86 мыңнан астам адам борышкер қатарында

0
871

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында өндірістік емес төлемдер басқармасының  басшысы Руслан Ахметжановтың қатысуымен брифинг өтті. 

Жиында Руслан  Мейрхатұлы «Жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеуі» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы  сөзінше,  темір тұлпар тізгіндеген 86 мыңнан астам адам борышкерлер қатарында. Жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін дұрыс есептемеу және көлік құралдарын иеленудің нақты мерзімінің өзгеруіне байланысты артық төлемнің пайда болуын болдырмау, көлік құралдарына қате (артық) төленген салықты қайтаруға байланысты әуре-сарсаңға салуды болдырмау мақсатында ҚР «Салық кодексіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ендігі жерде, көлік тізгіндегендер осы жылдың салығын 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуге құқылы екенін атап өткен ол заңда осы норманың 2020 жылдан бастап  қолданылуы,  яғни 2020 жылғы міндеттемелер бойынша 2021 жылы төлем жүргізу көзделгенін  айтты.

«ҚР ҚМ Мемлекеттік кіріс-тер комитеті «Салықтық әкімшілендіруді реформалау» жобасы шеңберінде «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесінің «жергілікті салықтар» кіші жүйесін әзірледі.  «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесінің көмегімен екі жыл бойы көлік салығын есептеу жүргізілуде.  Көлік салығы бойынша алдағы төлемдерді есептеу кезінде ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің (ІІМ ӘПК) мәліметтері пайдаланылғанын атап өткен жөн.  Көлік құралдарына салынатын салық кезеңінің соңына дейін меншік құқығы сатып алынған айдың 1 күнінен бастап, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін не меншік құқығы берілген айдың 1 күніне дейін нақты иелену кезеңі үшін есептеледі»,  – деді  Руслан Ахметжанов.

Баяндамада белгілі болғандай, Алматы облысында жалпы 593 434 автокөлік құралы  тіркелген, салық төлеушілердің саны 554 143 адам. Жалпы 2020 жылға есептелген салық сомасы 8 805 млн.теңгені құрайды, оның ішінде жеңілдіктері бар 25 216 адам 536 млн.теңгеге босатылды (жеңілдіктер — алтын алқа белгісі бар, мүгедектер, жеке шаруа қожалықтары, еңбек ардагерлері және оған теңестірілген тұлғалар).

Жеке тұлға көлік салығын мүлдем төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда, салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның қарызын өндіріп алу туралы салық бұйрығы  шығарылып, белгіленген тәртіппен атқару органдарына жібереді. Жеке сот орындаушы – борышкерден оның қызметі үшін өндіріп алынған қарыз сомасының 25 пайызына  дейін өндіріп алады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

 


ПІКІР ЖАЗУ