«Антикор орталығы» ашылды

0
2276

Алматы облысында «Antikor ortalygy» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервис орталығы ашылды. Бұл орталық ҚР Сыбайлас жемқорыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жанындағы Open Space форматында жұмыс атқарады.Нысанның ашылуына облыс әкімі А.Баталов қатысып, мекеме жұмысымен танысты.

     Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында аталмыш орталықтарды  ашу ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевтың ұсынысы болатын.    

     Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Е.Мақажановтың айтуынша орталықта қызмет атқаратын мамандардың барлығы азаматтардың өтініштерін тыңдап, кеңес беру мен заң шеңберіндегі мәселелерді шешуге жәрдемдесу жұмыстарын жүргізеді.

     «Антикор орталығын ашудағы басты мақсат – халыққа жақындығымызды, ашықтығымызды білдіру. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерді парасаттылыққа, сенімділік пен әділеттілікке шақыру. Өздеріңізге белгілі, бізде көптеген жоба  жүзеге асырылған болатын. Соның бірі – «Жетісу – адалдық алаңы». Алдағы уақытта да осы жоба негізінде мемлекеттік қызметшілермен бірлікте халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқаратын боламыз», – деді департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

      Барлық талапқа  сай және жаңа форматта жасақталған орталықта келушілер үшін барынша жағдай қарастырылған. Мәселен, әр келуші арнайы консультациялық орталықтан өзіне қажет мағлұматтармен таныса алады. Ал, конференц-залда апта сайын БАҚ өкілдері үшін брифингтер, онлай-конференциялар мен тікелей эфирлер өткізілетін болады. Сонымен бірге, мұнда күту залы мен балалар үшін ойын бұрыштары да бар.

Л. КӘЛІМХАН.

 

Кілтсөздер:ЖЕМҚОРЛЫҚ


ПІКІР ЖАЗУ