Ұлттық тәрбие – бала жанының қорегі

0
3275

Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген ұлағат бар. Ұрпақты құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған әрі тәрбие беру жолында еш аянып қалған емес. Яғни, сәбидің болашағы алған тәрбиесіне тікелей қатысты екенін ескеріп, оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық болған.

Өткен шақ немесе Бала бесігінен басталған өнеге

Жалпы «тәрбие» сөзінің түп төркініне келсек, араб тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Тәрбиені беру туралы әр қилы ойлар мен тұжырымдар көп.

Адамдықтың парызын перзен-тінің көкірегіне құйып, іс-әрекетін қадағалап отырған қазақ баласының санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Ұрпақ тәрбиесіне өте кірпияз қараған халқымыз дүниеге қыз келсін, ұл келсін, қуана қарсы алып, сүйіншілеп, ақ дас-тарханын жайған күнінен бастап, шілдехана, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет тойынан бастап, қыз бала мен ұл баланы келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған азаматтық жөн-жоралғылар жасау арқылы тәрбие берген. Батырлардың ерлік хикаяларымен, ертегі-аңыздармен сусындатып, жақсылыққа баулып, ата-тегі туралы әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін құлақтарына құйып отырған.

Ешқандай жоғарғы білімсіз-ақ тәрбие берудің небір оңтайлы әдістерін баласының бесігінен бастаған. Еңсесін түсірмеген. Басын төмендетпеген. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Тіпті, елден шыққан тентегіне де «Сен оңбассың, адам болмассың» дегенді бетіне айтып, тұқыртуды жөн көрмеген.

Осы қасиеттердің барлы-ғын бала санасына ертеден құя білген қазақ халқы он бестегі ұланына ел басқартқан. Және «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген халық дана-лығын басшылыққа ала отырып, тумысынан сұңғыла, алғыр, би болуға талпынған өрімдей жастың бетін қағып, тілін байламаған. Керісінше, «Қой асығы демеңіз, қолына жақса сақа ғой, атасы бөлек демеңіз, ақылы асса дана ғой» деп билер жас балаларды билік ісіне ерте кезден-ақ араластыруға батасын берген.

Қазақтың билер тарихына көз жүгіртсек, Төле 9 жасынан бастап билер шешетін соттық істерге араласып, 15 жасында атақты би атанды. Ол кезінде 90 жастағы дана қария Жетес бидің, 100 жастағы атақты би Әнет бабаның батасын алған. «Жас та болса, бас болғандардың» қатарының көп болуы да айналып келгенде ұтымды тәрбиеге негізделген.

Осы шақ немесе Баланы дұрыс тәрбиелеуге кім кедергі?

Бала шыбық тәрізді, қайдан жарық шықса, соған қарай бұрылып өседі. Сондықтан «әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Адам өзінде жоқ нәрсені даладан іздейді. Егер сол отбасынан үйренетіндей ештеңе таба алмаса баланың көше тәрбиесіне бой алдырып кетуі оңай-ақ.

Бүгінде бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні сияқты ұлттық құндылықтарымызды жоғалтудың аз-ақ алдында тұрмыз. Отбасы өнегесі төмендеп, қазақ ұлтының жан-дүниесі өзгеріске ұшырады. Бар құндылықтарымызды ескермеу, мәдениеттің негізін бөлшектеу – жастардың арасындағы діннен безу, тілін қастерлемеу, ұлттық әдепті білмеу сынды жағымсыз жайттардың белең алуына алып келді.

Балалар әке наннан ауыз тигеннен соң тамақтануға кірісіп, әкелерінің ас қайыруынан соң ғана орындарынан тұрса, қазір әкесіз тамақты бастау, ерте тұрып кету сынды жайттар қалыпты жағдайға айналды. Тасыр мінез, кеселді сөзге үйір болу, кісі бетіне, әсіресе, ер адамдардың бетіне тіке қарау, үлкен адамдарға жол бермеу, сөз қайтару, қоғамдық көлікте орын бермеу сынды қылықтар – тәрбиенің кері кеткенін көрсетеді.

Бұрын баланы бүкіл ауылы, руы болып тәрбиелесе, қазір ата мен әженің рөлі төмендеген. Тәрбиеге келгенде көненің үрдісінің жұрнағы да қалмаған. Шынтуайтында, Абайды тәрбиелеген Зере, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиелері сынды өнеге жоғалды.  Бұл – ауылда болсын, қалада болсын байқалып жатқан соңғы құбылыс. Алдына отырғызып, еркелете ертегісін айтып, жетектеп жүргенін әжелер аз. Ал барының кейде (әсіресе, қалалық жерде) қасынан өтіп бара жатып немересімен орысша шүлдірлесіп бара жатқанын көріп, налисың.

Күншығыс елінде Жапон халқы бала тәрбиесін басты орынға қояды, балабақша немесе бала күтушілердің көмегіне жүгінбейді. Ал біздегі әркім өзінің жан тыныштығын ойлайтын жұмыс-басты қоғамда баланы шал мен кемпірдің бауырына бастық деп алып, тентегінен «тексіз» қылық көре қалса бар кінәні «шал мен кемпірдің» тәрбиесіне арта салатындарды көріп-ақ жүрміз.

Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» романында: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларға әжелері, не шешелері ертегі айтып бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса деп қорқамын» деп толғанғаны да осыдан.

Бала тәрбиесінің күрт төмен-деуінің басты себептердің бірі ретінде пайдалы ақпаратпен қатар зиянды ақпаратты да қамтыған ғаламтордың қолжетімділігін айтуға болады. Теледидар мен ғаламтор – баланың бүгінгі тәрбиешісі  айналды. Ақ пен қараны айыра алмайтын жасөспірімдердің теледидар мен ғаламторға таңылып, зиянды ақпаратты еш сүзгіден өткізбей қабылдауы баланың дүниетанымына, психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізуде.

Қай баланы алып қарасаң да «Фиксики», «Винкс», «Человек паук», «Спондж боб» деп батыстан келген мультфильмдерді тамашалап, жаңа жылда (онда да жыл басы – Наурызда емес) сол мультфильм кейіпкерлері болып киініп, үлгі тұтады. Шындап келгенде, баланы кінәлауға қақымыз да жоқ қой. Өйткені, өзіміздің төл дүниелерімізді насихаттап, патриоттық сезімін оятуға әлі де енжарлық танытып отырған жоқпыз ба?

Соңғы кездері қоғамда жастар арасындағы суицидтің артуы, балаларын далаға тастауы, өлімге қиюы, өзін мәпелеп өсірген ата-анасына қарсы шығуы секілді небір азғындық әрекеттердің көбеюі бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі құрдымға кеткенін көрсетіп отыр. Сонда қисық өскен тал-шыбықты кім тезге салып түзетеді?!

Сөз соңы немесе Дала академиктерінің ізімен…

Ұлттық тәрбиенің құдіретін қанша айтсақ та, түгел айту мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. М. Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», – дегені де осыдан.

Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасаған біздің халқымыздың тәрбиесінің құлдырауына не кедергі? Сылтауымыз жетіп артылады. Иә, бодандықтың әсері дедік. Иә, революцияның әсері дедік. Иә, азаттықтың алғашқы жылдары дедік. Сыныққа сылтау іздеп жүргенде тәрбие құлдырап кетті. Тіпті, әлемде теңдесі жоқ тәрбиесі бар ұлтымыздың дәстүрін насихаттап, өзге елге жалпақтауға тоқтатау салатын уақыт өтіп кеткен жоқ па дейсің.

Ел басқарған, жол бастаған батыр да дана азаматтарымыздың өнегелі істерін бүгінгі күні қалай қолданамыз? «Қызға қырық үйден тыйым» салған, ауылдың көркі, береке-бірлік пен татулықтың ұйытқысы» болған Айша Бибі, Баба әже, Домалақ Ана, Қызай ана, Абақ, Мұрын сынды аналардың ұлағатты істерін қалай жалғастыруға болады? Осы сұрақтарға жауап іздеу арқылы төмендегі ой көкейге ұялайды

«Не ексең, соны орасың» дегендей, өз ұлтын, отбасын, жерін, елін сүйіп өсер азамат болып тәрбиеленуі үшін, бала өз ана тіліндегі балабақшаға бару қажет. Ойнайтын ойыншықтары ұлттық сипатта болу керек. Кез келген ата-ана баласына үй тәрбиесінде ұлттық құндылықтармен, даналықпен, дәстүрмен сусындатқаны жөн. Әрі осы айтылғандардың ең бастысы, тәрбиені сөзбен емес, іспен көрсету болмақ.

Оннан асысымен қозы жасына, отау иесі делінетін қой жасына, белі бекіп, қабырғасы қатқан кемел кезі – жылқы жасына сай баласын ерекше тәрбиелеген бабаларымыздың үлгілі тәрбие беру жолындағы ізгі істерін тауысып айта алмаспыз. «Ер баланы алты жасқа дейін хандай көтер, сыйла. Алты жастан он алты жасқа дейін құлша жұмса. Он алты жасқа толғасын досыңдай сырлас, сыйлас» деген тәмсілдің өзі түсінген кісіге үлкен ой саларлық сөз…

Айтылғандарға зер салыңызшы, балаға дұрыс тәрбие берудің соншалықты қиындығы жоқ. Оңай деуімізге не себеп? Себебі, салған сара жол, дұрыс із бар. Бар болғаны: Дала академиктерінің заңына бас иіп, қажетіне жарату.

Баланы ана құрсағында жатқанда тәрбиелемесең кешігесің дейтін елдің бүгінгі бет-бейнесі кері құбылды десек те, айналып келгенде ештен кеш жақсы емес пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ