Атаулы әлеуметтік көмек: Алматы облысынан 2712 өтініш түсті

0
968

Биылғы жылы 1 сәуірден бастап Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру аясында жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды қабылдау басталды. АӘК тағайындау туралы өтініштер әр өңірде жұмыспен қамту орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ, ауылдық әкімдіктерде қабылданады. Естеріңізге сала кетейік, өтініш беру үшін белгілі жағдайларға байланысты үйден шығатын мүмкіндік болмаса, нотариус арқылы бекітілген сенімхатпен көмекке жүгінуші ананың жақындары баруға болады. Мамандардың айтуынша, өтініш беру үшін тек жеке куәлікті алып бару жеткілікті. Орталық қызметкерлері «Е-халық» бірыңғай базасы арқылы өтініш иесі туралы мәліметтерді шығарып алады. Базада сіз туралы мәліметтер жоқ болса, қызметкерлер мемлекеттік органдарға сұрау салып, құжаттарды өздері жинайды. «Бірінші күні атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңес алуға 18 137 адам жүгінген, оның ішінде 11 220 адам тиісті өтініш берді. Өтініш білдіргендердің басым бөлігі Алматы облысында — 2712, Қарағанды облысында — 2086, Түркістан облысында — 1800 тіркелді. Адамдар ең аз жүгінген Маңғыстау облысында — 70 адам», — делінген хабарламада. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар 40 805 отбасының тіркелген деректерін жаңартып, оларға бұрынсоңды тағайындалған АӘК қайта есептеу жүргізбек. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері АӘК тағайындау және төлеу бойынша кеңес беруге еліміздің әр аймақтарына барды. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі АӘК жүгінген айдан бастап тағайындалатынын және өтініш беру уақытына тәуелді емес екенін айтады. Еске сала кетсек, Қазақстанда биыл 1 сәуірден бастап АӘК көрсету өлшемі күнкөріс шамасынан 50 пайыздан 70 пайызға дейін өсіп, 20 789 теңге болды. Ал жәрдемақы алушылар саны 571,6 мың адамнан 830 мың адамға дейін өседі. Осы ретте, егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңге болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 теңге төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек – оның ішінде көпбалалы отбасыларға қаржылай көмек берумен ғана шектелмейді. Аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтамасыз етуге көмектесу жағы да қарастырылған. Өтінішті қабылдап алған күннен кейін сол отбасының тұрмыстық жағдайын анықтау үшін арнайы комиссия жіберіледі. Өтініш иесі ұсынған мәліметтің қаншалықты рас екенін анықталады. Ел ішінде сөз болған «Үйдегі әрбір мүліктің бағасы мен сапасы, ішіп-жеп отырған тамағына дейін комиссия тексереді» деген сыбыс – жалған. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі Светлана Жақыпова да жергілікті атқарушы орган отбасының жеке шаруашылығын есепке алатынын айтқан еді. Әкімдіктердің атаулы әлеуметтік көмекке зәру адамдарды есепке алғанда қорасындағы малын да есептейтіні рас. Алайда, ол малдың жем-шөп, шығындары ескерілмек. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің (26 915 теңге) 70%-ы немесе 20 789 теңге әрбір балаға беріледі. Мынандай ай сайынғы төлемдер табыс көзі ретінде есепке алынады: Бала күтіміне байланысты алатын жәрдемақы; Мүгедек баланың күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы; Күйеуі қайтыс болғаны үшін тағайындалатын жәрдемақы; Зейнетақы; Жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс және тағы да басқалары. Тиісінше, мынадай табыс көздері есепке алынбайды: Біріншіден, төрт және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы; Екіншіден, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы; Үшіншіден, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы; Төртіншіден, студенттердің шәкіртақысы; Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдар беретін біржолғы төлемдер: бала тууына байланысты бір реттік берілетін төлем, мерекелерге төленетін жәрдемақы. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша кеңестер алу үшін бірыңғай байланыс орталығының «111» тегін нөміріне хабарласуға болады.

Д.ӘМІР.

Кілтсөздер:КӨМЕКҚОҒАМ


ПІКІР ЖАЗУ