жарыс өтті. Соғыстан кейін елдің еңсесін көтерейік деген, әрі мұғалімдерді білім басқармалары  спортқа ширықтыру мақсатында  болған шара ғой.  Жоқшылық кез. Жас кезім, жарысқа қатыстым, өз тұрғыластарымның арасында желаяқпын. 20-30 адамның арасында оқ бойы озып келем, көмбеге жақындағанда, жүгіргенге ыңғайлы болсын деп киіп алған кең балақты дамбалымының бауы үзіліп кетіп, сүріне-қабына, дамбалдың ышқыран қолмен ұстап, бәрібір бірінші келдім депті. Асылақын соғыстың алдына көрген түсін айтты.

 «Түс көріп жатыр екем. Әскери адам жігіттердің бәрін сапқа тұрғызып қойды. «Шагом марш» – деп сапта тұрғандардың бәрін алдына салып айдап кетті. Екі жігіт қалып қалдық. Айналама қараймын ешкім жоқ. Бұларды алып кетті, бізді неге әкетпейді-деп тұрмын. Олар ұзап кетті, біз қалып қойдық. Оянып кетсем түсім екен. Содан бір екі-ай өткен соң соғыс басталды. Менің көзімінің ақауы бар, түсімдегі  қасымдағы жігіттің аяғы ақсақ еді. Екеумізді соғысқа алмады. Қалған ауылдағы  жігіттердің бәрі соғысқа  кетті ғой» деп ағынан жарылған Асылақын ағаның әпенделік қылығыда бар еді. «Бірде, үй шаруасымен қорадағы малға жем-шөбін салып, шығып келе жатсам басындағы малақайым қораның маңдайшасындағы сымға ілініп қалыпты. Соны байқамай,  үйге кіріп бәйбішем Гүлбаршынға «сабаққа барам,  малақай қайда?» – деппін. Үйді аударып төңкеріп, бала-шаға бәрі сабылып бас киімді таппай, «бол-болдың астына алып, жер жұтып  кетті ме?» деп далаға шығып  тұрсам, іздеген малақайым   қораның маңдайшасында ілініп қалыпты» деп бізді бір күлдіріп еді жарықтық, жақсы адам еді деген Ысқақ Дәуіт басына бұлт үйіріліп ауылдан көшіп кетті ғой деп,ағынан жарылды.

Өзекті өртейтін өкініш туған елі, туған жері Асылақын Қалиевті бірде-бір рет елеп, ескерген емес. Ақынға арналып аудандық айтыс өтті. Оның басы-қасында сол кезеңдерде  «Красный Восток» колхозының төрағасы болған Тоқтарбай Керімқұлов ұйытқы болды. «Не 60, не 70, не 80, не 90, міне биыл 100 жылдығы да атаусыз қалды. Әруағын аунатпайтын, не тірісін түгендемейтін біз қандай елміз?» деген нала мұң, ашу-ыза, намыс найзағайдай жарқылдап, күндей күркірейді. Көзінің тірісінде ақынның мұралары да хатталып жиналмай қалған. Бұл тек қана  Асылақын Қалиевке ғана тән емес.  Сол жаркентік, Әсет Керімбаевтың да хаттап, кітап шығарамын деп жинақтаған қол жазбасын, ақын дүниесін, марқұм дүние салған  соң анасы Ерніс Әлбатыров деген азаматқа беріпті. Ол азамат қол жазбаны ұшты-күйлі жоғалтқан. Басқа-басқа, жазу-сызу дамыған, өздері де оқып-тоқыған, сауатты қос ақынның артында тым құрса биттің қабығындай не айтыстары, не жазба поэзиялары қалмағаны, қабырғамызға батады. «Өз елі, өз ерлерін ескермесе ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, Асылақын мен үзеңгілес болған Әбікен Сарыбаев атында Кебұлақта аудандық мәдениет үйі бар. 70-90 жылдығы облыстық ақындар айтысына ұласып, жазба ақындар арасында мүшәйра жарысты өтті. Темірғали Рүстембеков атында Талдықорғанда көше бар, Артық Жесенбековтің де есімі Қаратал ауданындағы өзі тұрған «Бесағаш» ауылындағы көшеге берілді. Атаусыз қалған Асылақын Қалиев қана.    Әшейінде, «Байсуанбыз» дегенде алты қабат үзеңсін үзіп жібере жаздап, шіренетін жаркенттіктер тым құрыса аудандық газетке ақынның 100 жылдығына арнап бір жылы сөз жазатын адам таппаған ба?     Кітапханаларда көрме ұйымдастырылса, ақынның отбасымен хабарласып,  көзінің тірісінде тұтынған  дүниелерін мұражайға орналастыратын  «Байсуандар» қайда жүр?  Тек қана Еңбекші ауылындағы орта мектепте және мәдениет үйінде Асылақын Қалиев туралы мағлұматты ғана көруге болады. Басқасын айтпағанда, білім саласында бар күш-жігерін сарқыған саңлаққа  білім ошақтарынан бір есім бұйырмай ма? Өзі еңбек еткен Басқұншы ауылындағы Кырылов атындағы мектепті, физика математика пәнінің маманы, талай шәкірттерді баулыған Асылақын Қалиевке неге бермеске?  Ақынның айтыскерлігін былай қойғанда, ағартушылық сала-сындағы ұшаң-теңіз еңбегін елеп-ескеруге болар еді ғой! «Жоқтаушысы жоқ, сұраушысы жоқ» дейтін емес, балалары да осы білім саласында қызмет етіп, тер төгіп жүр.  Балаларына жөн сілтеп, қолдау көрсететін ақынның ел-жұрты, аудан әкімдігі, идеология мен ішкі саясаты қайда қарап отыр?….

Ақынның  қол жазбаларынан  жинақтап Ерғазы Манап кітап шығаруды жоспарлап отырғаннан хабарым бар. Ерғазыға мың  алғыс айтамыз, бірақ, ақынның елі, жұрты аруақты қашан елеп-ескерер екен?…

 Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ