93 Адам жемқорлықпен сотталды

0
713

Бүгінгі қоғамда жемқорлықпен шатылмаған шенеунікті табу – шөп арасына  түскен инені іздеумен бірдей.  Құлқынның құлы болғандар  халыққа адал қызмет етейін деп  қызметке келмейді. Керісінше  «мұрның барда бір сіңбіріп қал»  дегендей асап қалайын, қолымда тұрғанда жағдайымды  жасап қалайын дейтіндері «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» көбейіп барады. Пара алу мен беру,  бюджет қаржысын жымқыру, тендерден теңге жасау,  ауыл шаруашылығына бөлінген субцидияны «бармақ басты,  көз қыстылыққа салып  талан-таражыға салу,  шенділер үшін шешілмейтін мәселе емес.

Ұсталып торға тоғытылғандар қорқып именіп те қоймайды. Себебі, қомақты  айыппұл төлеп құтыла салады. Оған олардың жемқорлықпен тапқан миллиардтаған қаржысы  немесе туыстарының атына заңдастырылған бизнестері жетеді.  Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев сағат сайын жемқорлық туралы айтудан жағы бір талған емес.  Алайда,  «ақпа құлаққа  айтсаң  ағып кетеді,  құйма құлаққа айтсаң құйып алады» демекші жемқорлықтан өзін аулақ ұстайтын шенділер некен саяқ болып тұр. Тіпті, «ерлерден кем соқсақ, бізді жер соқсын» дейтін нәзік жанды шенеуніктер де алдарына жан салмай тұр.  Шіркіндер  Елбасының және Президенттің алдында тотықұстай сайрап,  береке-бірлік туралы көсіле сөйлеп,  халық қалаулысы бола қалып,  артынша  өздерінің лас әрекеттері әшкере болғанда  «қой терісін жамылған қасқырлар»  көз алдыңа елестейді.  Қазақстанда бас ауруына айналған және өзекті мәселе ол кадр таңдаудағы үлкен қателік. Қызметке көбіне білімі мен біліктілігі сұрыпталған емес, тамыр-таныстықпен келгендер жең ұшынан жалғасып,  жемқорлық індетін өршітіп отыр.  Арғыға бармай-ақ қоялық, Талғар ауданын не бәрі алты ай ғана басқарған Серікжан  Ерекешов жайлы түрлі ақпарат айтуға болады.  Бұл сабазың  ауыл әкімі болып жүргенде сүрініп, құзырлы органдардың нысанасына ілігіпті. Оны экс-әкім ұсталғанда  қызметтік жолдарына үңілген ақпарат құралдары жаһаннамға жар салды. Сонда облыстың экс-әкімі болған Амандық Баталов мұны білмеді емес білді. Бірақ,  көзжұмбайлыққа барып, лауазымды қызмет ұсынды.  Алайда  Амандық  Ғаббасұлының үмітін ақтамады.  Жалпы қызметтен кеткен адамның артынан топырақ шашқан жақсы ырым емес.  Алайда,  кадр таңдау мәселесінде Амандық Баталов көп қателіктер жіберді. Бір ғана Талғар ауданы емес, облыстық білім басшысы болған Майгүл Омаровада небәрі алты ай басшылық қызметте отырып жемқорлықпен шатылды.  Қолғап ауыстырғандай  бірін алып,  бірін тағайындаған кадрларының көбі істерін ілгерлете алмай, жемқорлықпен тұтылды.  Республика бойынша екі жыл қатарынан жемқорлықтан Алматы облысы бірінші орында тұрғанын айтсақ,  бұл экс-әкім Амандық Ғаббасұлының кадр таңдаудағы тәубесінен жаңылғанын көруге болады. Бұл ақиқат. Оған өзінің «олар менің сенімімді ақтамады» деген сөзі дәлел болады. Желтоқсан айының он төртінде Талғар аудандық сотының  үкімімен Серікжан  Ерекешов  сотты болып,  59,4 миллион теңге айыппұл салынған-ды. Лауазымдық қызметте небәрі алты ай ғана отырған экс-әкім Талғар ауданының  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы  Шамаевпен ымыраласқан шенділер ЖШС директорынан сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы  бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және ЖШС мемлекеттік қызметкерді жосықсыз жеткізуші деп тану туралы сотқа талап-арыз жібермеу үшін екі миллион теңге сомасында пара алуда күдікке ілінген болатын. Аудан әкімімен сыбайласқан Шамаевта 29,7 млн теңге айыппұл арқалап,  екі шенеунікте енді өмір бақи  мемлекеттік қызмет атқару құқықтарынан айырылды.  Қасықтап жиған  абыройларын  шелектеп  төккен екі басшы да тоғышарлақтан  тоңқалаң асты.

Жалпы  Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті 11 айдың жұмыс қорытындысын шығарды. Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың он бір айда атқарған жұмыстарының статистикасына  жүгінсек,  93 қылмыстық  құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 68,8%-дан астамы немесе 64 қылмыс сыбайлас жемқорлыққа қатысты болған.  Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 163 адам қылмыстық жауапкершілікке  тартылса, оның ішінде 20 адам әртүрлі дәрежедегі бірінші басшылар (облыстық маңызы бар – 6,  қалалық –  4, аудандық –  11, ауылдық) тұлғалар екен.  Статистикаға үңілсек,  20  лауазымды  тұлғаның біріншісі басшылар болғанын айғақтайды. Демек, жоғарыда айтылғандай кадр таңдаудағы жүйесіздік  Алматы облысында асқынған. Анау-мынау емес, елге үлгі болады деген бірінші басшылардың (облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық) деңгейге дейін жетуі, желіндеген жемқорлықтың бір тапқанда он-онбестен төлдейтін  доңыздан  кем соқпай тұрғанын айтуға болады. Он бір айда 163 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуын немен түсіндіруге болады?? Жыл аяғына дейін әлі қанша лауазымды тұлға  істі боларын уақыт көрсетер. Заңнан қорықпай қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланғандар жасаған істеріне өкініпті дегенді естімейтін болдық.  Керісінше  қомақты айыппұл төлеп,  түрмеден аман қалғандарына қуанатын көрінеді.  Он бір айдың ішінде  93 адам сотталса,  оның ішінде 81 адам 154,8 млн. астам сома айыппұлмен сотталған.  Бас бостандығынан айыруға  – 7  және өзге шараларға  5 адамның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан  өмір бойына айырылған.  Қарапайым халықта қазір шенділерге сенбейтін болды.  Оларды көрсе «бұлар шеттерінен жемқорлар ғой» деп күдікпен қарайтын болған.  Осы дәрежеге ісі болған жемқор шенділер жеткізді.  «Бір қарын майды  бір құмалақ шірітеді» деген осы. Шіркіндерге не жетпейді екен дейсің кейде…  Жалақыларын жоғары алады, сыйақылары тағы бар.  Сөйте тұра ашкөзденіп,  көмекейлері бүлкілдеп, алақандары қышып тұрады.  Малым жанымның садағасы,  жаным арымның садағасы дейтіндері некен саяқ.  Неше түрлі айла-шарғыға баратындар бюджет қаржысын жымқыруды қояр емес. Мемлекеттік сатып алудағы  көз бояушылықтар жайлы  аңыз-әңгіме айтуға болады. Қулықтарына құрық бойламайтын шенділердің бұл айла тәсілінің жолын кесу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік сатып алу саласындағы жариялылық  пен ашықтықты арттыру  мақсатында департамент мемлекеттік сатып алу порталына ұдайы мониторинг жүргізіп келеді. 2021 жылдың 11 айында Департамент мемлекеттік сатып алу мониторингін жүргізу кезінде Алматы облысының бюджетін жалпы сомасы 8 млрд.200 млн. теңгеге үнемдегенін айтуда.  Алматы облысында 522 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс лауазымдары енгізілген. Қадағалау нәтижесінде білім беру саласында – 266, денсаулық сақтау саласында  –  49 комплаенс институты жұмыс жасауда. «Мұндай тәсіл комплаенс институты облыстың барлық мемлекеттік ұйымдарында қамтылды», – дейді Антикор сыбайлас жемқорлықпен  күресу орталығы. Жемқорлықтың өршіп тұрған ошағы ол –  білім беру мен денсаулық саласы екенін елдің бәрі біледі.  Қыл  аяғы баланы  бір  мектептен екінші бір мектепке ауыстыру үшін 500 доллар сұрайтын мектептер барын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаменті бір жиында айтқан болатын.  Бес  ұйымда  ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты («Талдау және болжау орталығы» КММ,  Политехникалық колледж, Өтенай ауылдық округі әкімдігі,  Жастар саясаты басқармасы және кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы) енгізілген.

Сонымен қатар  департамент  ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филиалымен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бойынша арнайы оқыту курстарын әзірлепті. Қазіргі уақытта комплаенспен  офицерлер мен ұйым басшыларын оқыту ұйымдастырылды. Одан кейін тиісті сертификаттар берілетін болады (130-дан астам адам оқудан өтіпті.  Қоғам болып күресіп жатқан жемқорлық індеті бірде бәсеңдеп,  бірде қайта өршіп тұр.  Бұлда әлемді дүрліктірген «Ковид-19» бен «пандемия» кеселінен кем соғып тұған жоқ.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі барлық азаматтарды облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне белсенді жүгінуге,  сондай-ақ жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға ұдайы шақырып келеді.  Жемқорлық індетімен қалың бұқара болып жұмыла күреспесек, сыбайласқан жемқорлар мемлекетті мешеулікке айналдырудан еш тайынбайды. Биыл Департамент мамандары жемқорлық тәуекелдері бар мемлекеттік мекемелерге сегіз ішкі талдау шарасын жүргізген.  Нәтижесінде 143 дерек тіркеліпті.  Соның ішінде  жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 140 ұсыным орындалған.

Айтақын МҰХМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ