Тәңірден аян, батадан баян кетті ме?

0
1807

Қазақ халқы үшін сөзден асқан кие жоқ болар, сірә. Басына қара бұлт төніп, қайғы жамылса да жанына дауа болар – сөз, босағасынан бақыт еніп, шаңырағына шаттық орнаса да қуанышын еселей түсер – сөз. Сол сөзден туған ең бір асыл һәм бекзат мұра ол – бата. Қазақ пейілінің кеңдігіне таңдай қаққан В.Н. Васильев, ХІХ ғасырдың аяғында Сібір халықтары мен солтүстік өңір қазақтарының өмір-тіршілігін зерттеген этнограф-фольклорист ғалым: «Қазақ даласында болған адам сол халықтың батаға қандай ерекше назар аударғанын аңғарар еді» деп қайрандаған болатын. Алайда, бүгінгі қоғамдағы тақия киген талайлардың бата мен той төрінде айтылар «тосттың» аражігін ажырата алмай жүргені мына бізді ұялтады. Өзге бір ұлт өкілі батаның қасиетін бағамдап, қызыға да қызғана қараған баталы сөздің қадіріне жете алып жүрміз бе? Бүгінгі әңгімеміздің тұздығы мен тарқатар түйіні осы мәселенің төңірегінде болмақ.

 Бата дарыған батыр

Ел ішінде жақсылығымен танылып, абыройы артқан биден, баһадүр мен абыз ақсақалдан бата сұраудың еш әбестігі жоқ. Олар да батаның қадірін қашырып, бата сұрай келетін көлденең көк аттыға қол жайып бата бермеген. Адамның жүзінде жазылған болмыс-бітімін танып барып, көзінде нұры бар, көкірек көзінің жылты бар адамға береді деседі. Осыған дәлел ретінде Жидебай батырдың Қабанбай батырдан алған батасын атап өтуге болады. Бірде Жидебайдың Алмұрат есімді атасының ауылына Қабанбай батыр жолай соғып, қонақ болады. Сол түні таңға жақын Жидебай батыр түс көреді. Түсінде үлкен атасы Дос батыр: «Балам, орныңнан тұр. Қабанбай батырдан бата ал!» дейді. Жас бала орнынан ұшып түрегеліп, Алмұрат атасының үйіне жүгіре жетеді. Сөйтсе, Қабанбай батыр атына мініп, аттанғалы тұр екен. Жидебай Қабанбай батырдан бата сұрайды. Сонда Қабанбай батыр:

«Жарайсың балам, жарайсың,

Дос батырдай болғайсың.

Төрт түрлі алмағайыптың,

Басым етіп бердім біреуін,

Қадір тұтып алғайсың», – деп батасын береді.

Бұл батаға Алмұрат атасы қуанып: «Балам, Алла тілегіңе жеткізеді екен. Дос атаңдай батыр болады екенсің. Төрт алмағайып деген батырға тән қасиеттер: біріншісі – қайтпас жүрек, екіншісі – қажымас білек, үшіншісі – алдын болжай алатын ақыл, төртіншісі – айлалы тәсіл. Осы қасиеттердің бірі сенде басым болады екен», – деп түсіндіріпті. Сөйтіп ер жеткен соң Жидебай батырдың шешендігі мен билігі де артып, үлкен дәрежеге жетеді.

 

«Бата» сөзінің мәні неде?

«Бата» ұғымының түп-төркініне үңілер болсақ, этимологтар Құрандағы бірінші сүре «Фатиха» сүресінің атауымен байланыстырады. «Фатиха» сөзі араб тілінен «Басы, кіріспе, алғы сөзі» деген мағынаны білдіреді. Сүгір Жыраудың (Сүгір Бегендікұлы – ред.) термесінде:

«Қыздарым да бар еді,

Шай құйып та беріп-ей  атамның,

Батихасын-ай аламын деп,

Саусақтары да майысқан» деген жолдарындағы «Батиха» сөзі батаны меңзеп тұрғандығы және оның «Фатиха» сөзімен ұқсастығы да осы ойымызды тағы бір мақұлдай түседі. Бұл сүреде жаратушы мен оның елшісі Мұхаммедке мадақ сөз айтылады. Осыдан-ақ, қазақ халқының діні мен салтында бар игілік Аллаға құлшылық жасаудан, оны мадақтаудан басталатындығын тағы бір аңғаруға болады. Мәселен, «Әуелі Алла оңдасын, Қыдыр баба қолдасын!» деп басталатын бата түрлерін жиі кезіктіреміз. Немесе «Құдайым жарылқасын, Бақ қарасын, Қыдыр дарысын!» деген секілді бата сөздері бар. Бастаған ісіне жарылқау тілеген біздің халық құдай атымен басталған батаның қабыл боларына кәміл сенген. «Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Құдайға сенгеннің екі бүйірі шығады» деген сөз бекер айтылмағанын осыдан-ақ байқауға болады.

 

Жақсы сөз  – жарым ырыс

Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» атты кітабында автордың бас мүфти Ержан Қажы Малғажыұлымен құрған сұхбатында жақсы сөз айтуға қатысты тұшымды ойларды кезіктірдік. «Садақа тек ақшамен, дүниемен өлшенбейді. Адамдарға жағымды, жақсы сөз айту да садақа саналады» – дейді Ержан Қажы. Ұлы іс басталар алдында, жауға қарсы аттанарда, жолаушылап сапарға шығар алдында соңғы шешімін айту үшін сөз батагөйге беріледі. Егер батагөй қарт бата сұраушының жасамақ болған әрекетіне ризашылығын білдірсе, ақ батасын арнаған. Батаның мұндай түрі батырлар жырларындағы бас кейіпкерлердің жауға аттанар кезінде жиі көрініс береді. Қонақжай халқымыз дас-тархан басында бата беріп, құдайға шүкірлігін айтқан. Астан соң айтылған батада, үй егесінің қонақжайлылығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ қамтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен бата берген.

 

Теріс бата туралы не білеміз?

Ел арасында туған даудың немесе мәселенің бәтуалы сөзіне дүйім жұрттың бәрі бірдей тоқталғанда дау тудыру-шылардың ісі дұрыс немесе бұрысын көрсетіп оң немесе теріс бата беріледі. Батагөйдің болар істі дұрыс көрмеген сәтте беретін теріс бата – ел ішіндегі дәстүрді бұзып, ата салтын аттаған адамның іс әрекетін құптамаған кезде ел үлкендерінің қолын сыртына жайып оған қарғау, қолдамау мәндегі сөз айтқан. Осындай оқиғалар ел ішінде көп болғандықтан, халық теріс батаның киесінен қорқатын. Бұған дәлел болатын мысалдар заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында да кездеседі. Онда Құнанбайдың қос қолын созып, алақанын сырт қаратып теріс бата бергені айтылады. «Қыз Жібек» лирикалық эпосында Қыз Жібекті алып келемін деп Төлеген көктем шыға Сырлыбайдың ауылына бармақшы болады. Базарбай Төлегеннен: «Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?» – дейді. «Бір жыл күт, келесі жылға дейін Жібектің ауылына барма» дейді Базарбай. Әке сөзін іштей ұнатпаған Төлеген еш жауап қатпастан үйден шығып кетеді. Ақылын тыңдамай кеткен баласына режіген Базарбай «Менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Егер біреуің қошемет қылып соңынан ерсеңдер, мен тұзыма салып теріс батамды беремін» деген екен. Соңынан ешкім ермеген Төлеген Жібектің ауылына өзі жалғыз кетеді. Сол сапарда жол тосып жатқан қарақшы батыр Бекежанның қолынан мерт болады. Бұдан өзге де теріс бата жолында қасіретке ұшырап, өлім құшқан эпостық жырлар жетерлік. Мысалы, «Қалқаман-Мамыр» жырындағы қос ғашықтың өлімі мен Абай жолында Құнанбай Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратуы және Қодар мен келіні Қамқа үшін фәтуа сұратуын дәйек етуге болады.

 

Батадан баян кетті ме?

Дастарханы жиылмайтын қазақтың тойы мен «Ас та төк» торқалы жиынсыз күні өтпейді. Ас ішіліп, аяқ босатылып, ел тарқайтын кезде ас қайыру, яки дастарханға бата беру рәсіміне келіп тірелгенде бата орнына жадағай «тост» айтылғанда «Әумин» десіп, бетімізді не сипарымызды, не сипамасымызды білмей дағдарып қалып жүрміз. Мұндай жағдайлардың жиі кездесетіндігі соншалық, көре-көре көңіл құлазып, ести-ести еңсеміз езіліп болды. Батаның қазақ қоғамындағы негізі мәні, Құран аяттарынан алынған дұға-тілектердің ұйқасты өлең формасында жазылып, қазақыланған түрі деп тәпсірлесек, түсінікті болар. Ал, «тост» деп отырғанымыз, христиандық әдеп негізінде қалыптасқан тілек сөз дейді зерттеушілер. Негізінен бұл арақ-шарап құйылған ыдысты ұстап тұрып, көпшілікке тілек-сөз айту арқылы орындалатын дүние. Ал, осы тұста таным таразысына салып көрелікші, дінімізде арам деп танылған заттың дәмін алып, жақсылық тілеу ақылға қона ма?! Осыған қарап, аса бағалы әдет-ғұрпымыздың тонын айналдырып, оның бастапқы мәнін жою үшін жасалған отаршылдардың айла-тәсілі се-кілді. Бүгінгі қоғамда осы «тост» ұғымын өмір сүру дағдысына айналдыру арқылы жоғарыдағы қасиетті батаның бәсін әлсіретіп алдық. Нәтижесінде, бата мен «тостты» қойыртпақтап, құнды қазынамыздың қадірін, асыл мұрамыздың мәнін кетірген бір буын ұрпақ тәрбиеленіп шыға келді.

 

Жастарға бата

Әуелі құдай есендігін берсін,

Тосылмай сөйлер шешендігін берсін.

Атымтайдың пейілін берсін,

Алғыр жанның зейінін берсін.

Достың адалын берсін,

Ғалымның талабын берсін.

Байдың бақытын берсін,

Білімнің жақұтын берсін.

Ердің көңілін берсін,

Елдің сенімін берсін.

Мұқалмас жігерін берсін,

Құлатпас тірегін берсін.

Ең бастысы адам бол,

Қайда жүрсең де аман бол!

Сөз соңында

Бата дарып, бақ қонған талай тағдыр иесі бар. Бұрын ата-бабамыз «Түсімде аян берді» дегенді жиі айтып, жақсылық болса асыра айтып қуанып, жамандық болса жасыра жүріп, игілікке жоритын. Қазірде түсінде аян көрер жан азайды. Бәлкім, «Батасыз құл жарымастың» кебін киген елге де Тәңірден келер жақсы аян лайық болмай тұрған шығар?! Мақаламыздың тақырыбын «Тәңірден аян, батадан баян кетті ме?» деп қойғандығымыздың да сыры осында. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Д. ӘМІР.

 


ПІКІР ЖАЗУ