198 адам карантин ережесін бұзды

0
2617

 Бүгінгі таңда елдегі эпидемиялық жағдай аурудың асқынған кезіне қарағанда әлдеқайда тұрақталып қалды. Дегенмен әлем жұртын дүрліктіріп, үміт пен үрейдің ортасына сергелдеңге салған індет қаупі толығымен сейілді деуге де болмайды. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин талаптарын сақтап, халықты сақтық шараларына шақыру тоқтаған жоқ. Алайда шектеулерге қарамастан ережеге бағынбайтындардың саны әлі де азаймауда.

Талаптарға құлақ аспайтындар елдің барлық аумағынан кездесіп, әсіресе карантин уақытында жасырын той жасаушылар саны артқан көрінеді. Мәселен, Маңғыстау облысында үйінде той тойлаған тұрғын жазаланып, оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында түнгі ойын-сауық орындары заң талаптарын ескермей, қызмет көрсетуін жалғастыра берген. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 27 377 790 теңге айыппұл арқалаған. Ал Түркістанда карантин талаптарын сақтамағандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 769 хаттама толтырылып, 42 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Осыған байланысты елдің барлық аумағында бақылаушы топтар құрылып, рейд барысында тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар тоқтатылуда.

Алматы облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Ірі сауда орталықтары мен ойын-сауық, басқа да кешендер ашылмағанына қарамастан орталық маңын жағалап, қала көшелерінде бетпердесіз жайбарақат жүрген халықтың саны басым. Індет басталғалы күніне сан мәрте ескертулер жасалып, қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қойылса да, оны елең көрмейтін жұрттың бар екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Дегенмен, облыста жүргізілген рейд барысында бүгінге дейін карантин ережелерін бұзған 198 адам анықталған. Талдықорған қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы маманының айтуынша, арнайы құрылған мониторинг тобы күнделікті тексеріс жүргізуді тоқтатқан жоқ.

«Қазіргі таңда арнайы тобымыз рейд жұмыстарын әлі де жалғастырып келеді. Осы уақытқа дейін карантин режимін бұзғаны үшін 35 адамға айыппұл салынды. Атап айтсам, нысандарда қорғаныш маскалары мен қолғаптар тақпағаны, санитарлық талаптардың сақталмағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды»,– дейді Айжан Елубаева.

Өткен аптада елдегі азаматтарға жабық нысандар мен көшеде бетперде тағу міндеттелген болатын. Бас санитардың қаулысына сәйкес, аталған шектеулер қоғамдық орындар мен халық көп шоғырланатын жерлерде талап етіледі. Бұл өз кезегінде вирустың адамнан адамға жұғуын азайтады. Ал ескеретін жайт, егер 2-3 адам топтасып ашық ауада жүретін болса, санитарлық ереже талаптары бұзылмайды әрі әкімшілік жауапкершілік жүктелмейді.

Лина КӘЛІМХАН

 


ПІКІР ЖАЗУ