АГРАРЛЫ САЛАДА КАДР ТАПШЫ

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Парламент Сенатының жалпы отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалда сенатор Әли Бектаев Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейтіндігін мәлім етті. Депутат сөзіне қарағанда, ауылшаруашылығы саласындағы мамандардың орта жасы  50-ден асқан, ал мал дәрігерлері 58-60 жас аралығын құрайды. Осы тұрғыда «Аграрлы салада көш бастап тұрған Алматы облысының қал-ахуалы қалай? Кадр санының жетіспеушілігі өңірде аталған саланың  одан әрі жандана түсуіне кері ықпал етпей ме?» деген сынды көкейдегі бірқатар  сұрақтың жауабын тапқымыз келгені рас. Әрі сол арқылы биік мінбердегі сенатор айтқан мәселенің анық-қанығына көз жеткізгенді жөн көрдік.

Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету  аграрлы салаға тиесілі міндет болса, аграрлы сектордың ел экономикасы мен әлеуетіне де айтарлықтай үлесі зор. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Амандық Баталов  ауылшаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында «Облыс экономикасының драйвері агроөнеркәсіп кешені болып табылады» деген болатын. Өңір басшысы егістікті әртараптандыру шеңберінде қант қызылшасы  2000 гектарға,  жүгері 1453 гектарға,  жем-шөп дақылдары  1215 гектарға, көкөніс 707 гектарға алқаптары ұлғайтылғандығын жеткізген еді.

Десе де, жыл сайынғы қар астында қалатын қант қызылшасы мен жүгері, соя сынды дақылдардың шығыны шаш етектен. Шаруалардың айтуынша арнайы несиемен алынатын жаңа техникаға қойылатын кепілдеменің құны техника бағасына жетпейтіндігін алға тартып, шарасыздық танытады. Республика көлеміндегі ауылшаруашылығы өндірісінің кең ауқымда дамыту мүмкін болмай тұрғандығының себебі де осы. Аграрлы саланы жетілдіруге арналған банк несиелеріне қол жеткізу күрделі мәселеге айналды. Осылайша еліміздегі ауылшаруашылығына несие және инвестиция тартумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы.

Отандық аграрлы сектор саласын әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік мол.  Соны ескерсек,  бұл салада бағы темірге байланған техниканың ғана емес, озық интеллект иесі адам ресурсының, соның ішінде жас мамандардың күші де керек-ақ. Жыл сайын орта есеппен 5000-ға жуық түлек аталған мамандықты игергенімен, оның жартысы өз мамандығына сай келмейтін жұмыстарда жүр. Кейбірі тіпті жұмыссыз. «Аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы – қалалықтар, ал 70%-дан астамы – қыз балалар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық» – дейді Әли Бектаев. Қазақстан халқының басым бөлігінің әлеуметтік жағдайы ауыл аймақтарымен тығыз байланыста екені баршамызға мәлім. Солай бола тұра, қалалық жастарды айтпағанда, ауылда туып-өскен мамандардың өзі аграрлы салаға бет бұруға ынтасыз. Сондай-ақ, депутат ауылдық өңірлердегі мамандардың жалақысы мәз емес екендігін және әлеуметтік проблемалары көп екенін де атап өткен болатын. Ал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында  аграрлық оқу орындарынан ауылды жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберілген. Осы сауал төңірегінде Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасына хабарласып,  әкімшілік бөлімінің басшысы Күлімхан Шәкенқызымен тілдескен болатынбыз:

– Кадр тапшылығы мәселесі бар. Көбіне комбайншы, слесарь, дәнекерлеуші, мал дәрігері сынды мамандар жетіспейді. Әсіресе, агроном мен зоотехникке үлкен сұраныс туындап отыр. Министрліктен алдағы үш жылда қандай мамандар қажет етіледі деген сұрау келеді. Сол мәселе бойынша әр ауданнан ақпарат жинақтап, хаттың жауабын дайындау үстіндеміз. Ауылшаруашылығы саласында білім алу бойынша грант бөлінісі дұрыс жолға қойылмаған. Грант Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінеді, аграрлы сектордың білім грантын Ауылшаруашылығы министрлігіне табыстаса жақсы болар еді. Басқармада су шаруашылығы, мал, егін, тұқым шаруашылығы сынды бөлімдер бар. Осы секілді қызметтерге де кадр тапшылығы байқалып қалады, – дейді.

Мемлекет басшысы былтырғы жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  халыққа Жолдауында ауылшаруашылық саласын дамытып, жандандыра түсуге басымдық берген болатын. Облыс әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, жергілікті бюджеттен соңғы үш жыл ішінде 5,6 млрд теңге бөлініп, 26 сервистік орталық құрылған. 529 қарымды техника сатылып алынып, облыстағы сервистік дайындау орталықтарының жалпы саны 39-ға жеткен (техниканың саны – 942 дана).

Бүгінгі таңда ауыл жастарының әлемдік деңгейде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына кем тартылуы мәселеге айналды. Осы орайда үздік жобалардың бірі ретінде мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асқан «Болашақ» бағдарламасын атауға болады. Бағдарлама аясында 25 жылдың көлемінде 10400-ден астам жастар шетелдегі озық университеттерді тәмамдап, түрлі салаларда қызмет жасауда. Әрине, бұл мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі екендігіне шүбә келтірмейміз. Алайда, «болашақтықтардың» 21%-ы ғана – ауыл балалары. Ал ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша 102 түлек қана оқу бітірген, соның 16 стипендианты бүгінгі таңда білім алуда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: аграрлық сектор қарқынды дамуы үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада жұмыс істеуі керек. Тура мағынасында да, жанама мағынасында да «Екі қолға бір күрек ұстар» сәт туды. Сенатор Әли Бектаевтың сөзінше айтсақ, аграрлы салада еңбек етуге ниетті жастарға мүмкіндік жасау – жастар жылында атқарылған жұмыстардың ең нәтижелісі болар еді.

 

Д. Берекет.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды.

Оқи отырыңыз
post-image
Аймақ

ЖЕТІСУ ДИҚАНДАРЫ ШАРУАҒА КІРІСТІ

Жеті қат көктен құт қонып, жер қойнауын ырысқа толтырған Жетісу жерінде көктемгі науқандық егістік жұмыстар басталып кетті. Бүгінде жер игеріп отырған диқандар мен шаруа қожалығы иелерінің нағыз қарбалас шағы....
post-image
Аймақ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТАЛДЫҚОРFАНFА КЕЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен Талдықорған қаласына келді. Сапар барысында бірқатар өндірістік, әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, салтанат сарайына жиналған өңір жұртшылығымен, әр сала өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесті....
post-image
Мәдениет

АЙТЫСКЕР АҚЫНДАР ЖЕТІСУ ТӨРІНДЕ

Қазақтың қасиетті өнері – айтыс. Осы айтыста 30 жылдай жырын жырлап, елдің мұңын жетер жерге жеткізіп жүрген «Айтыстың аққуы» Айнұр Тұрсынбаева өз шығармашылық кешін наурыз айында елорда төрінде дүркіретіп...
post-image
Аймақ

КІТАПХАНА – ЗИЯТКЕРЛІК ДЕМАЛЫС ОРДАСЫ

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Әбіш Кекілбаев руханият ордасының бағасын берген еді. Иә, дәуірден дәуірге, ғасырдан ғасырға адамзаттың жылнамасын жеткізіп, парасаттылық пен білімділіктің ордасына...
post-image
Қоғам

ДАРАҚЫЛЫҚТЫҢ КІМГЕ КЕРЕГІ БАР?

Маусым айының соңында жүректері лүпілдеп жүрген түлектер тыныштала ма десеңіз, қателесесіз. Сауданың да қыж-қыж қайнап, бәсекелестіктің де шарықтау шегі осы тұсқа дөп келеді. Себебі, қолына аттестат алған жеткіншектер мектеп...
Тағы қарау