60 полиция қызметкері пәтерлі болды

0
861

Талдықорған қаласында Алматы облысы полиция қызметкерлеріне жаңа пәтер кілттері табыс етілді.

Кәсіби мерекелері қарсаңында құқық қорғаушыларға берілген 60 пәтерлік тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған. Пәтер кілттерін қоныстой иелеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов тапсырды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналған көпшілікті баспаналы болуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Лаззат Махатұлы азаматтардың тыныштығын, заңды-лық пен тәртіпті қамтамасыз етудегі полиция қызметкерлерінің қызметіне жеміс тіледі. Сонымен қатар, мерекеге орай құқық қорғау органдары қызметкерлеріне «Болашақ» шағын ауданында осы 60 пәтерлік үй салынып, қолданысқа берілгелі отырғандығын да айтты.


«Талдықорғанда биыл 6, 7, 8 шағын аудандарда және коттедж қалашығында мемлекеттік бюджет және жеке инвестиция есебінен жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын 35 көпқабатты тұрғын үй және 204 коттедждің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын алатын болады. Жаңа шаңырақ молшылық пен бірлікке толы болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Жетісу жері, Талдықорған қаласы гүлдене берсін», – деді ол.
Бұдан кейін сөз алған Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Серік Күдебаев, «Отбасы банк Тұрғын үй жинақ банк» АҚ Алматы облысы филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, полиция ардагері Өмірбек Ізбасаров та ақ тілектерін жеткізді.
Пәтер кілттері салтанатты жағ-дайда табысталып, қуаныш иелері полиция қызметкерінің анасы, ішкі істер саласының ардагері Анна Ракулова мен Талдықорған қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Жігер Сәрсенов мемлекет қамқорлығына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, биыл өңірде 1 млн. шаршы метрдей тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал Та лдықорғанның өзінде 120 мың шаршы метр үй халық игілігіне берілмек. Баспанамен қамту мәселесін шешу үшін республикалық бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлінсе, оған қоса жергілікті бюджеттен 204 коттеджді салуға 1,5 млрд. теңге қарастырылған.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ