12 миллиард теңгеге жуық салық берешегі бар

0
955

Биылғы жылдың 1 мамырына Алматы облысында мемлекеттік бюджетке түсетін кірістердің жоспары 120,6%, соның ішінде жергілікті бюджет 134,8% орындалды. Жалпы  276,5 млрд. теңгеден астам түсімдер түсті, оның ішінде жоспардан тыс түсімдер – 47 млрд. теңге.  Облыста 12 млрд. теңгеге жуық салық бойынша берешек бар және осы салада туындаған басқа да өзекті мәселелер бойынша Алматы облысының  әкімі Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жиында бюджетке түсетін салықтар және басқа да түсімдер бойынша мәселелер кеңінен талқыланды.

Ел экономикасының қарышты дамуы ол бюджетке түсетін қаржыға байланысты. Нарық жүйесіне сәйкес көптеген кәсіпорын  жекешенің қолында. Қисынын тапқандар өндірген өнімдерінің көрсеткішін азайтып, түскен түсімге байланысты салықтан жалтаратындары бар. Бұл мемлекеттің де, экономиканың да тежегішін босатпағанмен бірдей. Жалпы қоғамда көлеңкелі кәсіп туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мың жерден қадағалаушы орган бар десек те, амалын тапқандар айналып өтіп жүр.

Аталған тақырыпқа қатысты Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Қозбеков баяндама жасады. Онда атқарылған  жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Талғат Қозбековтың баяндауынша, жергілікті бюджетке қосымша түсімдердің түсуін қамтамасыз ету үшін уәкілетті және мемлекеттік органдар 2022-2023 жылдар аралығында бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспарын ұсынған. Оған бірнеше мәселе енгізілген.  Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды әкімшілендіру, ауыл шаруашылығына бөлінген субсидиялар бойынша салықты өндіру, еңбек иммигранттарын тіркеу, тіркелмеген жұмыс орындарын анықтау, инвестициялық жобалар бойынша салық түсіміне бақылау  жасау,  қайта іске қосылған нысандар салығының дер кезінде және толық төленуі, жер салығы ставкасын бекіту сияқты көптеген тақырыптар қамтылғанын баяндады.  Межеленген  жоспардың әр тармағына кеңінен тоқталып, жұмыс тиімділігін арттыру шараларын атап өткен. Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, алдын ала есептеулер бойынша биылғы жылы қосымша – 10,7 млрд.теңге,  2023 жылы – 11,9 млрд. теңге түсім күтілуде. Айтулы жиында облыс әкімі кейбір аудандарда былтырғы жылға қарағанда қосымша түсімдер көлемінің азайғанын тілге тиек етті. Мәселен, Іле, Алакөл  аудандары  мен Талдықорған қаласы айтылды. Іле ауданында бұл көрсеткіш 227 млн. теңгеге, Талдықорған қаласында 61,1 млн. теңгеге, Алакөл ауданында 21,1 млн. теңгеге азайған деді. Ал жалпы көлемі 5,7 млрд. теңге болған берешек сомасы негізінен 4 өңірге тиесілі: Қарасай ауданы – 2,2 млрд. теңге, Талдықорған және Қонаев қалалары – әрқайсысы 1,2 млрд. теңгеден, Іле ауданы – 1,1 млрд. теңге кемігенін айтып, аталған аудан және қалалардың әкімдері мен аудандық, қалалық салық департаменттері басшыларынан қосымша түсімдерді арттыру бағытында қандай шаралар атқарылып жатқанына сұрау салды.

«Қонаев  қаласы облыс орталығы болды, соған сәйкес алдағы уақытта даму Қонаев нүктесіне айналатынын жақсы білесіздер. Келесі жылдан бастап қалада құрылыс қызады. Егер жергілікті құрылыс компаниялары әлден берешек болса, ертеңгі күні қалай жұмыс істейді? Бұл мәселені дұрыстап қараңыздар деп жауапты мекемеге тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу бойынша жергілікті жерлерде жұмыс жүргізетін компаниялардың жұмыс ауқымы үлкен, жұмысшылар саны көп болса, оларға сол аудан-қалалардан филиал ашуды ұсыну керектігін баса айтты. Бұл жұмыс сапасына да, салық төлеміне де оң әсер етеді», – деді өңір басшысы.

Салық төлеміне қатысты жиында полиция департаменті тарапынан салынған айыппұлдардың өтелуін, жалға берілетін және коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерді пайдаланғаны үшін төленетін салықтардың  дер кезіндегі түсімін, салынып қолданысқа берілген жылжымайтын мүліктердің тіркелуін бақылау және бюджет түсіміне қатысты өзге де мәселелер талқыланды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ